Пікір алмасылып, ұсыныстар айтылды

«Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен жер мәселесіне арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Аталмыш шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова, жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыс тұрғындары қатысты.
Дөңгелек үстелді облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Марат Жұмабеков ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған Меруерт Қазбекова жер реформасының бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отырғандығын, осы бағытта елімізде елеулі жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етсе, Нартай Ысқақов Елбасы тапсырмасына сәйкес комиссия мүшелерінің Астанадағы 4 отырысы мен Ақмола, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстарында жергілікті тұрғындармен өткізілген кездесулердің нәтижелері мен ұсыныстары ескеріліп, сондай-ақ, жер реформасы бойынша бастамашыл азаматтармен талқылау жүргізуде қойылған сұрақтар мен ұсыныстардың назарға алынып, осыған орай бірқатар шешімдер қабылданғандығы жайлы айтып өтті.
Жарыссөзге қатысқан Көкшетау қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Рауан Исин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, ауыл шаруашылығының құрметті қызметкері Қазбек Асқаровтар жер мәселесіне қатысты өз ойларын ортаға салса, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов кез келген мемлекетте жер және тіл мәселесі ең бірінші кезекте тұруы қажеттігін, оларға қатысты заңдар жерге қаққан қазықтай шегеленіп, бекітілуі керек екендігін баса айтты. Ал, Зеренді ауданына қарасты Жамантұз ауылынан келген Асылбай Сейітқасымов пен Амангелді Ахметжанов ақсақалдар жерді сатпау керектігі жөнінде өз уәждерін білдірді.
Шара соңында жер мәселесіне қатысты тағы да бірқатар сауалдар қойылып, оларға толыққанды жауаптар алынды.

Жанат СӘБИТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар