Туристік сапарда – мемлекеттік қызметкерлер

25Жұмыс аптасының соңында ауданның мемлекеттік органдарының басшылары мен қызметкерлері туристік сапарға шығып, бұл жорықтарын тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнады. Аталмыш шараға бюджеттік ұйымдардан алпыстан астам қызметкер қатысты.

Акцияның бастамашысы болған аудан әкімі Асқар Мұратұлы жорыққа қатысушыларды құттықтап, аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Ауғалиев екеуі туристердің жаяу колоннасын бастап жүрді. Жалпы қашықтығы бес шақырымнан асатын туристік бағыт Зеренді демалыс аймағындағы биік қыраттардың бірі болып саналатын Үлкен қыратқа орман арқылы өтеді. Туристік сапардың жолбастаушысы мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шаңғыдан бас бапкері Сыздықкерей Қаскеев жорыққа қатысушыларды жол бойындағы көрікті жерлерімен таныстырып, олардың атаулары мен тарихы жайлы қызықты әңгімелеп берді. Мемлекеттік органдардың әртүрлі жастағы қызметкерлерінен құралған туристік топ демалуға тоқтаған жерлерінде жолда көргендерін бір-біріне айтып, естелік суретке түсті, тіпті, көңілді әндер де шырқалды. Жолдағы қиындықтарға қарамастан Үлкен қыраттың ұшар басына шыққан олар айналасындағы табиғаттың сұлулығы мен таңғажайып көріністен естен кетпестей әсер алып, алға қойған мақсаттарына қол жеткізгендей сезімге бөленді. Қырат басында тынығып, дем- алған туристер басқа соқпақпен кері қайтты. Таудың самал желі мен орманның таза саф ауасы, бұлақтардың сыңғырлай аққан үні мен тұнық та суық лебі оларға көтеріңкі көңіл сыйлады.
Сапар соңында аудан басшысы барлық қатысушыларға осы шараға белсенді қатысқандары үшін алғысын айтып, тәуелсіздігіміздің мерейтойлы жылымен құттықтады. Туристік жорыққа қатысушылар да осындай акцияны ұйымдастырғаны үшін Асқар Мұратұлына жүрекжарды лебіздерін білдіріп, алғыстарын жеткізді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.    

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар