«МАҒАН чипсы әперші!»

Бала деген әрбір ата-ананың көз қуанышы, бақыты деп бекер айтылмаса керек. Бұл орайда, дені сау ұрпақ тәрбиелеу сол ата-ана мен  қоғамның басты міндеттерінің бірі. Сондықтан, балалардың дұрыс тамақтануына ерекше мән бергеніміз абзал. 

Ас – адамның арқауы. Ал, кез келген тағамды тұтыну адам ағзасына үнемі жаға бермейді. Қазақтың «ауру – астан» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Үлкендер туралы осыны айтқанда, баланың дұрыс тамақтануы жөнінде не білеміз? Мектепте оқушылар немен тамақтанатыны туралы  ата-аналар ойланып көрді ме екен? 
Мектеп білім ошағы ғана емес, тәрбие ордасы болып та саналады. Демек, оның материалдық-техникалық базасы, оқу-әдістемелік кешені талапқа сай болуы қажет. Осы орайда, білім ошақтарында оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлген жөн. Бұл бір қарағанда, шешулі мәселе болып көрінгенімен, әрбір ата-ананы ойландыратын-ақ шаруа. Көбіміздің балалардың мектепте қалай тамақтанатынынан хабарымыздың аз екенін мойындау керек. Әрбір мектеп асханасының санитарлық талапқа сай болуы өте-мөте маңызды. Өйткені, қазіргі таңда астан ұшынған, тамақтан уланған оқушылардың жиі кездесіп жататыны жасырын емес. Қазір бұрынғыдай емес, мектеп асханалары көбіне жеке меншікке берілген. Күнделікті ас-суды оқушыларға солар дайындап, ұсынады. Әрине, бұл істі мектеп директоры қадағалауға міндетті. Осындайда «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» деген мақалдың да еріксіз ойға оралатыны бар. Мектеп асханаларында қызмет көрсету қазір тендер бойынша жүзеге асырылады. Сондықтан, тендерді ұтып алған адам талапқа сай қызмет көрсетуге міндетті.
Осы мақаланы жазу барысында қаладағы біраз білім ошақтарын аралауымызға тура келді. Қазіргі таңда оқушыларға қандай тағам түрі ұсынылады? Ыстық  тамақпен қамтамасыз ету жайы қалай? Бағасы қандай? Көрсетілетін қызмет сапасы талапқа сай ма деген сан қилы сауалдарға жауап іздедік.  Бір қызығы, мектеп басшыларын сөзге тартқанымызда бірқатары сауалдарға жауап беруден бас тартты. Мүмкін көңілге қаяу түсіретін жайттар бар шығар. Әлде қызмет сапасы көңілден шықпай ма? Содан күдіктене ме?  Әлдебір сылтауларды айтып, ат тондарын ала қашқан кейбір директорлар біріне-бірі жөн сілтеуден аса алмады. Десек те №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының директоры Дина Башарова бізбен емен-жарқын әңгіме өрбітіп, ой бөлісті.
– Мектеп-гимназиясында 966 бала тәлім-тәрбие алуда. Соның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған 5 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Жыл сайын тендер жарияланып, мектеп асханасына қызмет көрсететіндер ауысып отырады. Бұл өте тиімсіз. Қазіргі таңда бізге жеке кәсіпкер «Баранов В.И» серіктестігі қызмет көрсетеді. Аспазшылар тәуліктік норма бойынша күнделікті дайындалатын ас мәзірін бізге көрсетіп, оны қарап, бекітіп отырамыз.  Асханадан тамақтану үшін күніне бір балаға 120-130 теңге қажет, – дейді мектеп директоры.
«Естір құлақта жазық жоқ» дегендей ата-аналар тарапынан мектеп асханасына қатысты аракідік өкпе-іреніштер айтылатынын да құлағымыз шалып жүр. Осы орайда, Әлия есімді келіншек мектептердегі асханаларға көңілі толмайтынын бір-ақ айтты. Баланың тамағы үшін күн сайын беретін 150 теңгеге оның құнарлы тамақпен қамтамасыз етілуін  қалайды екен.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Ғазиза Дүйсеханованың айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша 93972 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, әлеуметтік жеңілдікке ие 27570 оқушы тегін тамақтанады. Бірақ, бұл көрсеткіш нақты емес. Тендер қорытындысынан кейін бұл жағынан біраз өзгерістер де болып тұрады. 
Осы мақаланы әзірлеу барысында балалар да өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін айтқан болатын. Осы орайда, №6 орта мектептің кейбір оқушылары мектеп асханасына көңілдері толмайтынын жеткізді. Аспазшылардың дайындайтын асына емес, тағамның қымбат тұратынына келіспейді.  Олардың айтуынша, асханада ыстық тамақ ішу үшін кем дегенде қалтаңда 500 теңгең болуы қажет. Өйткені, бір кішкентай пицца 85, картоптан жасалған бәліш 60 теңге тұратын көрінеді. Көпшілік тамақтанатын орталықтардағы асханаларда керісінше баға бұдан төмендеу ме деп ішімнен ой түйдім. Бірақ, бір айта кетерлігі бәліш, пицца, самса дегендердің барлығы духовкада пісірілген. Оған да шүкіршілік. Өйткені, дәрігер мамандар май сіңген тағам бала асқазанына зиян екенін айтады.  
– «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мектеп жасындағы балалардың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі керек. Мектеп асханалары мен буфеттерінде «чипсы», газдалған сусындар сатылмауы тиіс. Білім ошағындағы медбикелер мен диетологтар әр баланың жасына байланысты тәуліктік килокалорийдің мөлшерін белгілеп, дұрыс тамақтанудың алғышарттарын жасауы керек. Балаларды тамақтандырудың үлкендерге қарағанда, едәуір айырмашылығы бар. Тамақ құрамында міндетті түрде қоректік заттар болғаны абзал. Сондай-ақ, тамақтанатын орын санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болғаны жөн, – дейді бұл ретте бізбен ой бөліскен облыстық балалар ауруханасының педиатр дәрігері Қарлығаш Есмағанбетова.
Педиатр дәрігердің айтуынша, барлық ата-аналар балаларын жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт тағамдарымен қоректендіруді естен шығармаулары керек. Өйткені, бұл азықтарда қоректік заттар мол. Сондай-ақ, ол біздің облыста балалар арасында ішек-асқазан аурулары көп ұшырасатын көрінеді. Маманның айтуынша әсіресе, тез дайындалатын қытай кеспесінен балаларды аулақ ұстаған жөн.
Қорыта айтқанда, әрбір ата-ана баласының дұрыс тамақтануын ұдайы назарда ұстағаны жөн. Мектеп былай тұрсын, үйде баланың немен тамақтанатынына назар аудармайтын ата-аналар да бар. Өйткені, оқудан кейін олар үйде көбіне үлкендердің қарауынсыз қалады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, тамақтану мәселесіне ата-аналардың жеңіл-желпі қарағандары дұрыс емес. Оның арты немен тынатынын кім білсін? Өйткені, қазіргі таңда дәрігер мамандар созылмалы ішек-асқазан аурулары мен балалар арасында семіздікке шалдығудың жиілеп кеткені жөнінде дабыл қағуда. Сондықтан, дұрыс тамақтану – ұлт денсаулығының кепілі екенін естен шығармаған дұрыс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар