Алға ұмтылған аршалы

Облыстағы ең іргелі аудандардың бірі десек қателеспейтін шығармыз. Оның айғағы ретінде аталмыш ауданның біршама жақсы дамып келе жатқан   әлеуметтік-экономикалық ахуалын айтуға болады. Сондай-ақ, ауданның Елордамыз  – Астанаға жақын орналасуы да қосымша жауапкершілік туындататыны белгілі. Нақтырақ айтсақ, Астана айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыруға аршалылықтардың қосар үлесі қомақты болуға тиіс.

Енді нақты деректерге келер болсақ, аудандағы 12 селолық және 1 поселкелік округте барлығы 27497 адам тұрады. Өнеркәсіп, оның ішінде жол құрылысына қажетті материалдар шығару, егіс және мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жақсы дамыған деуге болады.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында ауданда 7714,1 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылған екен. Бір атап өтерлігі, бұл өткен жылға қарағанда 139,4 пайызды құрайды. Яғни, өткен жылдың осынша кезеңімен салыстырғанда жұмыс жандана түскен деуге негіз бар. Бұл арада негізгі жұмыстарды атқаратын «Қазшпал» акционерлік қоғамы мен «Аркада Индастри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екендігі мәлім. Мәселен, «Қазшпал» акционерлік қоғамы биылғы қаңтар-маусым айларында барлығы 785,2 миллион теңгенің өнімін өндірсе, бұл өнім көлемінің өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе көбейгендігін көрсетеді. Кәсіпорында  31,2 мың тонна жиналмалы темірбетон шығарылған. Бұл да өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 1,6 есе көп. Рас, «Аркада Индастри» серіктестігінде өнім өндіру өткен жылға қарағанда 29,8 пайызға кеміп кеткен. Бұған негізінен өнімге деген сұраныстың азайып кетуі себеп болып отыр.
Аудан экономикасын алға бастырудың бір тетігі индустриалды-инновациялық жобаларды іске асыру екендігі мәлім. Бұл тұрғыда 2016 жылы екі жоба мақұлданған. Мәселен,   «LK-KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 4 миллион кірпіш шығаратын болса, жоба аясында оның мүмкіндігін 12 миллионға дейін молайту қолға алынған. Жобаның құны 100 миллион теңге. Оған кәсіпорынның өз қаржысы жұмылдырылады. Волгодон селолық округіндегі бұл кәсіпорынды кеңейту жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр-қараша айлары арасында жүзеге асырылмақшы. Яғни, жоба толық іске асырылса аудандық бюджетке де құйылар қаржы біршама көбеймек. Ол өз кезегінде әлеуметтік мәселелерді оң шешуге ықпал етеді. Енді осыған Жібек жолы ауылында жүзеге асырылуға тиіс тағы бір жобаны қосу керек. Мұнда «ДС-Гранит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атты өндірістік комбинат салынуда. Аталмыш жоба үстіміздегі жылдың мамыр айында қолға алынса, жыл аяғына дейін іске қосылады. Бұл кәсіпорын бүгінгі күні үлкен сұранысқа ие құрылысқа қажетті материалдар шығаратын болады.
Аршалы ауданы да облысымыздағы ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өндіретін аудандар қатарына жатады. Цифрлар тіліне жүгінетін болсақ, бұл салада биылғы жылдың басынан бері барлығы 3521,9 миллион теңгенің өнімі өндірілген екен. Бұл да өткен жылдың осынша кезеңімен салыстырғанда 52,9 пайызға артық. Сондай-ақ, ауданда мал шаруашылығында да ауыз толтырып айтар мәселелер баршылық. Мәселен, жыл басынан бері аудан шаруашылықтары (жекеменшік иелерін қоса есептегенде) 1932,0 тонна ет өндірсе, бұл да өткен жылға қарағанда біршама жоғары көрсеткіш. Сүт, жұмыртқа өндіруде де көрсеткіштер арта түскендігі қуантады. Енді осыған аудан шаруашылықтарында  ірі қара мал саны өткен жылғы деңгейде қалғанымен, қой-ешкі, жылқы, құс санының өскендігі аудан әлеуетінің жоғары деңгейде екендігін байқатса керек.
 Әрине, аудан экономикасын алға бастырудың негізгі тетіктерінің бірі – инвестиция тарту екендігі белгілі. Бұл орайда мұнда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7565,9 миллион теңгені құрайды екен. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық.  Оның ішінде әрине, республикалық және жергілікті бюджет қаржысымен қатар, кәсіпорындар мен жекелеген кәсіпкерлердің қаржылары да бар.
Ал енді, құрылыс мәселесіне келетін болсақ, ауданда 2016 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында  14459 шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілсе, оның 7732 шаршы метрі тұрғындардың жеке қаржылары есебінен салынған. Ал, аудандағы жалпы құрылыс жұмыстарына келетін болсақ, барлығы 4036,4 миллион теңгенің жұмыстары атқарылған. Бұл да өткен жылға қарағанда 63,8 пайыз өсімді көрсетеді.
Бүгінгі таңда ең маңызды мәселелердің бірі – тұрғындардың өмір сүрулеріне мейлінше қолайлы жағдай тудыру екендігі ақиқат. Яғни, инфрақұрылымды жетілдіре түсуге баса назар аудару қажет. Бұл тұрғыда  облыстық бюджеттен Аршалы кентіндегі кәріз жүйесін қайта жөндеуге қаржы бөлінген. Жалпы бұл жобаның құны 760,6 миллион теңге болса, 2016 жылға дейін 705,3 миллион теңге жұмсалған екен. Ал, үстіміздегі жылы 56,942 миллион
теңге қарастырылса, оның 16,9 миллионы игерілді. Сондай-ақ, 16 пәтерлі тұрғын үй салу үшін келісім-шартта көрсетілген 141,8 миллион теңгенің 2016 жылы 111,8 миллион теңгесі игерілген. Осылайша үстіміздегі жылдың наурыз айында аталмыш үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Аршалы-Ижевск жолын, Аршалы кентіндегі көшелерді жөндеуге де арнайы қаржы қарастырылған. Жалпы, жол жөндеу тұрғысында ауданда тағы да бірнеше келісім-шарттар  жасалған екен. Осының бәрі жүзеге асырылса, инфрақұрылымды жақсарта түсуде біраз істің беті қайтарылады деуге болады.
Әрине, ауданның экономикасының қаншалықты қарқынды дамып келе жатқандығына ондағы әлеуметік саланың қай деңгейде екендігіне қарап бағалаған жөн болар.
Еңбекке жарамды тұрғындар еңбек нарығындағы басты индикатор екендігі айқын. Ауданда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар 17 мың адам болса, оның 16,3 мыңы жұмыспен қамтылған. Яғни, шамамен жеті жүздей адам жұмыссыз деген сөз. Жалпы, жұмыссыз ретінде еңбекке жарамды тұрғындардың 0,3 па-
йызы тіркелген екен. Осы уақытқа дейін жұмыспен қамту орталығына 334 адам өтініш берсе, олардың 272-і жұмысқа орналастырылыпты. 2016 жылдың
1 шілдесіне дейін орталықта жұмыссыз 52 адам тіркеуде тұр. Сондай-ақ, 104 адам қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылған. Ол үшін 5541,0 теңге игерілді.
Бүгінге дейін ауданда аз қамтылған, яғни, кедейлік деңгейде өмір сүретін (7550 теңгеге)  41 адам  бар. Бұл өткен жылға қарағанда біршама аз. Олардың бәріне бюджет қаржысы есебінен барлығы 475,5 мың теңге көмек көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, әр адамға 11,6 теңгеден жәрдем берілген.
Сондай-ақ, жұмыспен қамту бағдарламасы аясында барлығы 9685,0 мың теңге бөлінген. Оның ішінде жастар тәжірибесі бойынша 15 адамға  3436,0 мың, әлеуметтік жұмыс орындарына 22 адам орналасып, оған 4862,0 мың және кәсіби дайындыққа 6 адам жіберіліп, оған да 1387,0 мың теңге қарастырылған.  Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлікті дамыту және селоларды дамыту» бағыты бойынша 8 адамға шағын несие берілген.  Міне, осындай шаралар ауданда жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Ал, аудандағы орташа жалақыға келетін болсақ, 2015 жылға қарағанда үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 14,6 пайызға көбейіп, 81703 теңгені құрады. Рас, бұл облыстағы орташа жалақы мөлшерінен аздау. Дегенмен, алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі деген үміт бар.
Міне, Аршалы ауданындағы әлеуметтік-экономикалық ахуал осындай. Көрсеткіштеріне көз салсақ, өткен жылға қарағанда біраз алға басушылық байқалады. Рас, олқы түсіп жатқан жайлар да аз емес. Дегенмен, ауданда қолға алынған істердің жүзеге асырылуларына қарап жағдай жақсара түсуге тиіс деген ой түюге болады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар