Ардагерді ардақтады

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қоғам қайраткері, облысымыздың құрметті азаматы Аманжол Халықұлының 95 жасқа толуына орай жолдаған сый-сияпатын Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов табыс етті.  

Аманжол Халықұлы Ерейментау елінің тумасы. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қазақ елін жайлаған аштықта әке-шешесінен айырылып жетім қалған ол Благодат балалар  үйінде  тәрбиеленіп, замана нәубетінен аман  қалады.  1937-1939 жылдары Алматының Қазақ пединститутының  жанындағы жұмысшылар факультетін тәмамдайды да, Қазақ тау-кен институтына  түседі. Бірақ, Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты әскер қатарына алынып, студент жігіт оқуын  жалғастыра алмайды.
Көзі ашық, зерделі азамат 23 жасында  Красин  атындағы Мәскеу артиллерия училищесіне  жіберіледі. 1942 жылы әскери оқу орнын тәмамдаған соң офицер шенін алып, майдан  даласында жаумен  соғысады. Ол атақты  «Катюша» атты минометті реактивті артиллериялық  дивизионның взвод, батарея командирі, дивизионның штаб бастығы, соғыс  аяқталар  шақта дивизион  командирі қызметінде  болған  жалғыз  қазақ еді.   Ол  өзінің қарулас әріптестерімен Мәскеу, Солтүстік-батыс, Солтүстік Кавказ майдандарына, Керчь шығанағын, Қырымды, 1-ші  Украин  майданының қатарында Украина өңірін басқыншы  жаудан азат етуге қатысты.  Осылайша жеңіс таңын  Прага  қаласында қарсы алыпты. Майданда көрсеткен  ерен ерлігі үшін жерлесіміз  I, II дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, бірнеше медальдармен  марапатталған.
   Кейін соғыс аяқталған соң әскерден босатылып, еліне оралады. Аманжол  Халықұлы қызмет жолын Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің жауапты  ұйымдастырушысы лауазымынан бастаған екен. Іле Ақмола  облыстық  комсомол  комитетінің бірінші хатшысы  болып  тағайындалады.  Тың және тыңайған жерлерді  игеру жылдарында  Ақмола облысы Алексеевка ауаткомының төрағасы, Астрахан аудандық партия  комитетінің бірінші хатшысы, Ақмола  облыстық  партия  комитетінің екінші хатшысы міндеттерін абыроймен  атқарды. 1970-1987 жылдары Қазақстан компартиясы  Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі болса, оның ішінде 3 жыл партиялық ұйымдастыру  бөлімін  басқарды. Тәжірибелі партия қызметкері  бірнеше рет Қазақстан компартиясы съездерінің делегаты, төрт дүркін Қазақстан Республикасы Жоғарғы  Кеңесінің депутаты болды.
Аманжол ағамыз қандай  қызметті  атқарса да, өзін адал, маңайындағы қызметтес әріптестеріне реті келгенде қатаң талап қоятын басшы ретінде көрінді.  Осы ретте, ағамыздың омырауындағы үкімет марапаттары «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Достық» ордендері ел игілігіне сіңірген еңбегінің жемісі деп білеміз. Зейнеткерлікке  шыққан  сәттен бері көпті көрген қарт тәлімгер өзіндік  тәлімді ойымен  өрнектелген, әдеби тілмен көркемделген бірнеше  кітап жазды. Оның шығармаларына қазақ  елінің  өткен  шежіресі,  еселі  еңбек  еткен ел  азаматтарының бүгінгі келбеті арқау болды.  Бүгінде 95 жастың асуына  шыққан  ағамыз әлі де  тың, ойы сергек.   Осындай елімізге  ерен  еңбегі  сіңген ардагердің ғұмырнамасы, қызмет жолы бүгінгі жастарға зор тәлім, өнеге.
Манап ӘДІРЕШЕВ,
 Ерейментау  ауданының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар