Мұратымыз – Мәңгілік ел

Қазір бүкіл әлем қатерлі сынақтардың алдында тұр. Қарышты дамыған батыстың өркениетті елдерінің өзі бұл жаһандық қаржы дағдарысына қалай төтеп береміз деп бастарын қатыруда.

Осындай сындарлы сәтте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған  Жолдауы арқылы қазақ елін осынау ықтимал қауіп-қатерлерден алып шығудың нақты бағдарын ұсынып, дұрыс жолын көрсетіп берді. Осылайша әріден болжай білетін Көшбасшымыз  жетекші мемлекет құрудың қыр-сырын
байыптап, осы болашаққа бастайтын нұрлы жол арқылы елді өркендетудің жаңа тетіктерін іске қосып отыр. 
«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатқаны белгілі. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деген өсиетін қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекетіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. «Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік-берекесі» деп халыққа арнаған Жолдауында  сұңғыла ой айтқан Елбасының алысты болжап, ертеңгі елінің қамын ойлаған қарекеті біздің бәрімізге де ізгі  ой салуда.
Біздер осы «Нұрлы Жол» арқылы елімізді мәңгілік ету мақсатында ортақ бір мүддеге жұмыла еңбек етуіміз керек. Бұл жерде ешкім бұл мақсат-мүдденің маған қатысы жоқ деп көптен оқшауланып, сырт қалуы тиіс емес. Бізге жіліктеліп бөлінуге де болмайды. Өйткені, қазақ қашанда ынтымақты ел болуды мақсат еткен халық. Өзге ұлтты да өз қанатының астына алып, бірлікке шақырып, ынтымаққа ұйыстырып, татулықтың өнегесін көрсеткен ел екенін есте ұстағанымыз абзал.
Мен өзімнің сөзімде Президентіміздің кемеңгерлік қырына да  тоқтала кеткім келеді. Кеше ғана бүкіл ел болып Тұңғыш Президент күнін атап өттік.  Бұл да Елбасының әлемге танылған тұлға екендігін паш еткен мерейлі мерекелеріміздің бірі болды. Өйткені, мұндай тұлғалар тарих сахнасына жүз жылда бір-ақ рет шығады. Қазағымыздың бағына қарай, біздің Елбасымыз алғашқы тәуелсіздік алған күннен бас-тап қаймана елін әлемге танытамын деп бар күш-жігерін, ақыл-ойын осы мақсатқа жұмылдырумен келеді. Ол еңбегі еш кеткен жоқ.  Осы жылдар ішінде біз әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Ендігі межеміз – отыздыққа ену.
Қарап отырсақ, өмірдің қай саласында болсын алға жылжу бар. Табыстың жоғарылап, кірістің еселенген көрсеткіштері де көп нәрсені аңғартқандай. Бұл экономикалық саясаттың дұрыс жүргізіліп келе жатқанын аңғартады. Осының  арқасында  экономикамыз көп елдерден ілгері  кетті.
Елбасы соңғы Жолдауын ерекше бір тарихи кезең алдында жария етіп отыр. Бұл жаһандық дағдарыс кім-кімге болсын, оңай соқпайтыны анық. Оның жаңадан ғана еңсесін көтерген қазақ еліне де өзінің қиындығын ала келетіні жасырын емес. Сондықтан, Елбасы мұндай сындарлы қауіп-қатерлерге төтеп берудің орнықты жолын көрсеткенін әлем саясаткерлері де мойындап отыр. Егер тарихқа жүгінсек, мұндай дағдарыстар бұрын да болған. Бір мемлекеттер мұндай сынақтарға төзе алмай, құлдыраса, енді бірі өркен жайып дамудың даңғылына түскен.
Жалпы, Елбасымыз осы Жолдауында негізінен, экономикалық жаңаша дамудың бағдарын ұсынды. Бірақ, мұның астарында әлеуметтік мәселені шешу және құқықтық реформаларды жүзеге асыру міндеттері де жатқанын естен шығармаған жөн. Қазіргі қалыптасқан сот жүйесі негізінен Елбасымыздың тікелей реформалары арқылы жүзеге асты. Өйткені, тиімді сот жүйесінсіз қазіргі заманғы тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру мүмкін емес. Нарықтық экономика жұмыс істемесе, әлеуметтік мемлекет те орнамайды. Осыны Нұрсұлтан Назарбаев биліктің үшінші тармағы – сот жүйесін құру жұмысында да басшылыққа алды және мұны мемлекеттік  аппараттан да қатаң талап етіп отыр.
Қазір сот реформасы жалғасып жатыр. Бүгінде Қазақстан азаматтарының құқықтары, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғайтын тәуелсіз сот билігі қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз.  Мұнда Мемлекет басшысының жеке еңбегі зор екені талассыз.
Кезінде Қытайдың данышпаны Конфуций өзінің бір сөзінде: «Алысты көрмейтін адамды міндетті түрде жанында қиындықтар кес-кестейді» деген екен. Шынында да, бүгінгі күннің қам-қарекетімен өмір сүретін адам ертеңгі болашағының жарқын боларына сене алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, біздің Елбасымыз өз елінің бүгінін де, ертеңін де ұдайы назарында ұстап, сол жолда бар білімімен нұрлы болашақтың қандай болатынын нұсқап отыр. Біз дәл қазіргі жаһандық дағдарыс кезінде осындай тұлғаның ел басқарғанын мақтаныш еткеніміз абзал. Елбасымыз қазақтың бақытына туған жан екенін  айтар едік. Ғасырлар бойы бұғаулықтың қамытын киіп, өзгенің қас-қабағына қарайлаған қазақ сияқты елді өркениет биігіне  көтеруге бар күш-қайратын жұмсаған ерен еңбегін қалай ғана мақтанышпен айтпасқа.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында қазақ елінің болашақтағы дамуының жаңа бағыттары айқындалды. Экономикалық жаңаруларға байланысты қалыптасқан қаржы жағдайының мемлекеттік қорғалуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған басқа мемлекеттік құрылымдармен бірге сот органдары да өз үлестерін қосатындығы айқын. Бұл тұрғыда, әсіресе, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың  маңызы өте зор.  
Ақмола облысының соттары жыл басынан бері  барлығы 35219 қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарады. Бұл өткен жылғы есептік кезеңмен салыстырғанда 744 іске немесе 2,1 пайызға артық. Мұның өзі бір есептен жасыратыны жоқ, қылмыстың тыйылмай келе жатқанын да көрсетеді. 
Жалпы, осы уақыт ішінде азаматтық істер бойынша 446 іс және 24313 өтініш келіп түсті. Сөйтіп, апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібімен 242 сот актісі өзгеріске түсіп, күші жойылды. Ал, азаматтық істердің 98,4 пайызының шешімі  заң талаптарына сай шығарылғанын айта кеткен жөн.
Міне, сот органдары өздерінің құзыры аясында ең алдымен, адамдардың құқығын қорғау бағытындағы жұмысты ширата түсуде.  Мұны Елбасы Жолдауында айтылған маңызды мәселелерді жедел шешудің бір жолы ретінде қарастыруға болады. Экономикалық жаңаруларды жүзеге асыру барысында оның заңнамалық жағынан қамтамасыз етілуі аса маңызды мәселе болып табылады. Егер заң талабы сақталса, бюджет қаржысы да ел мүддесіне жұмсалып, экономикамыз да өркендейтіні, халықтың әлеуметтік мәселелері де шешілетіні айқын. Сондықтан, Елбасы Жолдауы өзінің мазмұны мен маңызы жағынан құнды стратегиялық құжат екенін айтар едік. Ал, бұл Жолдауды жүзеге асыруға байланысты   бүкіл халықтық істен ешкім, соның ішінде сот қызметкерлері де шет қалмай, өздерінің бар күш-жігерін ел мүддесіне жұмсайды деген сенім мол.

Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар