Ел ырысын еселей түсеміз

Макинск-Астрахан бағытындағы тас жолда жеңіл машинамен жүйткітіп келеміз. Көліктің ашық терезесінен самал желдің лебі еседі. Жолдың екі жағындағы жайқалған егін алқаптары, қайыңы мен терегі, қарағайы аралас жасыл ормандары алма-кезек ауысып, артта қалып жатыр. Макинск қаласынан осы сапарға бірге шыққан үзеңгі жолдас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амангелді Камелинов диқан қауымының егін орағына әзірлігі жайлы айтып, жалпы дайындығымен таныстыруда.

 

– Биылғы егіннің шығымы жаман емес, өзіңіз байқап отырған шығарсыз, астығымыз бітік шықты, – деп бастады әңгімесін Амангелді Бәйкенұлы, – Аудан бойынша 201 485 гектар алқапқа дәнді дақылдарды сіңірсек, соның 170 910 гектары бидай, 25 750 гектары арпа, 3 354 гектары сұлы. Одан басқа күздік бидай, бұршақ, жасымықтардың түрлерін, рапс, зығыр, күнбағыс сияқты майлы дақылдарды септік. 853 гектарға картоп, 83,5 гектар алқапқа көкөністер отырғыздық. Агротехникалық шаралар талапқа сай жүргізіліп, егін зиянкестері мен ауруларына қарсы тыңайтқыштар дер кезінде сіңірілді.
Біз Капитоновка селолық округіне қарасты «Журавлевка – 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бет алдық. Жолдар асфальтталған. Көшелері түзу, таза. Жол бойына әртүрлі ағаштар отырғызылған, қоршаулары да сырланып, өзінше бір сән беріп тұр.
Біз ат басын білікті басшы, өз ісінің жетік маманы Қуантай Сұлтанов жетекшілік ететін «Журавлевка – 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механикаландырылған қырманына тіредік. Бізді шаруашылық басшысы жайдарыңқы көңілмен қарсы алды. Қырман меңгерушісі Александр Ковбаса биылғы астықты қабылдауға дайындық жұмыстарымен айналысып жүр екен. Астық алаңдары толығымен асфальтталған. Қырман бір мезгілде он бес мың тонна астықты бірден қабылдай алады. Әрқайсысының сыйымдылығы үш мың тонна болатын 5 астық сақтайтын қоймалар да әзір. Жалпы құны 500 миллион теңге тұратын бельгиялық тұқым тазалағыш кешен де толық қуатында жұмыс істеп тұр. Аталмыш кешенде сапасына қарай тәулігіне жүз тоннадай тұқым тазаланады. Сағатына отыз тоннаға дейін дәнді дақылдарды кептіре алатын астық кептіргіш те әзір. Орақ науқаны кезінде мұнда алпыстан астам жұмысшы жұмыс істейді.
– Біздің құрылтайшымыз «Логос Грейн» фирмасы. Бас директоры ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ғалым Құдайбергенов. Серіктестігімізде төрт егіс бригадасы жұмыс істейді. Оларға Александр Кирсаков, Серік Темірбеков, ағайынды Николай мен Григорий Черненковтар сынды өз істерін жетік білетін жігіттер жетекшілік етеді. Биылғы жылы 53 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар септік, соның ішінде 42 мың гектар бидай, 8 мың гектар арпа, 1100 гектар жасымық және 2900 гектар зығыр. Одан басқа картоп пен көкөністер отырғыздық. Сыйымдылығы үш мың тонна көкөністер сақтайтын қоймамыз да бар. Енді санаулы күндерден кейін егін орағына толықтай кірісеміз. Техникаларымыз науқанға толығымен дайын. Өсірілген астықты еш ысырапсыз жинап алу үшін негізінен шетелдік жоғары өнімді 60 комбайн, 26 тіркемелі трактор, 7 КамАЗ, 4 жинақтағыш бункер жұмылдырылмақ. Жанар-жағармай қоры жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, биылғы жылы астықтан жоғары әрі мол өнім алуға толық мүмкіндігіміз бар, – дейді Қуантай Сабырғожаұлы.
Серіктестікте егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да жақсы дамыған. Асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесі де бар. Осыдан бес жыл бұрын ауыл тұрғындарынан қара мал сатып алудан бастаған шаруашылықта қазір 1600 бас ірі қара, 300 жылқы, 350-дей қойлары, тіпті, үш түйесі мен екі есегі де бар. Малдың тұқымын жыл сайын асылдандырып отырады. Ресейдің Түмен облысынан да асыл тұқымды бұқалар сатып алыпты. Алдағы уақытта сауын фермасын ашу да жоспарларында бар. Серіктестікке қарасты Ярославка бөлімшесінде бие байлаған. Қарамағындағы жиырма шақты мама биелердің сүтін сауып, қымыз дайындап, баптаумен айналысатын неміс келіншегі Татьяна Гюнтерге сүйсінесің. Дайын өнімдер Макинск қаласына, Бурабайдағы шипажайларға сатуға жөнелтіледі.
Серіктестікте әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге де басты көңіл бөлінеді. Жұмысшылардың жалақысы уақытында төленеді, ауыл тұрғындарының қыстық отын-көмірі, жемшөбі шаруашылық есебінен тегін жеткізіледі. Бірнеше ұлттың өкілдері тұратын селода намазхана, шіркеу жұмыс істейді. Бұларды да серіктестік өз қаражаттарына салып берген. Биылғы жылы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 20 миллион теңге бөліпті. Бірінші сыныпқа баратын балалардың құрал-жабдықтары, оқушылардың ыстық тамақтары да толығымен шаруашылықтың мойнында. Мектеп аспазына, медбикеге жалақыны жартылай серіктестік төлейді. Тізе берсең, мұндай игі істер аталмыш шаруашылықта жетерлік.     
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар