Абылай хан алаңы

«Абылайлап» атқа қонып, алты алаштың азаттығы, отбасының амандығы үшін ата жаумен айқасып өткен Абылай ханның Бурабайда 48 жыл орда тіккені белгілі. Бар өмірін елінің, жерінің азаттығы үшін күреспен өткізген Абылай ханның аңсаған арманы орындалып, бүгінде еліміз тәуелсіз мемлекет болды.  1991 жылы Абылай хан алаңына ұстын орнатылып, «Абылай хан» экспозициялық кешенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын.

Үш жүздің басын қосқан Абылайды ақ киізге отырғызып, хан сайлаған Көкшетау топырағын мекендеген атығай-қарауылдың елі еді. Ол туралы ақын Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында «Ту баста Абылайды хан көтерген, қамқоры Қарауылдың шешен Қанай» дейтіні бар. Абылай хан жанына игі жақсыларды жинап, үш жүздің басын қосып, ел басына төнген қауіп-қатерді ақылмен де, айламен де, ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен де тойтара білді. Абылай хан туралы аңыз-әңгіме, қисса-дастандардың көптігі де содан шығар. Ал, оның шөбересі, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов «Абылай дәуірі – қазақ халқының алтын ғасыры» деп бағалаған болатын.  
Сол бабамыздың 48 жыл хандық құрып, орда тіккен Бурабайда сырттан келген әрбір мейманға мақтанышпен көрсететін жерлер баршылық. Солардың бірі – Абылай хан алаңы. Көкшетаудың етегіндегі көк қарағай, ақ қайың қоршаған шағын алаңқайда Абылай хан үш жүздің батыр-билерін жиып, елдік маңызы бар мәселелерді шешкені тарихтан мәлім. Ал, алаңның жоғарғы жағының орманға кірер тұсында «Хан тағы» деген тас бар. Оны бүгін адам аяғы баспас үшін темір қоршаумен қоршап қойған. Кешегі өмір бойы ұстасып келген қалмақты жеңіп, қаптаған қара қытай, ормандай қалың орысқа есесін жібермей, елінің амандығы, жерінің тұтастығы үшін арпалысып өткен бабамызға тақ болған осы тасты жұрт кие тұтып, қастерлейді. Абылайдың көзіндей көреді.
Абылай хан алаңына байланысты тарихшылардан сұрап көрген едік. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бибігүл Бейсенбайқызының айтуынша, Абылай ханның екі алаңы болған екен. Біреуі үлкен алаң болса, екіншісі, біз көріп жүрген кіші алаң. Ол туралы өлкетанушы Қарта Қаңтарбаев Бурабай ауданының тарихын зерттеп, шежіреші қариялардан естіп-білгенін бүгінгі күнге жеткізуші Әмина Тұрсынбаеваның сөзіне сүйеніп жазып кеткен. XVIII ғасырдың ортасында қазіргі Абылай хан алаңында үш жүздің билері мен игі жақсылары құрылтай өткізіп, Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Сонда Абылай тұрып «Тақта өздеріңіз болыңыздар, мен өзімнің сарбаздарыма барамын. Ал, мынадай табиғаты көркем жер тек қана ойын-сауық өткізетін орын екен» дейді. Ал, ханның үлкен алаңы «Ханның қызыл ағашы» деген жерде.  
Бүгінгі Абылай ханның кіші алаңы жер-жерден келген туристердің көп жиналатын орны. Бұл алаңның ортасында биіктігі 37 метрлік ұстын тұр. Оны ақ мәрмәрдан қарағандылық суретші Ерлан Айтуаров бастаған сәулетшілер салыпты. Ал, 2009 жылы «Абылай хан ордасы» экспозициялық кешені ашылды. Бұл үлкен мұражай болмаса да, келіп-кетуші меймандарға Абылай хан дәуірі туралы біраз мәліметтер береді. Бұл жерге жылына бір миллионға жуық адам келеді екен.
Ордаға кіреберісте Батыр Баян мен Қожаберген жыраудың айбынды ескерткіштері айбар беріп тұр. Ал, табалдырықтан аттай сала, алдыңнан күлімдей шығып  күтіп алатын қыздар, осы өлкенің тарихы, қазақтың салт-дәстүрі, тұрмысы мен тіршілігі туралы баяндайды. Олар Абылай ханның жүріп өткен жолын, жорықтары мен батырлары, жыраулары, жауынгер серіктері туралы айтып, тарихты жаңғыртқандай болып, кеудеңе мақтаныш орнатады.
Абылай хан алаңында келушілердің көптігі осы маңайда тұратын жергілікті халықтың табыс көзіне айналған. Жол түсіп бара қалсаңыз, ұлттық киім киіп, қолдан жасалған хан тағына отырып, батырлардың сауытын киіп, қару-жарағын асынып естелік суретке түсе аласыз. Сонымен қатар, әр рудың таңбасы мен атын жазып,  күміс бақырлар дайындап беретін ұсталармен суретке түсу үшін көк патшасы қырандарын ұстаған адамдарды кездестіресіз. Бәрі де ақылы. Тіпті, осы маңайдың орман қорғаушылары ма, әлде өрт сөндірушілер ме, әйтеуір, әскери киінген екі салт атты жігіт те, күн астында босқа тұрмай, келген-кеткендердің мың теңгесін қағып алып, атқа мінгізіп жүр. Сондай-ақ, кәдесый сататын сатушылардың да саудасы қызу жүріп жатыр. Әсіресе, алыс-жақын шетелден келушілер көрікті өлкеден естелік болатын осы кәдесыйларды көптеп алатын көрінеді.
Ала жаздай тірлігі қайнап жататын Бурабайдың бауырындағы Абылай хан алаңы тәуелсіздіктің арқасында пайда болған тарихи орын. Еліміз еркіндік алмаса, барымызды бүкпей басқаларға көрсете алар ма едік?! Осындай тарихи орындарды көргенде кез-келген азаматтың бойында отансүйгіштік сезімі оянып, рухтана түсері анық.

Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар