Тоқтамайтын Тоқтар

Тоқтар екеуміз Алматыда университеттің соңғы курстарында оқып жүргенде кездесіп, танысып едік. Ол журналистика, мен филология факультетіндеміз. Сол жылдардан бері әрі замандас, әрі көкшетаулық, жерлес деп, жақын тартып, сыйласып жүрдік.

Оқу бітірген соң, ол қызметке Көкшетауға кетті де, мен Алматыда қалдым. Міне, осы кездерде елге келген сайын алдымыздан Тоқтар жарқырап күліп қарсы алатын немесе шығарып салатын. Кейіннен, 1987 жылы, тағдырдың жазуымен, анам қатты ауырғасын, Әлия екеуміз  ата-анама қараймыз деп елге, Еңбекшілдер ауданының Кеңащы ауылына көшіп келгенде, Тоқтармен тіпті жақындасып, аралас-құралас болып кеттік. Тоқтардың зайыбы Роза нағыз қазақы қалыптағы, түсінігі мол, кеңпейіл, өрелі жан әрі қаламгер екен. Ақын Қорғанбек Аманжолов пен зайыбы Рахила  барлығы досжар, сыйлас. Бәріміз бір туғандай болып жарасып, жұбымызды жазбай жүретін болдық. Қайнаған қызығы, ыстық думаны мол сол бір күндер  өмірдің қайталанбас сәттері  болып көкейде сайрап тұр! Алматының шырайлы, шуақты әдеби ортасының менің көңілімдегі ойсырап қалған  орнын осындай азаматтар толтырып кетіп еді-ау, сонда!
Тоқтар ақжарқын  еді, ешкімге жамандық ойламайтын, ғайбат сөйлемейтін. Адамдармен  тез тіл табысып, шүйіркелесіп, табысып кететін. Ренжіп, күйіп-пісіп, күйреп түсу дегенді білмейтін, кешегі «шатақтарға»  шырт түкіріп қойып, шаруасын дөңгелете беретін.  Жұмыста алғыр, шапшаң болатын. Орысша-қазақша бірдей сілтейтін еді. Газет ісіне алғырлық, орысша айтқанда оперативтілік керек десек, біздің Тоқаң нағыз «опердің» өзі! Оның алдында ашылмайтын есік, шашылмайтын есеп жоқ: партия-совет заманының иерархиялық  қиыр-шиыр баспалдақтарының иірімдерін жете меңгергені соншалықты, сол кездегі көп жиындарға  дөкейлермен бірге көктен түсіп кеп тұрғанын көргенде, газет басшыларының өзі аузын ашып, қайран қалатын. Қандай да бір суыт ақпараттарды қатпар-қатпар көмбелерден  суырып алуға шебер Тоқтар бөгесін-бөгетті бұзып-жарып немесе айналып өтіп, тоқтамай алға тарта беретін. Сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдардағы Көкше өңірінің атқа мінген партия-совет, шаруашылық басшыларының ішінде Тоқтармен тоқайласпағаны, төс қағыстырмағаны жоқ шығар-ау! Оның сол кездегі қоғам өмірінің сан алуан тақырыбын өзек еткен  жедел  дүниелері облыстық, аудандық, республикалық  баспасөзде орыс-қазақ тілдерінде бұрқырап шығып жататын.
Тоқсаныншы жылдары Алматыда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы болды. Көкшетаудан үлкен топ болып аттандық. «Айсары» совхозының директоры Тоқтабай Қозғанов марқұм бірнеше мұздатқыш – машинаға жылқының етін лық толтыра артып апарды. ВДНХ-да киіз үйлерді тігіп, той-думанды дүрілдеттік. Алыстан келген ағайындармен жүздесіп бір жасап қалдық. Халифа Алтай атамызға сәлем беріп, әңгімесін тыңдадық.  Облыс делегациясы әбден іріктеліп, сұрыпталған өңшең ығай-сығай. Оған Тоқтарды, облыстық газеттің тілшісін, әрине,  кіргізбеген. Бір кезде Түркиядан келген түрік туысқандарды Чапай Әбутәліпов бастаған облыс басшылары  ақ боз үйдің алдында құшақтап қарсы алып жатқан. Құрметті қонақтармен бірге… Тоқтар да жүр мұрны қоңқиып! Бастықтар амалсыздан оны да құшақтап қарсы алды! Әне, біздің Тоқаң, кеңестік «кереметтер» дәуірінің төл перзенті  Тоқтар Баймағамбетов кедергісі көп ақ боз үйге түріктермен бірге еркін енген сөйтіп!
Енді бірде «Невада – Семей» қозғалысы аясында Павлодарда Халықаралық акция өтіп, үлкен ақындар айтысы болды. АҚШ-тан, Шығыс пен Батыстан біраз делегациялар келді. Ішінде… біздің Тоқаң жүр тағы! Жай жүрген жоқ, қозғалыстың белсенді мүшесі болып, полигонды жабысып, бізбен бірге тас оба үйісіп, жалғанға жар салып жазып жүр! «Әй, Тоқа, қоңқиған мұрның мына үндістің көсемінен аумайды ғой!» деп қалжыңдаймын оған, «Невада–Семейдің» қазақ пен үндіс бейнеленген эмблемасын көрсетіп. Әзіліме мәз болады, осындай үлкен істің ішінде жүргеніне разы! Мен де разы болушы едім…
Ол – Қарауыл Қанай бидің ұрпағы. Атасы Баймағамбет дала дәстүрін серт ұстаған, асылдардың сынығы, тамырлы бәйтерек болатын. Өңкей «овкалардың» ортасындағы алақандай Жамантұз ауылынан шыққан Тоқтар сол тамырдан нәр алған, жастайынан қысым көрген ана тілінің қадір-қасиетін жан-тәнімен түйсінген, тағдырына алаңдаған, сары аяздың қысымында шынығып, шыңдалған шымыр рухты азаматтардың сойынан еді…
Тоқтар  Кеңащыдағы біздің үйге жиі келіп тұрды. Ары, Көксеңгір даласына өтіп бара жатып бір соғып, Көкшетауға кетіп бара жатып бір соғып, арқа-жарқа болып қалатынбыз. Сонда оның қасында өңкей сайдың тасындай іріктелген совхоздардың бас мамандары бірге жүретін. Баратын бағытындағы директорларға звондап қойса, олар оны ауыл шетінен күтіп алып жататын. Қорғанбек екеуміз қалжыңдаушы едік: «Біздің Тоқтар мен Мәулидің бастықтарға ебі  күшті, перісі бар! Қолдарынан келмейтіні жоқ!» – деп. Иә, марқұм  қаламгер Мәули Әлімов екеуі әсіресе, баспасөзге жазылу кезінде қыруар еңбек етіп, амалын тауып, аудан, совхоз басшыларына сөздерін өткізіп, тиражды да асырып алатын.
Өмір, тіршілікте сан алуан тұрмыстық мәселелер бола береді ғой, сондайда қаламгер қауым алдымен Тоқтар мен Мәулиге келіп жағдай айтатын. Ал, содан, не керектің бәрін болмаса да біразын жолын тауып осы екеуі реттеп беруші еді. Бармайтын мекемелері, танымайтын мамандары жоқ-ау, сірә! «Остап Бендер!» – деп өзін-өзі көтермелеп, сұқ саусағын жоғары қарай  сілтеп қойып, күлетін еді жарықтық. Сөйткен  Тоқаң да кейде  әлде бір шаруаға әлі келмей қалып, кірісіп кете алмай, кідіріп қалғанда, мен: «Қолыңнан келмесе, ашып айт! Мен онда Мәулиге айтайын! Сенен гөрі Мәулидің қолы ұзын, сөзі өтімді дейді ғой жұрт!» – деп, әзілдеп, шымшып алатынмын. Бітті, Тоқаң тулап шыға келеді. Ұзын құс тұмсығын саумалап жіберіп:  «Кім әй, оны айтып жүрген! Қой, Бәйеке, сәл күте тұр, мен өзім қатырамын бәрін!» – деп, адамның ойына келмейтін неше түрлі айласын тауып, әлгі шаруаны  ақыры тындырып: «Әй, Бәйеке-ай, сен дегенде немді аяйын!» – деп, желдей есіп, күндей күліп кеп тұратын. Ал енді  Тоқтар қолға түспей қалғанда, Мәулиге де осы жобада әзіл айтып отырып-ақ, шаруамызды мойнына артып қоятынбыз! Қадірімізді білген, қалжыңымыз жарасқан қайран қатарларымыз-ай, амал қанша!
Өмір бізді сындыруда,
Сынауда,
Шама да жоқ
Шыңғыруға, 
Жылауға,
Боз қыраулы белден асқан
Құландар,
Белгісіздік
Құрдымына құлауда!
Қайран Тоқаң, Тоқтар досты айналайын Роза алақанына салып-ақ ұстады, еркелігін де, серкелігін де көтере білді. Қауым ел, дос-жаран, ағайын-туыс та оның ақ пейіліне қарай қадірлей білді, құрметтеді. Тынымсыз Тоқтар, тоқтамайтын Тоқтар тағдырдың бұйрығына тоқтады! Иманды болсын, балалары аман-есен өркендей берсін дейміз!

Баянғали Әлімжанов,
ақын-жазушы.

Текті Тоқтар

Өмірден ерте кеткен Тоқтар ағам жайлы мен әрқашан осыны айтар едім. Тоқтардың адамгершілігін, адалдығы мен арлылығын білетін өзгелер де осындай пікірде екеніне сенемін және өзім солай деп ойлаймын.

Өмірден ерте кеткен Тоқтар ағам жайлы мен әрқашан осыны айтар едім. Тоқтардың адамгершілігін, адалдығы мен арлылығын білетін өзгелер де осындай пікірде екеніне сенемін және өзім солай деп ойлаймын.
Тоқаңмен алғаш таныстығымыз сексенінші жылдардың орта кезіне тұспа-тұс келді. Мен облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне жұмысқа қабылданғанымда, ол секретариатта істейді екен. Ақкөңілділігінен шығар, бір-бірімізге іш тартып, жақын араласып кеттік. Жақын араласу дегеннің өзі бір-біріңе ештеңені бөліп бермесең де, көңіл-ниеттің түзулігі, амандық-саулықтың дұрыстығында ғой. Тоқаң өмірден өтер-өткенше әй-шәй деспей, сол қалпымызда қалғанымызға тәубе деймін.
1987 жылы редакциядағы жігіттер алда келе жатқан Октябрь Революциясының 70 жылдығына орай, «Жетпіс жылдыққа – 70 репортаж» деген бастама көтерді. Бұл бастаманың алғаш кімнің ойына келгенін білмеймін. Шынын айтсам, оны сұрап, білудің реті келмепті. Әйтеуір, осылай ұйғарған Қорғанбек Аманжолов, Тоқтар Баймағамбетов және Кәрібай Мұсырманов қатарларына төртінші автор етіп мені қосыпты. Ол кезде мен облыстық газеттің шалғайдағы Ленинград, Ленин және Қызылту аудандары бойынша меншікті тілшісімін. Бір күні Тоқтар телефон шалып, редакциядағы осы жаңалықпен бөлісіп жатыр.
– Әрқайсымыз төрт фамилиямен кезектесіп, жеделдете бір-бір материалдан жазып тұрамыз. Репортаждарымыз мықты болуы керек. Ал, бар күшті сал, – деп қайрап қояды мені.
Алдыңғы бірі аға, бірі құрдасыммен күні бүгінге дейін сыйласпын. Өз қара бастарын да, шығармашылықтарын да жоғары бағалаймын. Оның үстіне Қорғанбек ағам ауылда қара жұмыспен қалып қоймай, әйтеуір, осы кәсіпке көңілім ауған соң журналист болуыма көп көмегі тиген жан. Әскерден келіп, елде токарь болып еңбек етіп жүргенімде, Зеренді аудандық газетінде тілшілік бір орынның бос тұрғанын айтып, тездетіп жетіп, сол орынға ілігіп кетуіме қол ұшын берген осы ағам. Кейін ойлаймын, қатарларына төртінші болып менің қосылуыма қайсысының сөзі себеп болды екен деп. Аудандағы меншікті тілшісіз де редакцияда қызметкерлер баршылық қой. Өзіммен ағалық көзқарасы жақсы Қорғанбек ағам ба, бір-бірімізбен өте сыйлас Кәрекең бе, әлде ақкөңіл, бауырмал Тоқтар замандасым ба? Көңіл шіркін, үшеуін де бағалай тұра, Тоқаң жағына ауып кететіні бар.
Содан әрқайсымыз екі-екіден, он шақты репортажды жазып тастап, 70 жылдыққа қаламымыз одан сайын көсіле бергенде, «тоқтаттық, енді болмайды» деген хабар да құлаққа тиді. Ию-қиюы көп шығармашылық орта емес пе, тегі анау деп, мынау деп, сап тыйылғанға ұқсайды. Аңқылдаған Тоқтар ағам-ай, «мұндай бастама одақта жоқ, әлі Журналистер одағының сыйлығын да алып қалуымыз ғажап емес» деп одан сайын құлшынтып қойып еді. Шынын айтсақ, оған бола жазған жоқпыз сол репортаждарды. Сол кездің өлшемімен алғанда, бойымызға жігер құйған керемет бір тың идея еді. Сол үш жігіттің қайсысының аузынан шықса да, сол кезде бұл жаңашылдықтың жазуға, тек қана жазуға қанаттандыра түскені айқын.
Тоқаң солай менің өміріме қуаныш, жақсылық пен жаңалық жаршысы болып та енді. Онымен талай бірге жүрдік, кең жерде де, қысылтаяңда да бірге сыналдық. Әр қалам иесін көз алдыңда зорайтып та, көптің бірі етіп көрсететін де жазуға деген қабілеті ғой. Тоқаңның бұл жағынан да шоқтығы биік болды. Әсіресе, хабар жанрының хас шебері еді. Тап Тоқаңдай хабарды керемет жазған журналист өз ортамызда әлі жоқ деп білемін.
Сонымен бірге, өзін жеріне жеткізе бағаламаған да азамат. «Жалғыз жігіт, бір үйдің еркесі» деген сөз Тоқаңның синонимі сияқты еді. Солай болса, болар, өмірге көп еркеледі, есті түрде еркеледі, маңдайына жазған аз күнді емін-еркін дәурендетіп өтті десем жаңылмаспын. Журналист ретінде мықтылығы ғой, керек десеңіз, обком хатшылары бір ауыз сөзін өткізе алмайтын СОКП Орталық Комитетінің органы – «Правда» газетінің бірінші бетіне кеңейтілген хабары шығып, оны да атап өткеніміз бар.
Сол кезде Көкшенің өнерлі дейтін көп жастары Тоқаңа үйірсек жүретін. Бұл күнде біразы осы елдің бір-бір белді азаматтарына айналған соларды Тоқтарға жақындастырған не десек, азаматтығы, кішіге қамқорлығы екен ғой. Той-томалақта өзі асаба да, әлгі жігіттер көмекшілері. Сондай інілерінің бірі – Бек бауырымыздың Тоқаңның қазасында басынан аяғына дейін бірге жүріп, жиі-жиі «ағам-ай» деп жанары жасаурағанын көзіміз көрді.
Тоқаңның бойындағы осы бір кеңпейілділіктің жылуы үлкенге де, кішіге де жетіп жататын. Бірде сол кезде бір миллионнан астам халқы бар Алматыда автобус тосып аялдамада тұрмын. Ағылып жатқан машиналар тасқынында өте берген бір такси кейін шегініп келеді. Қарасам, көліктен түсіп жатқан Тоқтар. Күтпеген жерден мына кездесуімізге таң-тамашамын. Аңғарымпаздығын, жолдасқа деген адалдығы мен бауырмалдылығын айтсаңшы. Қаншама адам тұрған аялдамада мені көзі шалып қалып, дереу жүргізушіге «тоқта» деген. Міне, кісілік дегеннің өзі сол. Әйтпесе, түк болмағандай өтіп кетсе, кім біліп жатыр. Сол жылы-ау деймін, біздің үйдегі келінінің де Алматыға жолы түскен. Алдында өзім де көзім жетіп, көріп кеткенмін, билетке дейін алыпсатарлықтың дәуірлеп тұрған кезі. Кассада билет жоқ, есесіне ол қымбат бағаға көлденең көк аттының қолында жүреді. Қайтар жолға билет ала алмай, амалы таусылып, вокзалда отырғанында, бағына қарай Тоқаң кездеспей ме. Содан не керек, қояр да қоймай жоқ билетті кассадан жұлып алып беріп, пойызға өзі шығарып салады. Келіншегім керемет риза болып, аузынан тастамай айтып келгеніндей, біреуге жақсылық жасаймын десе, өзі де, сөзі де бірдей өтімді еді-ау. Әрине, алпысқа да жетпеген аз ғұмырында Тоқаңның да басынан талай жағдай өтті, кейде сол жағдайларға ноқталап өз басын өзі кіргізгендей кездері де болды. Осылай қандай талантты журналист қайын жұрты Түркістан, студенттік жастық шағы өткен Алматы мен туып-өскен Көкшетауының ортасында жүріп қалды.
Ал, 2012 жылы өзіне сыралғы «Арқа ажары» газетіне жұмысқа орналасайын деп келгенінде (кезінде кәсіби журналист Роза жеңгеміз екеуі де «Коммунизм нұрында» еңбек еткен) қызметке қабылдап, бір редакцияда тонның ішкі бауындай қайта жарасып кеттік.
Одан әрі осы біз үйренген жайсаң қалпымен Тоқаң да өмірден озды. Ақтық сапарға шығарып салғанда оттай жалын атқан сөзді мен жан жары Розаның аузынан естідім. Жалғыз мен емес, сол қаралы жиынға қатысып отырған үлкен-кіші, бәрі сілтідей тынып, керемет бір күй кешті. Ол – Тоқаңды бақилыққа қара шаңырағынан арулап шығарып салған қосағының өмірлік серігіне деген мәңгілік махаббат сезімі еді. Соны жүрегі егіліп, езіліп тұрып, жылап, қамықса да, бар қайратын бойына жиып, шебер қиыстырып, айтылмаған сөз қалдырмай, қалай жеткізді десейші. Әйел аузынан ақтық сәтте ілуде бір шығар екеуара сүйіспеншілік пен қимастықтың толағай жыры еді ол. Сол сәтте «артында қанша жұртқа қадір-қасиетін тап осынша аспандата білген мынадай адал жары қалған Тоқаң шынымен бақытты екен-ау» деген сөз еріксіз тіл ұшына орала берген.
Ол ұлы Абылайды хан көтерген Қанай бидің ұрпағы еді. Біз айтқымыз келген тектілігі де содан шығар.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар