Олимпиада мәресіне жетті

Әрбір төрт жылда бір өтетін жазғы ойындар олимпиадасы да мәреге жетті. Құрамамыздың қоржынына алтын салады деп нық сенген Илья Ильин, Светлана Подобедова, Мая Манеза, Зульфия Чиншанло сияқты мықтыларымызсыз өткен жарыста спортшыларымыз ары кетсе 7-8 медаль ғана алады деп болжағандардың сөзі  шындық болмай шықты. Бұл жолы  да қазақстандық спортшылар жанкүйерлерін қуантып, медаль саны жағынан өткен олимпиадалардан әлдеқайда басым түсті.

Олимпиада басталған алғашқы күндері-ақ, қоржынымызға медаль түсе бастағаны жұртшылықты бір серпілтіп, желпіндіріп тастаған. Дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг пен Елдос Сметовтың әкелген қола және күміс медальдарымен басталған жеңісті жол одан әрі жалғасып, зілтемірші Нижат Рахимов алтын алып, жанкүйерлерін қуанышқа кенелтті. Қазақстандық ауыр атлетшінің тағы бір үлкен жетістігі – он бес жыл бойы мұрты бұзылмай келген әлемдік рекордты төрт келіге бір-ақ жаңғыртқаны болды. Шынын айтқанда, бұл қазақстандық ауыр атлетиканың  айтулы жетістігі еді.
Екі жүз метрге жүзуден алдына жан салмаған Дмитрий Баландиннің жеңісі жұрт үшін күтпеген жаңалық болғаны анық. Бұрын тек бокс пен ауыр атлетикаға ғана арқа сүйеп келген құрамамыз сапалық жағынан да біршама биіктегені осы жолы анық байқалды. Айта кетерлік жай, бұл олимпиадаға қазақстандық команда барлық спорт түрлері, яғни, олимпиадалық ойындар кестесіне енгізілген спорттың 26 түрінен де спортшы алып барды. Және біздің спортшыларымыз ауыр атлетика, бокс, дзюдо, әйелдер күресі, жүзу, жеңіл атлетикадан жүлде салып, тәуелсіз еліміздің спорттағы жетістіктерін әлемге танытты.
Олимпиаданың соңғы күндері дегенмен, отандық жанкүйерлер үшін оншалықты қуанышты бола қоймағанын атап өткіміз келеді. Алтыннан алқа тағар деп үміттенген аса ауыр салмақта рингке шыққан Иван Дычко жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, қола медальді қанағат тұтты. Жартылай финалға дейін сүрінбей жеткен Дариға Шәкімова да финалға барар жолдамадан қағылып, қола медальмен шектелді. Десекте, медаль саны бойынша бұдан бұрынғы олимпиадалардан біраз асып кеткен спортшыларымыздың өнері жанкүйер көпшіліктің көңілінен шықты деп айта аламыз. Әсіресе, боксшыларымыз рингте барын салып бақты.
Лондон олимпиадасында алтыннан алқа таққан жеңіл атлетші Ольга Рыпакова бұл жолы қоланы қанағат тұтса, финалға дейін қарсыластарына дес бермеген Әділбек Ниязымбетов те финалда сүрініп, күміс медаль иеленді. Бұл оның екінші олимпиадасы екенін айта кеткен артық болмас. Осылайша  Әділбек Ниязымбетов, Ольга Рыпакова, Иван Дычко және Гюзель Манюрова олимпиаданың екі дүркін жүлдегерлері атанды.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, Рио олимпиадасының  қазақстандық жанкүйерлер үшін есте қаларлық ұнамсыз жағының да болғандығын жасыра алмаймыз. Ол спортшыларымыздың өнеріне әділ баға береді деген төрешілердің тарапынан жіберілген әділетсіздіктер. Бұл әсіресе, боксшы Олжас Сәттібаевтың, Василий Левиттің және ауыр атлетші Александр Зайчиковтың өнері барысында анық байқалды. Бұл туралы  қалың жанкүйер қауым әлеуметтік желілер арқылы өз пікірлерін айтса, құрама бапкерлері де, спорт саласының майталмандары да ой-пікірлерін білдірді. Әділ төрелік болғанда спортшыларымыз алған алтын медаль қатары көбейе түсер ме еді, кім білсін. Ендігі арман, алдағы олимпиадаларда мұндай бұра тартушылықтар орын алмасын дейміз.
Сөйтіп, Бразилияда өткен олимпиадада Қазақстан құрамасы 17 медальмен 22-ші орынға табан тіреді. Олимпиадаға әлемнің  198 мемлекеті қатысып, олардың 78-і ғана медаль иеленгендігін ескерсек, тәуелсіз еліміздің бұл жетістігі атап өтерлік деңгейде болғандығы   анық. Спортшыларымыз алдағы уақытта да осындай биіктен көріне берсін дейміз.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар