Жастар үйренетін қасиет

Жалпы, өзге мемлекеттерде мұндай тарихи туындыларға деген ықылас жоғары. Бізде де осы істің жолға қойыла бастағаны қуантады. «Тығырықтан жол тапқан» фильмінен мен тек Ұлт Көшбасшысының ғана емес, мемлекеттің сол кездегі  қалыптасып, даму жолын көре алдым.

«Елбасы жолы» атты киноэпопеяның қай бөлімін көрсеңіз де,  республиканың кешегі тарихы көз алдыңызға келеді.  Фильмді тамашалап отырып, Президент кезінде осындай батыл шешімдер қабылдамағанда, еліміз қазіргі табыстарға жетер ме еді деген ойға келесің. Енді бір жүз, екі жүз жылдан кейін келер ұрпақ осындай туындылар арқылы ел тарихымен танысады. Бұл киноның Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толғандығы аталып өтілгелі отырған шақта жарыққа шығуының өзінде үлкен мән бар. Сол Жәнібек пен Керей хандар аңсаған тұғырлы да ғұмырлы Қазақ елі бүгінде жаһан мойындаған мемлекетке айналды. Бұл жолдағы Тұңғыш Президенттің рөлі орасан.  Міне, фильмде көрініс табатын осы идея, ел жағдайын бәрінен артық қоятын адами қасиет бізге ой салуы керек.
Біз, тәуелсіздікпен тетелес өскен жастар тәуелсіздіктің ел игілігі жолында жасалған қыруар еңбекпен келгендігін  осындай фильмдерден көріп, білеміз. Маған ащы шындықтың бетіне тайсалмай қарап, әділеттілік үшін күрескен Елбасының образы қатты ұнады. Ол тіпті, жұмысшыларға тиісті жағдайды жасай алмаса, қайтадан қарапайым металлург болудан да бас тартпайтынын айтты ғой. Әрине, басшы ретінде бұл жері бізге үлкен өнеге.
Сол кездегі одақтың басты басылымы «Правдаға» ақиқатты ашып жазып, сол арқылы қарапайым халықтың жағдайына Мәскеудің назарын аудартуға да үлкен жүрек керек қой. Тек осы батыл әрекеттен кейін ғана қалада әлеуметтік нысандар салынып, кеншілер қаласы Теміртаудың тамырына қан жүгіре бастады. Біз бұл жерден оның нағыз саяси көшбасшылық қасиеттерінің қалыптаса бастағандығына куә боламыз.
«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, біз егемендік деп аталатын басты құндылығымыздың қадірін, бұл күнге қалай жеткенімізді жастарға ұғындыру үшін Ұлт Көшбасшысындай феномен тұлға жайлы туындыларды көптеп көрсетуіміз керек.  Бұл біздің отаншыл, мақсатшыл, жігерлі жастарды тәрбиелеуге қосқан сүбелі үлесіміз болар еді.

Шахмардан БАЙМАНОВ,
облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар