Мүмкіндіктерді пайдаланамыз

Тәуелсіздіктің көк байрағы көгімізде желбірегеннен бастап, елімізде қаншама оң өзгерістер орын алуда. Елдігіміздің  арқасында саясатымызды еркін жүргізіп, мемлекет мүддесіне сәйкес саяси, халықаралық, экономикалық байланыстарымызды дамыту үстіндеміз. Қазақ жерінің байлығы, мол табиғи ресурстары еліміздің әлеуметтік өркендеуіне бастап келеді. Осының бәрі егемендігіміздің тұсында қол жеткен табыстарымыз.

Зеленобор селолық округының  бүгінгі тұрмыс-тіршілігі көңіл толарлықтай. Құрамына Мәдениет, Қымызынай, Жаңа-талап, Зеленобор, Молбаза ауылдары кіретін округ кешенді даму жоспары бойынша жұмыс істеуде. «Көш  жүре түзеледі» демекші, әр ауыл тұрғынының тұрмысымды жақсартамын  деген ынта-жігері, мал басын көбейтемін деген құлшынысы күн сайын артып келеді. Осы орайда, «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында өз ісін бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсетілуде. Мәселен, Жаңаталап ауылының тұрғыны Жантас Мұхамеджанов жылқы сатып алу  мақсатында несие алып отыр. Ал, «Алабай KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  директоры Қуатай Жабағин  мейманхана кешенін салу үшін несие рәсімдеу үстінде. Сондай-ақ, «Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Астана Өнім» асыл тұқымды мал шаруашылығы, «Береке-Агро» серіктестігі округ тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, ауылдың әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосуда.  Оған қоса, тоғыз шаруа қожалықтары  ірі қара мал өсіріп, егін шаруашылығымен айналысып отыр. Бүгінде әр ауылдың түтіні түзу шығып, олар төрт түлігі тең, қазаны толы, қамы жақсы елді мекендердің қатарына қосылуда. Шаруашылықтың басы-қасында жүрген азаматтардың мұқалмас қажыр-қайрат танытуының арқасында округ өркеңдеп келеді деп нық  сеніммен айта аламыз.
Сонымен қатар, ауылдарда орта білім беретін білім ошақтары жұмыс істеп отыр. Себебі, өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуының маңызы зор. Осы ретте,
Елбасының тапсырмасына  орай Зеленобор мектеп-гимназиясында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Ал, Мәдениет, Жаңаталап ауылдарында шағын орталықтар ауыл бөбектері үшін қызмет етуде.  Әр бүлдіршін күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Округ әкімдігі өз кезегінде оқушыларды мектепке уақытында жеткізіп, оқудан кейін үйге апарып отыру мәселесін түбегейлі шешкен болатын. Оған қоса, 13 көп балалы отбасыға жәрдемақы төленеді. «Мектепке жол» акция-сы аясында бүлдіршіндер жыл сайын мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып отыр.
Тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Зеленобор ауылында мәдениет үйі бар. Онда вокал және би үйірмелері жұмыс істейді. Қатысушылар аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, көптеген марапаттардың иегерлері атануда.
Жалпы алғанда, округы-мыздың жағдайы көңіл толарлық. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы оңалып келеді.  Елбасымыздың сарабдал саясаты жүрекке сенім ұялатып, әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы іс-қимылдың жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз.  Ал,«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы сол жарқын болашаққа бастар құнды құжат деп білеміз. Елбасымыз бір сөзінде «Табысты дамуға қажетті шарт – бейбітшілік, тату көршілік және өзара сенім ахуалын орнықтыру» деген болатын. Сол қыл өтпестей татулықты жоғалтпай, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында барлық мүмкіндікті пайдаланатын боламыз.
 Маржан ЖОЛДАСБАЕВА,
Зеленобор селолық округы
     әкімінің міндетін атқарушы.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар