Өнер мен мәдениет – достық дәнекері

Достық үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен «Бари» армян  мәдени орталығы»  қоғамдық  бірлестігі республикалық  фестивалін  өткізді.

 

Салтанатты шараны Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі  Марал Жақыпова ашып, армян  ұлтының мәдениетімен   танысуға  келген барлық қатысушыларға алғысын білдіріп,  өнер ұлтқа бөлінбейтінін айтты. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының төтенше және уәкілетті елшісі Ара Саакян  әр ұлттың өзіне ғана тән ерекшелігі  болатынын айтып, армян халқының   мәдениетімен таныстырып өтті.  Армян этномәдени  бірлестігінің өкілі Саак Салумян осындай шаралар ұлтаралық достықты нығайтып, ұлттық құндылықтарды сақтауға игі әсер ететінін жеткізді.  Фестиваль барысында  өнерпаздар  армян халқының  әуезді әндерін  шырқап, ұлттық билерін биледі. Астана, Петропавл, Қостанай, Қарағанды қалаларынан келген жас дарындар мен шығармашылық ұжымдар  өз шеберліктерін  жоғары деңгейде көрсетті.     
Жиналған ел армян ұлтының тамаша мәдениетінің мәйегіне көз жеткізген күні болды бұл. Негізінде «өнер – достық дәнекері» деп тегін айтылмаса керек. Өз ұлтының озық өнерін, парасатты мәдениетін көрсеткен өнерпаздар халқының бойындағы барша дарынды саф алтындай жарқыратып көрсете білді. Өнердің қуаты деген осы-ау шіркін. Өзге тілде шырқалғанымен барынша ұғынықты, нәзік сезімнің тамшылары көкірегіңдегі тәнтілікті туындататын тамаша әндер өне бойды қорғасындай балқытып разы етті.
Концерттік шарада мың бұрала биленген билер де өзіндік өрнек нақышымен, ішкі мазмұн-мағынасымен көпшілік көңілінен шықты. Шара соңында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова  «Бари» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Рузанна Дегоянға   ұлттар арасындағы достықтың белгісі ретінде  ақ орамалды тақты.

Назгүл РАБИЛОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар