Озат шаруашылықтан үйренер тұстар көп

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Есіл ауданында болып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді, Калачи селосының тұрғындарымен кездесіп, хал-жағдайларын білді.

Бүгінгі таңда осы аудандағы «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тек ауданда ғана емес, сонымен бірге, облыстағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымы болып табылады. Уәлихан Сапиұлы Әріпов басқаратын шаруашылық элиталық тұқым шаруашылығы бағытын ұстанған. Мұнда 400-ден астам адам еңбек етеді.
Серіктестіктің күшімен салынып, жұмыс істейтін наубайханада тәулігіне 500-800 бөлке нан пісіріледі. Осының бәрі орталық асханаға түседі. Жергілікті тұрғындар үшін бір бөлке нан 40 теңгеден сатылады. Шаруашылық сонымен бірге,  шаштаразға дейін салып, халыққа сапалы қызмет көрсетуді жолға қойған.
Селоның тазалығын көрсеңіз, тіпті, риза боласыз. Көшелер қардан тазартылып отыруы өз алдына, әлеуметтік-мәдени нысандарға бір орталықтан жылу тартылған.  Селода суға да ешкім қам жемейді. Серіктестік тұрғындарды отынмен, жемшөппен қамтамасыз етеді. Олардың бағасы да нарық бағасынан көп төмен. Заречныйлықтар бос уақыттарын мәдениет үйінде мазмұнды өткізеді. Мұнда кітапхана, басқа да бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Шаруашылық басшысы облыс әкіміне «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының отырған кеңсесін де көрсетті. Сөз орайына қарай айта кетсек, мұнда 200-ден астам адам жетекші партияның мүшесі.
2013 жылы 75 миллион теңгеге «Бәйтерек» стадионы күрделі жөндеуден өткізіліп, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары жасалды.Жүгіру жолдарына жасанды жамылғы төселді. Аудандық спартакиаданы заречныйлықтар өте жоғары деңгейде өткізді.
– Серіктестіктің арқасында «Айналайын» балабақшасы түбегейлі жөнделіп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды, – дейді село тұрғыны Ирина Тарлыкова. – Мұнда бүлдіршіндер үшін барлық жағдайлар жасалған. Балабақша ақысының 40 пайызын шаруашылықтың өзі төлейді. Бұған қоса мектепте серіктестік есебінен оқушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Жолдасым  осында механизатор болып істейді, әсіресе, көктемгі егіс пен егін орағында табатын еңбекақысы өте жақсы.
Жергілікті әкімшілік әлеуметтік салаға соңғы үш жылда ғана 180 миллион теңге қаржы бөлген. Мұның бәрі өндірістің де өрге басуының арқасы. Шаруашылық бойынша астықтың орташа шығымдылығы ұдайы аудандық орта көрсеткіштен  жоғары. Биылғы жылы да тап осылай болып отыр. Жылына бірнеше мың тонна элиталық тұқым сату үшін осы жұмысты да дұрыс ұйымдастыра білу керек. Глубинка қырманында   біраз жыл бұрын Германияның тұқым тазартатын «Петкус» жабдығы орнатылған болатын. Ал қазір, орталық қырманда тағы бір жаңа қондыр-
ғы – «Веструм» фирмасының желісі орнатылуда. Ол алдағы көктемде іске қосылады.
Шаруашылық шошқа түлігіне зор көңіл бөліп отыр. Осы заманғы кешенде 4,5 мың шошқа ұсталуда. Ферма еңбеккерлері үшін малшылар үйі салынған. Онда барлық жағдайлар қарастырылғанын  айтуға болады. Шошқадан басқа бұл шаруашылықта жылқы да өсіріледі. Ірі қара малды бордақылайтын ашық алаң да бар. Бас экономист Балабай Қасымовтың айтуынша, бордақылау алаңы 2012 жылы ашылған. Ол кезде 250 өгізше бар болса, қазір ондағы ірі қара саны 1 мың бастан асады. Серіктестік мал басын тірідей 1 килограмм салмағы үшін 400 теңге төлеп, шаруа қожалықтарынан сатып алады. Қазір салмағы орта есеппен 450-500 килограмм тартатын 240 өгізше етке өткізілгелі отыр. Бұл малды Қорғалжын ауданындағы «Бакара» ет комбинаты сатып алады. Осы орайда, серіктестікте соңғы үлгіде жабдықталған мал сою пунктінің де бар екенін айта кету керек.
Тағы да «Заречный» ЖШС-ның 2013 жылғы көрсеткішіне тоқталған жөн болар. Шаруашылық сол жылы «Үздік әлеуметтік жауапкершіліктегі кәсіпорын» аталымы бо-йынша «Парыз» республикалық конкурсының жүлдегері атанды. Міне, осындай табыстарға жетіп отырған шаруашылықтың тынымсыз басшысы  Уәлихан Әріпов туралы қандай мақтау сөз айтсақ та артық болмас.
Бұдан кейін облыс әкімі Калачи селосында болып, оның тұрғындарымен кездесті. Әңгіме барысында халықты бұл арадан көшіру мәселесі қозғалды.
– Қазіргі біздің басты міндетіміз – қоныс аудару үшін қажетті қаржыны табу, – деп атап көрсетті өз сөзінде өңір басшысы. Ақша бөлінісімен 2015-2016 жылдары барлық тұрғындарды басқа жерге көшіре бастаймыз.
Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров жетекшілік ететін арнайы жұмыс комиссиясы құрылған. Комиссия әрбір отбасымен барлық ықтимал нұсқаларды қарастырып, жеке жұмыс істейтін болады. Бірінші кезекте қолдарында балалары бар отбасылардың мәселесі қарастырылады. Калачи және Красногорск селоларының тұрғындарын көшіру үшін Державинск қаласы, Есіл, тағы басқа жақын жатқан елді мекендер таңдалынып алынатын түрі бар. Ақмола облысының аумағындағы басқа ауыл-селолар да қарастырылуы мүмкін.
Жұмыс сапарының соңында Сергей
Кулагин аудан активімен кеңес өткізді.
«Заречный» ЖШС-ін жақсы қырынан атап өтті. Ал тұтастай ауданды алғанда, облыс әкімі шағын және орта бизнестің жеткіліксіз дамып отырғандығын, жаңа инвестициялық жобалардың жоқтығын, көгалдандыруға жеткіліксіз көңіл бөлінетіндігін ауызға алды.
– Инвестициясыз бюджетке салық пен басқа төлемдер ойлағандай түспейді. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында осы тұрғыда көлемді қаржы көздері қарастырылып отыр. Алайда, оны  дұрыс игеруге дайын болуымыз керек, – деді бұл ретте өңір басшысы. Активте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы   аудан әкімі Қали Рахметов баяндама жасады. Аудан табысына қосқан елеулі үлестері үшін төрт адам облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар