Маман даярлаудың өзекті мәселелері

Мемлекетіміздің болашағына тұтқа болар білімді де білікті азаматтар даярлау – бүгінгі күннің келелі мақсаттарының бірі. Өткен оқу жылында колледждің институционалды аккредиттеу жүйесінен өтуі педагогикалық кадрлар даярлайтын оқу орындарының өнімі болып табылатын білімгерлердің, олардың теориялық білімін машықтану арқылы толықтыруға мүмкіндік туғызатын әлеуметтік серіктестіктердің тарапынан оқу орнына, оның мамандар даярлаудағы сапасына көзқарасы мен пікірлерін білдіруіне, оларды даярлау сапасын одан әрі арттыруға жағдай жасауға ықпал ететіні сөзсіз.

Кәсіптік педагогикалық практиканың сапалы өтуі әлеуметтік серіктестермен жұмысты дұрыс жолға қоя білумен тығыз байланысты. Әлеуметтік серіктестік кәсіптік білім беруді дамытудағы басты бағыттардың бірі болып табылады. Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басымдылықтарды, Қазақстанның әлемдік экономикадағы интеграциясын айқындай келе, «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды құралдардың бірі» екенін айта келе, еңбек нарығының талаптарына сай елге кәсіптік білім берудің сапалы жүйесі қажеттігін және оны дамыту бойынша шаралар қолдану керектігін ерекше атап көрсетті.
Биылғы жылы педагогикалық практиканы табысты  және сапалы түрде өткiзу үшiн қаладағы таңдаулы мектептер мен балабақшалар іріктелді. Оқу жылы басында колледж 10 мектеп, 16 балабақша, 5 спорт мектептерімен келісім-шартқа отырды, сонымен қатар, жазғы сауықтыру лагеріндегі  практиканы ұйымдастыру үшін «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығымен, «Звездный», «Юность», «Чайка», «Мадагаскар», Мәлік Ғабдуллин атындағы балалар сауықтыру орталықтарымен келісім-шарт жасалынды.
Әлеуметтік серіктестікке қатысушылар оқыту нәтижесіне ғана емес, сонымен қатар, оқытудың мазмұнына, оның ұйымдастырылуына мүдделі. Білім алушылардың әлеуметтік кепілдікке ие болуға және бәсекеге қабілетті мамандық алуға, мемлекеттің кәсіби мамандарды даярлауға тапсырыстың қалыптасуына және орындалуына, өндірістің өмірге және жұмысқа жақсы дайындалған білімді мамандардың келуіне, оқу орнының білім беру қызметіне сұраныстың артуына деген мақсаттары орындалады.
Кәсіптік білім берудің әлемдік тәжірибесінде әлеуметтік серіктестікті жүзеге асырудың тиімді жолы ретінде дуалдық жүйесі кеңінен қанат жаюда. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін әлемде болып жатқан келелі жаңалықтармен ұштастыру мақсатына байланысты еліміздің педагогикалық қоғамдастығының алдында білім беру саласына сапалық өзгерістер енгізу мәселелері тұр.
Дуалдық оқытуда теория мен практиканың өзара байланысы жүзеге асырылады, мұның өзі болашақ маманға кәсіпорында жұмыс істеу кезінде қажетті біліктілікке ие болуға көмектеседі. Дуалдық оқытудың негізгі артықшылықтарына ең алдымен, түлектердің жұмысқа орналасуының жоғары пайызын қамтамасыз ететінін жатқызуға болады, өйткені, олар жұмыс берушінің талаптарына толығымен жауап береді.
Мектеп оқушыларының мамандық таңдауда дұрыс бағыт алу мәселесі мектептің психологиялық қызмет аясында жүргізілетін аса жауапты да маңызды жұмыстарының бірі болып отыр. Бала үшін болашақ мамандықты  таңдау  өмірлік  жолын дұрыс таңдаумен  бірдей. Өкінішке орай, біз, балалардың таңдауының ақылмен емес, біреудің сөзіне ере отырып немесе ата-анасының ықпалымен «қай жерге оқуға түсу оңай» деген көзқарастармен болып жатқанын байқаймыз. «Осы мамандықты таңдауыма ата-анам себепші болып еді. «Енді өз қалауыммен екінші мамандықта оқып жүрмін» – деген сияқты сөздерді күнделікті өмірде жиі еститініміз анық. Дұрыс таңдалмаған мамандық – мамандық иесінің өзіне ғана емес, қоғамға да кері әсерін тигізетінін ұмытпағанымыз жөн.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында тұтастай даму кешенінің бірінші бағыты етіп қазақстандықтарды жұмыспен қамтуды белгілегендей, жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі болып табылатыны белгілі. Жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы.
Осы міндеттерді іске асыру және Ақмола облысының білім мекемелерін білікті мамандармен толықтыру мақсатында облыстық білім басқармасы жанындағы Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжі жыл сайын түлектерді жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында, аудандық, қалалық білім бөлімдеріне бітірушілер туралы мәлімет  беріліп, колледжде  «Түлектер жәрмеңкесі» өткізіледі. Сол іс-шараға облысымыздың аудандары мен қалалары үнемі қатысып, түлектерге сұраныс білдіріп жүр.
Түлектерді жұмысқа орналастыру Ақмола облысы білім беру ұйымдарының өтініштері мен сұраныстары және облыстық білім басқармасының бос орындар туралы мәліметтері бойынша жүзеге асырылады. Түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша шараларға тоқталсақ, қалалық, аудандық білім беру бөлімдерімен байланыс орнату, аталған аймақтарда тұратын түлектер туралы ақпарат беру, бос орындар туралы сұраныс жіберу. Сондай-ақ, «Бос орындар жәрмеңкесін» өткізу, «Түлек» ақпараттық жүйесін жаңарту, түлектердің жұмысқа орналасу мониторингі және Ақмола облыстық білім беру ұйымдарымен келісім-шартқа тұру. Соңғы жылы жұмысқа орналастырудың орташа көрсеткіші 88 пайызды құрады.
Колледж түлектері біліктілік, кәсібилік, бәсекеге қабілеттілік, өзін-өзі жетілдіруге дайындық қасиеттерімен танылып жүр. Колледж түлектері тек Ақмола облысы мен Көкшетауда ғана емес, сонымен қатар, Астана қаласы мен республиканың көптеген білім беру ұйымдарында үлкен сұранысқа ие.
Түлектерді дайындау сапасына жұмыс берушілердің қанағаттанушылығы туралы ақпарат алу үшін практика базаларының басшыларынан сауалнама алынды. Са-уалнамаларды зерттеу нәтижесінде колледждің маман даярлау сапасына тұтынушылардың қанағаттануы есеп беру жылында  95 пайызды құрады. Сондай-ақ, түлектердің мансаптық өсуі ұдайы зерттеліп отырады. Мәселен, 8 мектеп директоры, 4 балабақша меңгерушілері, 15 мектеп директорының орынбасарлары, 14 білім беру бөлімі мен балабақша әдіскерлері және аралас салалар басшылары 14-і құрап отыр.
Болашақта мемлекеттік сұраныстың тиімділігін арттыру мақсатында мектеп, аудандық білім бөлімдері және педагог кадрларды даярлайтын оқу орындарының өзара байланысын нығайтса, мектеп әкімшілігі педагог кадрларының сапалық  дамуы, жаңаруы жөнінде перспективтік жоспар құрып, аудандық білім бөлімдеріне сұраныс жіберсе, аудандық білім бөлімі қажетті педагог мамандарының мониторингісін жасап, мемлекеттік сұранысқа енгізсе және  мемлекеттік сұранысты жыл басында бекітуге ұсынса құба-құп болар еді. Түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы әлі күнге дейін толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Керісінше, жылдан жылға көрсеткіші төмендеуде.
Жоғарыда атап көрсетілген мәселелер өз шешімін тапқан жағдайда педагогикалық кадрларды даярлайтын оқу орындарының түлектері мемлекетіміздің мамандар бойынша сұранысын қанағаттандырып, перспективалық тұрғыдан өсуі байқалар еді.  

Ерлан БЕГАЙДАРОВ,
Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжі директорының практика жұмысы бойынша
 орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар