Жастар неге колледжде оқығысы келмейді?..

Әдетте мектеп бітіруші түлектер қандай мамандықты таңдап, қай оқу орнына түсерін білмей жатады. Қазақтың балалары ән-күйге жақын, қара сөзге шешен. Сондықтан, көбі өнер саласын, журналистиканы, әйтпесе, мұғалімдікті таңдайды. Бірақ, бүгінгі заман талабы –  техника тілін меңгеру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Қазақстан халқына арналған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беруге баса назар аудару керек екендігін атап көрсеткен еді.

Соңғы жылдары кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының жұмыстары жанданып, жаңаша оқу бағдарламасы мен инновациялық жобалар жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта облысымызда орта білім беріп, өз кәсібінің білікті мамандарын дайындайтын 38 кәсіптік-техникалық оқу орны бар. Олардың 29-ы мемлекеттік болса, 9-ы жекеменшік. Бұл оқу орындарында 20970 оқушы білім алуда. Солардың ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 13255 бала оқып жатыр. 2016-2017  оқу жылына 4534 оқушы мемлекеттік білім беру жөніндегі тапсырыс бойынша оқуға қабылданады.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы бойынша биыл Оңтүстік Қазақстаннан негізгі мектепті бітірген 195 оқушы 4 мамандық бойынша Бурабай ауданындағы Қатаркөл ауыл шаруашылығы, Целиноград ауданы Новоишим селосындағы №9, Бозайғыр ауылындағы №5, Атбасар қаласындағы №11 агротхникалық және Степногорск қаласындағы құрылыс-техникалық колледждеріне оқуға түсті.
Кәсіптік-техникалық колледждерде 94 мамандық бойынша білім береді. Сондай-ақ, ол оқу орындарында металлургия мен машина құрылысы, ауыл шаруашылығы, энергетика, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар, медицина сияқты 139 мамандық иелері біліктілігін арттырады.    
Колледж бітіруші түлектердің сапалы білім алуын жұмыс берушілер өздері бағалап, біліктілігі жөнінде куәлік береді. Оқушылардың өз кәсібінің маманы болып шығуы үшін дуальдық оқыту жүйесіне көп мән берілген. Соңғы үш жылдың көлемінде 16 колледж  экономиканың 7  саласы бойынша 15 мамандық пен 17 біліктілігін жетілдіру топтарында 791 оқушыны дуальдық жүйе арқылы оқытуда. Қазіргі уақытта кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары мен кәсіпкерлер палатасының арасында 44 келісім-шартқа қол қойылды.
Дуальдық оқыту жүйесінің жастарға берері мол. Себебі, оқушы оқу процесінде мамандығы бойынша білімнің 40 пайызын ғана меңгерсе, тәжірибе барысында қалған 60 пайызын алады. Кәсіпорындармен бірлесіп оқытып, тәжірибе алмасу арқылы оқушылардың білікті маман болып шығуына мүмкіндік мол. Оқушылардың көбі тәжірибеден өткеннен кейін сол ұжымға жұмысқа орналасып жатады.
Көкшетау қаласындағы «ДИАС тігін фаб-рикасы», «Сейнұр фирмасы», «Көкшетау жолдары», «ENKI» «Altyntau Kokshetau», «НовоПЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен және «Тыныс» акционерлік қоғамымен бірқатар кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары байланыс орнатып, дуальдық оқыту жүйесімен білім беруде. Облыс бойынша да осындай шаралар жүргізілуде.
Көкшетау қаласының жоғарғы колледжі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасының 77 қадамы бойынша жаңа заманғы тәжірибелік оқыту бағдарламасы арқылы оқытып, биыл еліміздегі әріптестік колледждердің үздік ондығына кірді.
Еліміздің болашағы – жастарды кәсіптік-техникалық колледждерде оқыту, олардың білікті маман болып, қоғамнан өз орнын таба білуі үшін керек. Әрбір негізгі мектеп бітіріп, оқуға түскісі келетін оқушы мамандығын дұрыс таңдаса ертең күнкөрісіне, отбасын асырауына мүмкіндігі мол. Бірақ, кейбір үлгерімі нашар оқушыларды ата-аналары тоғызыншы сынып бітіргеннен кейін колледждерге бергілері келмей жатады. «Балам 11-сынып бітіріп, ҰБТ-дан  ең төменгі өту балын алса болды, жоғары оқу орнына түсіріп, ақылы бөлімде болсын оқытамын» деп жалған намысқа тырысып жүргендері көп. Ол балалар ҰБТ-дан тиісті ұпай ала алмаса, айналып келіп осы колледждерге түседі.
Тоғызыншы сынып бітіргеннен кейін кәсіптік-техникалық колледждерге оқуға түссе, оқуы мен жатақханасы тегін, сондай-ақ, әлеуметтік тұрмысы нашар отбасылар мен көпбалалы отбасылардың, толық емес отбасылардың балаларына, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Кейбір мамандықтарды бітіруші түлектер көлік жүргізу куәлігін де алады. Арнаулы орта білімді мамандар даярлайтын оқу орындарының беретін осындай жеңілдіктеріне қарамастан, жастар арасында колледжге түсуге ынталылар онша көп болмай тұр. Көкшетау қаласындағы №1 сервистік-техникалық колледжінің оқытушысы Медет Көшербайұлы биыл колледжге түсушілер тым аз болғандықтан,  мамандықтар уақытша қысқартылатынын айтуда. Болжамды жоспардан 100-ден аса оқушы кем жиналыпты. Қазіргі уақытта облыс бойынша мектептерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар