«Құлагер – 2016» мәресіне жетті

Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосында ұлттық спорт түрлерінен өткен «Құлагер – 2016» атты  ХVІ облыстық спартакиадасы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Іс-шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

  Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан спартакиада биыл ерлер және әйелдер арасында тоғыз құмалақ, аударыспақ, қазақша күрес, жамбы ату, асық ату, теңге ілу, құнан бәйге, жорға жарыс, тоқ бәйге сияқты ұлттық спорттың он бір түрінен өтті. Жарысқа облыстың 17 ауданы мен 2  қаласынан 19 команда қатысты.  
Шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков:
–Біздің қазақ халқы ұлттық спорт түрлерінен кенде емес. Ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымызды ұмытпай, сақтап, оны әрі қарай дамыту біздің басты парызымыз. Ұмытылып бара жатқан ұлттық спорт түрлерін жандандырып, ұрпаққа жеткізуде баршамыз
жұмылған жұдырықтай бірлесіп атсалысуымыз қажет. Осы мақсатта жыл
сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Құлагер» спартакиадасының негізін қалаушыларға алғысымыз шексіз, – деді. Бұдан әрі облыс атынан шет мемлекеттерде өткен спорт жарыстарына қатысып, жүлделі орын алғандарға облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті. Олардың ішінде Қытайда өткен Азия чемпионатында аударыспақтан күміс жүлдегер атанған ерейментаулық Хамит Ерейханның жаттықтырушысы Берік Ахметов, тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы Марат Жәмбеталин және «Арлан» хоккей клубының жаттықтырушысы Игорь Горьков бар.
Жастар арасында ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, олардың бойларына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, ұлттық құндылықтардың мән-маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырған шараға бас-аяғы бес жүздей спортшы қатысты.  
Көкпар тарту ойынында алғашқы күні көкшетаулықтар мен ерейментаулықтар ерлеп, ақтық додаға жолдама алды. Сол күні белгілі болғандай үшінші орынды Атбасар ауданының көкпаршылары иеленіп, оларға есе жіберіп алған шортандылықтар төртінші орыннан көрінді. Ақтық жарыс аса тартысты өтіп, жігіттердің күш-жігері мен төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, астарына мінген аттарының қалай бапталып, үйретілгендігін, жүйріктігін сынайтын бұл ойын түрінен ұпай саны бойынша ерейментаулықтар жеңіске жетті. Көкшетаудың көкпаршылары екінші орынға ие болды.  
Кір көтеруде жеті түрлі салмақ бо-йынша жарысқан спортшылар арасынан астрахандықтар үздік шығып, жалпы есепте бірінші орынды иеленді. Екінші орын Жарқайың ауданының кір көтерушілеріне бұйырса, үшінші орынды атбасарлықтар  олжалады.
Қол күрестіру ойынына қатысқан спортшылар арасында көкшетаулықтар білек күштерінің зор екендіктерін дәлелдеп, жалпы есепте бірінші орынды иеленді. Екінші және үшінші орынды қорытынды есеп бойынша степногорлықтар мен атбасарлықтар өзара бөлісті.
Қазақтың ұлттық ойындарының ішінде мергендік сынның бір түрі аталатын жамбы атудың орны бөлек. Атпен шауып келе жатып құрулы тұрған бақан үстінен нысананы көздеп атып құлататын мергендер сайысында атбасарлық Руслан Белялов он ұпаймен бірінші орынды жеңіп алды. Одан екі ұпай кем жинаған степногорлық Диас Малғаждаров екінші орынға ие болды. Бұландылық мерген Жанкелді Тасқараев жеті ұпай жинап, үшінші орыннан көрінді.
Жігіттердің ат үстіндегі мықтылығын, ат құлағында ойнайтын ептілігін сынға алатын теңге ілу ойынында атбасарлық Бағдат Тәжиев ерекше өнер көрсетіп, қарсыластарын озып шықты. Сондай-ақ, екінші және үшінші орындардан көрінген көкшетаулық Азамат Қадыров пен ақкөлдік Айтқазы Сағындықовтың да теңге ілудегі ептіліктері мен шеберліктері ұлттық ойындарды тамашалауға келген жұртшылықты тәнті етті.      
Қазақ күресінде түйе палуандардың сайысы спорт сүйер қауым үшін қызықты болды. Ақтық сында целиноградтық Бекбол Нұрланұлы  аршалылық Көпжасар Қиязовты жығып, жеңіске жетсе, үшінші орынға астрахандық Әйбек Сағадиев  қол жеткізді.
16 шақырымға белгіленген тоқ бәйгеде Жақсы ауданынан келген  шабандоз
А. Сұлтанбеков К.Алшынбаевтың «Жагдан» атты тұлпарымен мәреге бірінші болып жетті. Сәйгүліктердің бұл жарысында күміс жүлдені шортандылық И.Ысмайыловтың «Сұлтан»  атты сәйгүлігімен шапқан Д.Бутарин иеленді, ал, үшінші қола жүлде «Граф» атты жүйрікпен шапқан сандықтаулық И.Пудиннің қоржынына түсті. 7 шақырым қашықтыққа белгіленген құнан бәйгеде атбасарлық шабандоз Д.Нинашов алтын медальді жеңіп алды. Бұл жолы «Ғажап» атты тай қарсыластары «Керім» мен «Лашынды» басып озып, мәре сызығын бірінші болып қиды. Сөйтіп, сандықтаулық шабандоз Д.Бутарин мен ақкөлдік И.Сағындықов, Д.Волков пен К.Өтешбаев есімді атбегілерге жүлделі екінші және үшінші орындарды алып берді. 7 шақырымға белгіленген жорға жарыс-та сандықтаулық «Прок» атты жорғаға мінген С.Корнилов А.Чибасовтың қанжығасына бас жүлдені салып беріп, жеңіс тұғырына көтерілді. Атбасарлық Р.Рябков болса «Семен» атты жорғамен мәре сызығына екінші болып жетті, ал, үшінші орын «Гайгонның» тізгінін ұстаған ақкөлдік Артем Чибисовқа бұйырды.
Жалпы командалық қорытынды есеп бойынша көкшетаулықтар былтырғы нәтижені қайталап бірінші орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және құнды бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар