Талай талант тәлім алған

Қорғалжын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі көптеген талантты спортшыларды өсіріп шығарған іргелі білім ордасы. Бүгінде мұнда спорттың жеті түрі бойынша балаларды жаттықтыру, оның қыр-сырына қанықтыру жұмыстары жүргізіледі.

Атап айтқанда: бокс, қазақ күресі, футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, дойбы сияқты спорт түрлерінен 200-ге жуық балалар мен жасөспірімдер тәлім-тәрбие алуда.
Қаржы тапшылығына қарамастан, мектебіміздің тәрбиеленушілерін облыстық, республикалық деңгейде өтетін түрлі жарыстарға жиі жіберіп тұрамыз. Шәкірттеріміздің арасында сенімді ақтап, жүлделі орындарды жеңіп алып жүргендер баршылық. Дегенмен де, жақсы жетістіктерге жетуге кедергісін келтіретін қиындықтар да жоқ емес. Солардың ең бастысы тәжірибелі, білікті бапкерлердің жетіспейтіндігі. Бапкер жоқтықтан, шәкірттеріміз Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатында бокс, дзюдо спорт түрлерінен дәріс алуда. Сонымен бірге,  ғимаратымыз өте ескі және де тар. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан, ұстаздар мен бапкерлер шәкірт тәрбиелеуден күш-жігерлерін аямайды. Жаттығу сабақтары кестеге сай тұрақты өткізіледі және шәкірттеріміздің спортқа деген ынтасы да жоғары.
Айта кетер жай, мектебімізден тәлім алған түлектердің арасында халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда топ жарғандар бар. Мәселен, Нұрболат Рысмағанбетов кикбокстан екі дүркін әлем чемпионы және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атанса, Рүстем Түсіпбеков  бокстан Аргентинада өткен әлем чемпионатына қатысқан, ал, Арғын  Бесбаев бокстан спорт шебері және республикалық жарыстың жүлдегері, Азамат Тұямашев кикбокстан спорт шебері және Азия чемпионы. Міне, осындай облысымыздың, еліміздің атын шығарып жүрген талантты спортшыларды тәрбиелеп отырған Қорғалжын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетер жетістіктері әлі алда десек, артық айтқандық емес.

Арман БАЛМАҒАМБЕТОВ,
Қорғалжын балалар мен жасөспірімдер
спорт мектебінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар