Әділет қызметінің саны да, сапасы да артып келеді

Облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдиннің төрағалығымен өткен облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында әділет департаментінің жартыжылдық есебі және республикалық жер жөніндегі комиссия жұмысының қорытындылары туралы мәселе қаралды.

Облыстық әділет департаментінің басшысы Анатолий Дермановский жыл басынан бергі атқарылған жұмыстары жайында жан-жақты баяндап берді. Департамент жұмысының ең негізгі бағытының бірі ретінде жергілікті органдар қабылдаған нормативтік-құқықтық актілерге талдау жасау болып табылады. Жыл басынан бері облыстық атқарушы органдар дайындаған 506  нормативтік-құқықтық  актінің 338-і заңдық күшіне енген. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан мұндай нормативтік актілерді дайындағанда бірқатар кемшіліктер мен олқылықтарға жол беріледі. Мәселен, биылғы жылы жергілікті құзырлы органдар дайындаған  22 нормативтік акті қабылданбады, өйткені, бұл құжаттар жоғары органдардың актілерімен сәйкес келмейтін болып шықты.

Әділет органдары қызметінің тағы бір маңызды саласы жылжымайтын мүлікке меншік құқығы мен заңды тұлғаларды тіркеу, құқықтық қызмет және көмек көрсету, нотариалдық және бағалау қызметтерін үйлестіру сияқты міндеттерді жүзеге асыру десек, бұл бағытта да айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Жыл басынан бері 45161 мемлекеттік қызмет көрсетілсе,  оның 1153-і заңды тұлғаларды тіркеу, ал, қалған  44008-і жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу болып отыр. Бүгінгі күні азаматтық хал актілерін тіркеу жергілікті атқарушы органдардың құзырына  берілді. Осыған орай, департамент заңның орындалуын бақылау және апостилдеу қызметін ғана атқарады.
Облыстық әділет департаменті басшысының айтуынша, бұл бағытта соңғы жылдарда біршама нәтижелі жұмыстар жүргізілген. Бүгінде облыс аумағында 62 жеке сот орындаушысы қызмет көрсетеді. Жыл басында 32250 орындаушылық  ісі болса, бүгінге дейін солардың 65,2 пайызы орындалған. Әсіресе, алиментке қатысты сот орындаушылық қызметі саласында үлкен жұмыстар атқарылуда.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша республикалық жер жөніндегі комиссия жұмысының қортындылары жайында аталмыш комиссияның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов әңгімеледі. Өткен жылы қараша айында қабылданған Жер кодексіне қатысты халық арасында түрлі пікірлер туындауына байланысты, Мемлекет басшысының жарлығымен заңға бір жылға мораторий жарияланған болатын. Осыған орай, Үкімет басшысының өкімімен жер жөніндегі арнайы комиссия құрылып, жұмыс жүргізді. Бұл комиссияға біздің облысымыздан елге танымал, осы салада қызмет жасаған мол тәжірибесі бар үш адам кірген еді. Олар Иван Сауэр, Ибрагим Жанғоразов және Нартай Ысқақов болатын. Жер жөніндегі комиссия қыруар жұмыстар атқарды. Алғашқы үш мәжіліс Астанада өтсе, содан кейін аймақтарға шығып, көшпелі мәжілістер өткізді. Алғашқы көшпелі мәжіліс Көкшетауда өткендігі белгілі. Онда облыс тұрғындары жерге қатысты өз пікірлерін бүкпесіз айтуға мүмкіндік алған еді. Жалпы, жер комиссиясы отырыстарында халықтың жерге қатысты өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын ашық айтуға толық мүмкіндік жасалды. Комиссияның жұмыс штабы жинақталған ақпараттарды қорытып, талдау жасап отырды. Осыған орай, биылғы жылдың 13 тамызында Астанада өткен жер комиссиясының мәжілісінде комиссия мүшелері жерге қатысты әлі де көптеген шешімін күткен мәселелердің және  жерді мүліктендіру есебін жүргізу қажеттігін,  біраз уақыт алатындығын ескере келе, мораторийдің мерзімін  онан әрі ұзарту жөнінде ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс қабылданып, Елбасының жарлығымен мораторий мерзімі бес жылға ұзартылды.
Қоғамдық кеңес отырысында сондай-ақ, бірқатар басқармалар мен ведомстволардың  нормативтік-құқықтық актілері қаралып, қабылданды.
 Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар