Басты байлығымыз – бейбітшілік

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін насихаттау мақсатында, сондай-ақ, Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай еліміздің барлық аймақтарында республикалық «Ақ орамал» акциясы ұйымдастырылды. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде ұрпағының болашағын ойлаған мыңдаған ақ жаулықты аналар көшеге шығып, өткен ғасырдың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен арылтуға арналған «Ақ орамал» республикалық акциясына қатысты. Көкшетау қаласында өткен акция барысында бас-тарына ақ орамал салған аналар Абай көшесінің бойымен жүріп өтіп, Тәуелсіздік алаңына жиналды. Онда облыстық басқармалар мен Көкшетау қалалық әкімдігінің  қызметкерлері, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі, «Ақмола облысы іскер әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бір адамдай әлемдегі ядролық сынақтардың құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шарада Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова:
–Бұл акция – сіздердің жоғары азаматтық ұстанымдарыңызды, бейбіт өмірге деген құлшыныстарыңызды, аналық ақ жүректеріңізді танытатын шара. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін – жалпыадамзаттық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін жасалған жарқын қадамын бүкіл әлем мойындап отыр. Сіздердің ізгі ниет, ақ  тілектеріңіз әрқашан ұрпаққа үлгі, –дей келе «Ақ орамал» акциясына қатысушы ақ жаулықты аналарға алғысын білдірді. Одан әрі митингіде қоғам қайраткері, ақын, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Шәмшия Айтжанова, «Бари» армян мәдени орталығының белсенді өкілі Астгик Тороян, поляк қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Людмила Суховецкаялар акция аясында әлемдік қауіп-қатерлер мен бейбітшілікке бастар жол жайында өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ,  аналар бастаған іс-шараға балғын бүлдіршіндердің де қатысуы орынды әрі жарасымды болды. Көкшетау қалалық №6  «Нұрай» балабақшасының бүлдіршіндері сахнада ел тәуелсіздігі мен бейбітшілік тақырыптарында өлең оқып, аспанға ақ түсті шарларды ұшырды.
Тәуелсіздік алаңындағы жиыннан кейін ақ жаулықты аналар алты топқа бөлініп, қаладағы ескерткіштерге ақ орамал мен гүл шоқтарын қойды. Аналар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлер құрметіне арналған Даңқ обелискісіне, Кеңес Одағының екі дүркін Батыры Талғат Бигелдиновтің, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің, Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлердің, Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюға қатысқан ақмолалықтардың ескерткіштері мен сапаржайда орналасқан «Ананың ақ тілегі» ескерткішіне  барып тағзым етті.  
Бейбітшілікке бастаған «Ақ орамал» аналар акциясының нышаны – ақ орамал болуы тегін емес. Себебі, ақ түс – адамзат өмірінің негізі, ананың ақ сүтінің түсі. Бұл ар мен ниет тазалығының, пәктік пен адалдықтың белгісі.  Осы орайда, елімізде 5 тамыздан басталған акция аясында ардақты аналар жаңа түскен келіндер мен көшбасшы іскер әйелдердің басына ақ орамал салу рәсімдері ұйымдастырылды. Бұл игі іс кеше де өз жалғасын тапты. Көкшетау қаласындағы перзентханадан өмірінің мәні – сәби құшып шыққан жас аналардың басына да ақ орамал салынды.
Сондай-ақ, бұл күні аналардың бір тобы Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында болып, Семей полигонының жабылуына және «Ақ орамал» акциясына арналған деректі фильм мен ашық көрмені тамашалады. Ақ жаулықты ардақты аналардың тағы бір тобы Мәлік Ғабдуллин және облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында болды. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Ізгі тілек пен ақыл-парасатқа шақыру» атты кітап көрмесіне қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаткерлігі мен әлем алдындағы беделі туралы кеңінен әңгіме өрбітті.  
29 тамыз ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде әлемде осымен алтыншы рет аталып өтуде. «Ақ орамал» республикалық акциясының да дәл осы күні кең ауқымда өткізілуінің мәні зор. Соңғы жылдары әлем Қазақстан бастамаларын қолдай бастады. 25 жыл бұрын Қазақстан аумағында Семей ядролық полигоны жабылған болатын. Бұл Қазақстанның жер-жаһанды ядролық қарусыздандыру үдерісіне қосқан үлесін әлем қауымдастығы тарапынан мойындаудың нақты бір айқын дәлелі. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан басқа мемлекеттермен бірлесе отырып, ядролық қарусыздану және ядролық қару-жарақты таратпауға барынша атсалысуда.
Көкшетау қаласындағы республикалық «Ақ орамал» акциясының соңы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның болашағы біздің қолымызда» атты
жастар акциясымен өз мәресіне жетті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *