Тағылым

Сейілбек Шаухаманов мемлекет және қоғам қайраткері. Бұл кісіні сырттай біліп, атқарған қызметіне сүйсініп жүрдім. Әсіресе, Сейілбек ағаның: «Егер еңбек – әлемнің әміршісі» болса, онда бүгінгі мақаланың кейіпкері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков – еңбектің әміршісі дегім келеді.

 

Бұл Сейілбек абыздың Еркін Әуелбеков туралы жазған ойының алғы сөзі. Осы мақаланы газет бетінен оқып керемет марқайып қалдым. Бірінші Көкшенің тумасы, ел еркесі Еркін ағамның қадір-қасиетін саралап, өз пікірін еркін жазған Секең алғашқы адам. Өзі айтқандай атынан ат үркетін Еркінді біліп, тану жай пенденің қолынан келер ме екен. Ол үшін қасында болып, Еркіннің талабына сай еңбек ете білу керек.  Екінші, жазған адамның білімі терең, зердесі мықты әрі үлкен психолог, жазушы, публицист болуы керек. С.Шаухаманов былай дейді: «Е. Әуелбеков болса, өте күрделі, көпқырлы, өзі, өмірі, көпқабатты, қатпар-қатпар қарама-қайшылықтан, аңыз бен ақиқаттан тұратын ешкімге де ұқсамайтын, тек өзі-өзіне ұқсайтын, ерекше, жұмбақ тұлға».
Әрі қарай Еркіннің бейнесін аша түседі: «Еркін Нұржанұлы өзін, өмірін қалтқысыз, қайырымсыз, жасампаздық еңбекке, жанкешті еңбекке, жанқиярлық еңбекке, өлермендік еңбекке, бейнетке арнаған азамат».
Тағы да Секең: «Еркін Нұржанұлы біздің облыста заңдылық, тәртіптілік, тазалық, реттілік, жөнділік, әділеттілік ахуалын қалыптастыру бағытында бар күш-жігерін аямай салды. Еркін Әуелбековтің азаматтығын, іскерлігін, қайраткерлігін, қажырлылығын, адалдығын, тазалығын, өнегелі өмірін, өшпес ізін, өлмес ісін, тарихи тағдырлы сөздерін ешкім де жоққа шығара алмайды» дейді.
Алланың құдіретіне шек жоқ екен. Бір көруге құмар боп жүрген ел ағасы, абыз, шежіреші Сейілбек ағамен кездесудің сәті түсті. Балаларым бәйбішем екеумізді Ессентуки қаласындағы «Қазақстан» шипажайына демалуға жіберді. Қасымызда үлкен ұлым Қанат, келінім  Дәмегүл, немерем Төрехан бар. Бізден екі күннен кейін Сейілбек ағай мен Жұпаркүл жеңгеміз келді. Шынын айтсам ағам көзіме ыстық көрінді. Барып сәлем беріп, өзімді таныстырдым. Ол кісі туралы ойымды, Еркін ағам туралы жазған мақаласына шын көңіліммен ризашылығымды білдіріп, ардагерлер арасында атқарып жүрген еңбегін ерекше атап өттім. Ағай риза болып: «Сен менің Көкшетаудағы насихатшым екенсің ғой» деді. Келесі күні өзінің жазған «Парыз бен парасат» кітабын сыйлады. Қазақтың бай тілімен жазылған кітапта ел ағасының өмірі, қадір-қасиеті, адалдығы, адамдығы, еліне сіңірген еңбегі, әке алдындағы өтеген парызы, адамның ой-өрісін кеңейтетін, адами қасиеттердің философиялық ұғым-түсініктері кеңінен сөз болып, көптеген сұрақтарға жауап табасың.
Секеңді қызылордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтар мен көрші республика халқы да жақсы біледі. Соның айғағы Өзбекстанның Құрмет грамотасымен марапатталып, Хорезм облысының «Құрметті азаматы» атағын алды. Қазақстанның жеті ауданының «Құрметті азаматы», Жаңақорған ауданының «Ғасыр адамы» атанған. Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі болуының өзі, ол кісінің қаламының қарымдылығын айғақтап тұрған жоқ па. Әрі облысты күрделі кезеңде басқарып, егеменді еліміздің дамуындағы Сыр бойының алар белесінің айрықша айшықталуына басшылық жасаған нар тұлға. Облыстық құқық қорғау саласының ардагері, полковник Қорғанбек Қайроллаұлы: «Әй, Қорғанбек, ет пен терінің арасында жел де жүреді, без де жүреді, обал-сауапты ұмытпаңдар, адам аман болса, ішіп-жеп қоймаса болмашыдан ілік тауып азаматтың обалына, бала-шағасының көз жасына қалмаңдар. Елдің жаман аты шықпасын» деп отыратын елжанды адам дейді. Міне, кісілік, тектілік деп осыны айтса керек.
Бір қызығы, мені қайдан көрдім демей, ағалық ниетін аңғартып, сұрағыма жауап беріп, біраз әңгіменің тиегін де ағытты. Сөзіміз «Құнанбай» киносына барып тірелді. Фильмнің авторы  Досқан Жолжақсынов түсірген киносының тұсаукесерін Қызылордада өткізіпті. Осы кезде қасымызда отырған Қызылорда облысының медицина саласының ардагері Асылбек Тоғызбаев сөзге араласып: «Барлық облыстың әкімдеріне үлгі боларлық жағдай, қайда барса да Қырымбек Елеуұлы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек ағамызды қасынан еш уақытта қалдырмайды. Өзі қатысатын барлық игі шараларда ылғи оң жағынан орын береді» деп ағынан жарылды. Содан Досхан бұл фильмді түсіру үшін Тобықты еліне бардық, оған қоса жеті жыл зерттеу жүргіздік дейді. Кино көрсетіліп болған соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзімен қатар отырған Сейілбекті сахнаға бірге ала шығыпты. Содан не керек, Сейілбек аға шешіліп: «Қызылорда халқы ежелден Арқа елімен етене араласқан. Құнанбай 200 адамды жолдан ертіп Қызылорда арқылы қажылыққа барады. Шекарадан Мекке қаласына кіргізу үшін оларға барған кезде кімдерсіңдер, қайдан келдіңдер деген сұрақ қойылады. Сонда Құнекең айтқан екен: «Ұранымыз Алаш, керегеміз ағаш, тірілердің билігі төрелердің қолында, өлілердің билігі қожалардың қолында, қазақ деген халықпыз» деп. Содан кейін барып тіркелген екен. Құнанбай барғаннан кейін тәкия соғады. Оған ақшасы жетпей қалады. Сыр елінен Жаппас Мырқы деген бай бірге барған екен. Ол түйенің шудасының бәріне алтын орап апарған екен. Жетпеген ақшаны осы Жаппас Мырқыдан қарызға алыпты. Бір қызығы қасында Қалжан ахун, Бозжан би есімдері елге белгілі біраз адамдар болса керек. Ол кезде қажылыққа барған адамдардың басты арманы сол жақта қалу, сол жақтан топырақ бұйырса деп тілейді екен Құдайдан.  Бір отырыста Құнанбай да бәтуә беріңіз менің де сонда қалғым келеді дейді ғой. Қалжан ахун сасып қалады. Сонда Бозжан деген жас жігіт бәтуәні мен беремін депті. Сөйтіп: «Өзінің тілегі орындалса қалсын, халықтың тілегі орындалса қайтсын» деп бата берген екен.
–Күдері қожа ақын, әрі би адам болса керек. Орта жүз Алты дуанын аралап, билік айтумен болыпты. Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы, аға сұлтан сайланардағы жиынында Күдері де құрметті бидің бірі болып қатысқан. Аға сұлтанды сайлауға келген орта жүз билері қым-қиғаш сөз алысып, Құнанбайды сайлау-сайламасы екіталай дауға түсіпті. Сонда Күдері Орта жүздің барлық билеріне арнап былай деп басалқы айтқан көрінеді:
Су екеш су да ағады жүйесімен,
Жарасар көштің сәні түйесімен.
Кімің бар Құнанбайдан озып туған,
Айырма елді нағыз иесінен, –
деп кесіпті. Сонда Орта жүздің билері су сепкендей тиылыпты. Барлығы Күдері қожаның сөзіне бәтуә қылып, Құнанбай аға сұлтандыққа сайланған. Соңынан Құнанбайға былай деп бата беріпті:
…Әділ бол, халқың іштен қас болмасын,
Алауыз ағайының жат болмасын.
Жаратқан барлығыңа бірлік берсін,
Нәһандай өрге сүйре елдің басын…
Кинода Құнанбайдың ұлы ақын, хакім, философ, ағартушы Абайдың бейнесі көрсетілмейді. Құнанбай қайтыс болғанда Тұраб ақын былай толғапты:
Құнан өлді Қағбаның қақпасындай,
Құнан өлді Құранның тақтасындай.
Құнан өлді алдынан жарылғасын,
Алтын қалды артында ат басындай.
Осы айтылған зерделі сөз, ғажап теңеулердің кинодан орын таппағаны Секеңнің көңілін ортайтып жібергендей болса керек.
Абыз ағаның ойына қосатын менің де мынандай уәжім бар. Құнанбай бай адам, аға сұлтан, киімді арзаннан кимеген, атты асыл тұқымдыдан ғана мінген. Астындағы аты есік пен төрдей, аяңдағанда қасындағы аттар желіп отырса керек. Ат әбзелдерінің өзі қымбат болған. Осылай бола тұра кинода Құнанбайға сидаң бір көк атты мінгізіп қойыпты. Құнекең атқа міне сала, тұра шабады. Бұл жері өзгені білмеймін менің көңіліме оғаштау көрінді. Одан әрісі атқа салғаны қойшының ертоқымындай бірдеңе, оның үстіне көрпеше салып, ортасынан айыл сияқты бірдеңемен тартып қойыпты. Бұл енді Құнекеңнің бағасын түсірмесе көтермейді, мәдениетімізді бағаламаған сияқты.
Содан әңгімеміз жарасып, Секеңе Сіздерде үлкендердің бата беруі қалай? Қонақтың алдына тартылған қойдың басын, ірі малдың шекесін сіздің елде қалай бағалайды? Неге табақ тартқанда қойдың бір құлағын кесіп алады? деген сұрақтар қойдым. Сонда абыз: «Мен 1999 жылы жоғары қызметтен елге оралсам, бата беретін бір ақсақал жоқ. Бата сұрасаң енді айтамыз деп тұрады. Бата сұрасаң баяндама жасайды. Бәрі бұрынғы партия қызметкерлері, қатып сіресіп қалған. Обкомның бұрынғы екі хатшысы, ел басқарған ақсақалдар, Еңбек Ерлері, төрт үстелге сыймай отыратын ақсақалдар, бата жасайтын адам жоқ. Ұят, енді не істеу керек. Содан облыстық газеттің әр нөміріне бата білетін адамдардың батасын екі жыл бойы жинап, фестиваль, бата берушілердің жарысын өткіздік. Бірінші орынға 100 мың, екінші орынға 75 мың, үшінші орынға 50 мың, барлық жарысқа қатысушыларға 5-10 мың теңгеден қызықтыру сыйлығын тараттық. «Ақ бата» деген екі кітап шығарып, елге тегін үлестірдік. Еңбегіміз өз жемісін беріп, қазір екі адамның бірі бата жасайды, тоқтата алмайсың, ішінде төгетіндер де бар. Ал, енді бастан қашатындар да бар. Бастың қуаты болмай тұр. Бас дегеніңіз шынында бас қой. Қадірменді, құрметті адамның алдына тартады. Бас – басшылық, ақылды, зерделі, алдыңғы қатарлы деген мағынаны білдіреді. Қойдың бір құлағын кесіп алу деген мынадан шыққан. Бір үйде қасиет, ырыс, кие бір адамда ғана болады, сол сияқты бір отар қойдың, бір үйір жылқының біреуінде ғана болады. Сондықтан ырыс, несібе, кие қонақпен бірге кетіп қалмасын деп бір құлағын алып қалады.

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ.

Көкшетау-Ессентуки-Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар