Жыр-шашу

Есенгелді Сүйіновтың есімі республика көлемінде қаламы жүйрік журналист, ақын, публицист ретінде жақсы таныс. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. ҚР  Мәдениет қайраткері, Ресей Федерациясы Халықаралық Психология ғылымдары Академиясының құрметті академигі, ҚР Ақпарат саласының үздігі.  Өлеңдері  «Тың тынысы», «Мерейлі мекен» ұжымдық жинақтарына енген. «Күңгіртау құпиясы, «Менің елім, менің жерім», «Мақпалды күндер», «Арайлы таң» кітаптары шықты.  Бірқатар облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, соның ішінде биыл маусым айында өткен «Астана – Азаттық аясында» атты  республикалық  мүшәйраның арнайы сыйлығын жеңіп алды.   Қазір «Есіл» республикалық газетінің бас редакторы болып жұмыс істейді.  Есенгелді ежелгі Көкше жерінде туып-өскен. Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебін бітірген. Біз бүгін оқырмандар назарына ақынның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.

 

Көкшетау

Талай жыл мен өзіңнен  жырақтадым,
Сағынып оңашада жылап та алдым.
О, Көкше, сұлу Көкше, сері Көкше,
Мекені айдын көлдің, бұлақтардың.

Тіршілік. Күйбің жұмыс… алыстадым,
Алға оздым. Қатарымнан қалыспадым.
Ұшырдың қияларға тәрбиелеп,
Айтатын көп қой саған алғыстарым.

Нәр бердің, қуат бердің жас жаныма,
Көгершін ұшып шықты аспанымда.
Бір саған дүниеде жер жетпейді,
Өзіңді арқау етем дастаныма.

*   *   *
Көкшетауым, сағынышым сарғайған,
Сәлем жолдап жаттым әркез шалғайдан.
Жүрегімнің төріндесің туған жер,
Арамызды шырқалатын жалғайды ән.

О, Көкшетау, мақтанарлық ат қандай,
Келбетіңе адам таңдай қаққандай.
Жұмақтайсың, саған еш ел тең келмес,
Сұлусың ғой, қалай тұрам шаттанбай?!

Оқжетпесің жігер отын жаққандай,
Айнакөлмен шабыт тулап жатқандай.
Биік таулар сәлде киіп басына,
Ақ қайыңдар мұздан шолпы таққандай.

Ақ бидайдан алқа таққан кербезім,
Жан дүниемді тал бесікпен тербедің.
Аспандағы Темірқазық секілді,
Жұлдызымсың жалт-жұлт еткен сен менің.

Қалай жүрем Көкшетауым сағынбай,
Көрінесің алыс кетсем сағымдай.
Шалғыныңа тисе ашық табаным,
Рахаттанып, табатындай жаным жай.

Бурабай

Көркіңе ешбір теңеу таба алмаймын,
Кете алмай құшағыңнан, қарайлаймын.
Арудай  көз тоймайтын, сылаңдаған,
Жұмағы қазағымның – Бурабайым.

Жырлауға тілім менің жетер ме екен,
Суың бал ішкенімде, шекер екен.
Өзіңе сұлу қыздай ынтық болдым,
Сәкенді  тәнті қылған көркем мекен.

Жанымды нұрға бөлеп, тебіренткен,
Жүректі жұпарымен елжіреткен.
Бурабай, ғашықтардың бесігісің,
Аймалап, самалыңмен өпші беттен.

Оқжетпес

Шыға алмаймын биік сенің басыңа,
Көз тігемін қатпар-қатпар тасыңа.
Көздеп мерген шеберлікпен атса да,
Оқ жетпейді шоқтығыңа расында.
 
Ен далада бас көтерген асқағым,
Халқымызды алға қарай бастадың.
Барлығынан биіксің сен тұлғаңмен,
Мен қайтейін биіктігін басқаның.

Атың өшпей шежіреден, сызылмай,
Ғасырларда быт-шыт болып бұзылмай.
Мызғымастан  ұзақ жасап келесің,
Тұра берші тәңірімнің шыңындай.

Туған жердің өсірдің ғой мерейін,
Саған жырдан тарту арнап берейін.
Оқжетпесім, биіктікке жетеле,
Мен өзіңе қаймықпастан ерейін.

Бөлектау басында

Жерортадан ауған мынау жасымда,
Тұрмын міне, Бөлектаудың басында.
Дейтіндей ол: «Сәл биікке шықтым деп,
Кеуде керіп, дандайсыма, тасыма».

Қараша айы. Таудың үстін қар басқан,
Тарих ізін көргендеймін әр тастан.
Табиғаттың заңы солай бұлжымас,
Түкті кілем ақ көрпемен алмасқан.

Бөлектауға кімдер, сірә, шықпаған,
Батыр, билер жауларынан ықпаған.
Бай, болыстар төбесінде сайрандап,
Мәз болды ғой, таудың сырын ұқпаған.

Таудың үсті. Көрінеді маңайың,
Жұмбақтасқа, Оқжетпеске қараймын.
Қарағайлар зәулім көкке ұмтылып,
Төңіректі  аймалайды арай күн.

Бөлектаудың айналасы құз-қия,
Дем бергендей көңіліме жыр құя.
Жаратылған ерекше боп, бөлек боп,
Қойнауында тұнған толы құпия.
                                        
                                       *    *    *
Жолбастаушы, жиналған топ қасымда,
Тағы тұрмын Бөлектаудың басында.
Тау айтқандай: «Неге түсті ұнжырғаң,
Көтер басты, алға қара, жасыма».

Қыркүйектің салқын күні, күз айы,
Сұлулыққа көзің қарап, тоймайды.
Бөлектаудың төбесіне өрмелеп,
Шықпасыңа құштарлығың қоймайды.

Төңірегі сары түске малынған,
Көрінісі суреттей салынған.
Таңдай қағып, таң қаламын көркіне,
Бурабайдың шыға келген алдымнан.

Әулиекөл, Айнакөл де осында,
Аққу көлі, Жасыл мүйіс қосыла.
Кебіс таумен, Көкшетаумен жалғасып,
Жеке батыр ұйықтап жатыр қосында.

Әсемдікке ынтық жанмын жасымнан,
Таза ауаңды жұтуға мен асығам.
Біздің елге жер жетпейді-ау әлемде,
Құдіретіңе табынамын, бас ұрам.

    Зеренді

Сұлу қыздай сылаңдаған Зеренді,
Қандай ғажап, қандай көркем жер еді.
Жазиралы даласына аунасаң,
Таусылмайтын қайрат, жігер береді.

Таулары бар көкке ұмтылып, мұнартқан,
Биігіне шығуды мен ұнатам.
Айқайласам жаңғырық боп естілер,
«Кереметсің Зеренді» деп үн қатам.

Айдын көлің айнадай боп жалтырап,
Сай-салаңнан сулар ақты сарқырап.
Көктемеде төскейіңе қонады,
Аққу-қаздар тізбектеліп, сап құрап.

Жайнап өскен жап-жасыл боп желегі,
Үйеңкі, емен, арша, талдар, терегі.
Қарағайлар, ақ қайыңдар сыр шерткен,
Орманыңды аралағым келеді.

О, Зеренді, сенде өтті жылдарым,
Бүршік жарды жауқазындай жырларым.
Сағындым ғой, қашан барам мен саған,
Көптен бері аттың басын бұрмадым.

Сұлу аймақ, жер жәннаты – Зерендім,
Саған бүгін арналады өлеңім.
Космодромдай биіктерге ұшырдың,
Ардақтаумен мен атыңды келемін.

 
 Кенесары үңгірі

Мұндай жерді қашама уақыт көрмеп ек,
Айта алмаймын тамашалар көрме деп.
Тау басында – Кенесары үңгірі,
Баспалдақпен біздер шықтық өрмелеп.

Бір жыл бойы бой тасалап, жасырын,
Жауларынан жүрген екен асылым.
Ізі жатыр қасиетті бұл жерде,
Қол бастаған елі үшін батырдың.

Басқыншының бастан кешіп зорлығын,
Ағайынның көріп қатал қорлығын.
Хан Кенеме азаттыққа ұмтылған,
Өкінішті, қатал тағдыр болды тым.

Көрінеді алғашында бір түрлі,
Мекендеген Кенесары үңгірі.
Елестейді  ұлы баба бейнесі,
Естілгендей сарбаздардың күбірі.

Мына жерді қалай еткен  баспана,
Қосағы да тұрды ма екен жас тама?
Ертеңіне қазағымның алаңдап,
Жатты ма екен қара тасты жастана?

Тынықты ма, мұнда қайтіп көз ілді,
Жаны сірі, неткен асқан төзімді.
Азап шеккен Кенесары үшін мен,
Кінәлідей сезінемін өзімді.

Дара тұлға арыстандай айбатты,
Қаймықпаған жолбарыстай қайратты.
Бостандығы, теңдігі үшін халқының,
Дұшпандарын шайқастарда жайратты.

Ақылдасып үлкен шайқас алдында,
Серіктерін батыр баурап алды ма?
Келген шығар жақсы, жайсаң жиналып,
Есімдері ұмыт болып қалды ма?

Шертілгендей домбыраның күмбірі,
Естілгендей сәйгүліктер дүбірі.
Қайран заман…екі жүз жыл өтсе де,
Қымбат маған Кенесары үңгірі.

…Кенесары келетіндей бір күні,
Осы үңгірге қонатындай бір түні.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар