Тәлімгер немесе ауылдың ажары азаматынан

Көзі шоқтай жайнаған, киіктің асығындай шымыр, қара торы бала шаршы алаңда атой салып жүр. Қарсыласынан жасқану ойына кіріп шықпайтындай. Қайта өршелене түседі. Маңдайдан тері моншақтап жүр. Үшінші раунд аяқталуға тақау. Бірақ, ауылда өскен, ауылдағы қысы-жазы таусылып бітпейтін, шаш етектен келетін шаруаның бір шетін қайырысып, қайыңның безіндей болып шыңдалған боксшы шаршап-шалдығар емес. Қимылына қимыл қосып үдете түсетін тәрізді.

 

– Міне, Саян, көрдің бе, осы жолы сен жаңа жақсы ойнадың. Бокс – үлкен өнер. Ойнай білу үшін алдымен ойлау білу керек,– деп шәкіртінің шаршы алаңдағы қимылына баға беріп, әрі жігерін жанып қойды жаттықтырушысы Серік Қажантайұлы, – егер сабағыңды да дәл осылай жақсы оқып, ынтаң мен ықыласыңды арттыра түссең, азамат болып ер жетесің.
Шоқ жұлдыздай шағын ғана Қызылтаң ауылының атақ-даңқы перзенттерінің пешенесіне жазылған жаратқанның сыйымен әйгілі. Рухани, мәдени әлемге де олжа салып жүргендер аз емес. Ал, спорт туралы айтатын болсақ, қыран мінезді, қайсар балаларының арқасында аты дүрілдеп тұр. Бүгінгі күні ауыл мектебінің директоры қызметін 19 жыл бойы үзбей атқарып келе жатқан Серік Құдайберген сонау 1986 жылы Қызылтаң орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасқан болатын. Оған дейін томаға-тұйық күн кешкен ауыл өміріне өзімен бірге жат таңырқап, жақсылар сүйсінетін жыл құсындай жаңалық ала келді. Ол жаңалық бокс болатын. Бұрын естігенімен, қолдарына бокс қолғабын киіп көрмеген ауыл балалары жапа-тармағай үйірмеге жазыла бастады. Балалардың ынта-ықыласы өз бойындағы сүйсіністі де одан сайын еселей түсті ме екен, кім білсін, жас жаттықтырушы осы бір соны серпілісті, үмітті ізденісті мықтап қолға алды. 1986 жылы Зеренді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің штатына бокс жаттықтырушысы болып қабылданғанымен, үш жыл бойы көк тиын жалақы алмай қызмет етті. Шынын айтқанда оны ойлаған да жоқ. Бар ынта-ықыласы шағын ауылдың балаларын спортқа баулу, қайсарлыққа үйрету еді. Алғашында материалдық-техникалық базасы әлсіз үйірмеге үйірілген балалардан әлдебір нәтиже шығады-ау деп көпшілік ойламаған да болар. Бірақ, жылдар өте келе Қызылтаң ауылының жас боксшылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жара бастады. Алдыңғы буынның жеткен жетістігін көрген соң кейінгілер де нық сеніммен айналысқан. Спорт залында төккен тер зая кеткен жоқ. Алғаш спорт шебері атағын алған осы мектептің түлектері Қанат Айтанов, Қайыржан Көлшіков, Еркеш Сариндер жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан інілеріне жол сілтейтін, жөн сілтейтін көшбасшылары тәрізді. Қанат Мұстафин, Руслан Темірбаев, Нұрлан Матаев, Ерлан Темірбаев, Әсет Ота-новтар да қызылтаңдық бокс мектебінің атын республикаға танытқан былғары қолғап шеберлері. Ұлағатты ұстаздарының жолын қуған Жаслан Мендекин қазір дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ол да бокс жаттықтырушысы. Алғашқы аға буыннан соң Қазақстан Республикасының чемпионы атанған Серәлі Саян, Жантілек Бексейітовтер де  ауылының атын шығарып жүрген айтулы боксшылар. Айта берсе, Қызылтаңның қырандарының есімдері ұзын-сонар тізім болып шығар еді.
– Бокс өнері халқымыздың қанындағы қасиеттерге жақын, – дейді Серік Қажантайұлы, – ол оқушыларды алдымен тәртіпке үйретеді. Жауынгерлік өнер болып саналатын осы бір спорт түрінің балғындардың бойындағы мінез-құлықты жақсылық жағына қарай икемдеу, ерлік пен өрлікке бір табан жақындатуға тигізетін әсері мол. Қала балаларына қарағанда, ауыл балаларының спорттық шараларға қатысу, үйірмелерде жаттығу мүмкіндігі кемшін ғой. Әуел баста осы бір олқылықтың орнын толтырып, шәкірттерімді жақсылыққа тәрбиелегім келді.  
Айтса айтқандай, жас ұрпақты жақсылыққа тәрбиелеу өте жауапты іс. Сонымен қатар, оншалықты мақтаншылықты жақтыра қоймайтын тәлімгер айтпай кеткен табыстарды біз тілге тиек етіп, сөз сабақтап көрелікші. Қызылтаңның спортшылары республика біріншіліктерінде өнер көрсетіп жүр. Оны айтасыз, республиканың құрама командасының сапында халықаралық турнирлерде де топ жаруда. Шалғайдағы шағын ауыл үшін осының өзі де аз табыс емес қой.
Қызылтаң орта мектебі жалғыз спортшыларымен емес білім беру үрдісімен де танымал білім ошағы. Педагогика саласындағы жылт еткен жаңалықты, соны, ілкімді ізденістерді қалт жібермей қадағалап, өздерінің онсыз да бай іс-тәжірибелеріне енгізу ертеден бар дағды. Сол ұжымға басшылық жасап, білім ошағындағы шығармашылық мүмкіндік пен педагогикалық қуатты айқын мақсатқа жұмылдырып, талапты еселей арттырып отырған ұжым басшысы Серік Қажантайұлының кәтепті қара нардай қажымай-талмай атқарып келе жатқан нәтижелі еңбегі елдің көз алдында.
Ауылдағы ынтымақ та, береке-бірлік те сүттей ұйыған, шырайлы қалпында. Тәртіп бұзушылық жоқ десе де болады. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың ұстанымы өзгеге үлгі боларлық. Өйткені, мұнда темір қанат балапандарын үлкен өмір айдынына қанат құйрығын жетілдіріп, түзу ұшырған өнегелі білім ошағы бар. Білім ошағының ізгілікті, ізетті тәлім-тәрбие алып өскен ер балалардың көбі спортты серік еткен саңлақтар. Олар өмір жолдарында мектепте үйренген өнегесін ұмыта қоймайды. Саналарына сіңген салиқалы тәрбие қайта өмірдің өз мектебінен тәжірибесін молайтып, тағылымын көтеріп отырады. Демек, қоғамның бірлігінде білім ошағының алатын орны ерекше.  
Атам қазақ «туған ай туралған етпен тең» дейді. Ай ғана емес, жыл да солай. Еңбегінен ләззат алған, қызметін құлшына істеген адам ғана уақыттың зырылдап өтіп жатқандығын аңғара бермесе керек. Күні кеше ғана Қызылтаңның шөкімдей аспанына білім мен спорттың арайын жаға келген Серік Қажантайұлы да алпысқа табан тіреп отыр. Әйтсе де, қажыры кемімеген, қайраты қайтпаған бәз баяғы қалпында. Өйткені, оның жаны шәкірттеріне берген тәлім-тәрбиемен жасарса, екінші жағынан үнемі спортпен жаттығу, салауатты өмір салтын сақтау да өлшеусіз қуат береді.
Жанар ӘБДІРЗАҚОВА,
Қызылтаң орта мектебінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар