Ұстаз – ұлағатты тұлға

Мемлекеттің алға қарыштап дамуының басым бағыттарының бірі – білім саласы. Ел тәуелсіздігін алғалы білім саласы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан тыс қалған емес және республика мектептерінің білім сапасы жақсарып, материалдық базасы нығайып, дамып келеді. Мемлекет басшысы қандай қиын-қыстау кезеңдерде де ұрпақ қамын, ел болашағын ойлап, білімді алдыңғы орынға қойған еді. Қазір біздің, яғни, білім қызметкерлерінің алдында интеллектуалды ұлт қалыптастыру міндеті тұр.

 

Бүгінгі күні облыста жалпы білім беру саласында жиырма мыңнан астам педагог қызмет етеді. Оның 14 мыңға жуығы мектептерде шәкірт тәрбиелейтін мұғалімдер. Мектептердің материалдық-техникалық базасы тәуелсіздік алған 1991 жылдарға қарағанда, әлдеқайда жоғары. Ұстаздар да жыл сайын білімдерін жетілдіріп, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында талмай еңбек етуде. Облыстағы мұғалімдердің тәжірибелілігі мен кәсіби біліктіліктеріне жете көңіл бөлініп, жыл сайын арнайы курстар мен деңгейлік оқу бағдарламалары қатыстырылады. Сондай-ақ, оқушыларды түрлі халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың конкурстарына даярлаймыз. Және де, ұстаздар арасында жыл сайын «Үздік педагог» облыстық байқауы ұйымдастырылып тұрады. Былтырғы 2015 жылы Ерейментау ауданының Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекай Нұрмұханов жеңімпаз атанды.  2016 жылы Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы, магистр Нұргүл Мұқышева мен Көкшетау қаласындағы №18 орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Кенжебаева республикалық байқауға жолдама алып, алдарына жан салмай жүзден жүйрік атанып, облыс атын асқақтатып, жеңіспен оралды. Осындай ғылым мен білімге ден қойып, түрлі конкурстарға қатысып жүрген ұстаздар арамызда аз емес.  
2019 жылдан бастап, Елбасының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық мектептері жаңа оқыту жүйесіне көшіп, жаратылыстану пәндерінен сабақ ағылшын тілінде өткізілмекші және білім ордаларында үштілділік саясаты жүзеге асырылмақшы. Бұл – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімнің білімділігі мен біліктілігі нағыз сынға түсетін жауапты кез. Биылдан бастап бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер бес күндік оқу жүйесі бойынша Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту бағдарламасына сәйкес білім алуда. Осы жаңа оқу бағдарламасымен жұмыс басталмас бұрын 1820 мұғалім «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы филиалының Ақмола облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында арнайы курстарға қатысып, білімдерін жетілдірді. Оның
719-ы бастауыш сынып мұғалімдері. Алдағы уақытта әлі де 2694 мұғалімнің аталмыш курсқа қатыстырылуы жоспарланған. Білім беру саласындағы негізгі жүк пен жауапкершілік міндеті ұстаздар қауымына тіреліп жататынын ұмытпауымыз керек. Педагог мамандардың жоғары кәсіби біліктілігінің, рухани бай жан-дүниесінің арқасында ғана біз білім саласында бәсекеге қабілетті ұрпақты даярлай аламыз. Облыста 6-17 жас аралығында 109690 бала болса, олардың жыл өткен сайын сатылап білім беру жүйесі бойынша бір деңгейге көтеріліп отыратыны белгілі. Әр баланың ата-анадан кейінгі тәрбие беретін адамы, тұлға ретінде қалыптасуға жол көрсетіп, бағыттайтын нұсқаушысы – мұғалім. Ол өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына әсер етеді. Кейбір балалар мұғалімдерінің әрбір қылығын қадағалап, соған ұқсағылары келеді. Сондықтан, ұстаз беделі мен мұғалімдік мамандықтың әлеуеті қашанда басқарманың күн тәртібінен түспейтін мәселе.   
Бүгінде облыста 13682 мұғалім болса, оның 11807-сі жоғары білімді мамандар, ал 1838 оқытушы орта кәсіби білімі бар мұғалімдер. Осылардың ішінде 2109 мұғалімнің жоғары санатты, 4608-інің бірінші санатты,  3886-сының екінші санатты біліктілік дәрежелері болса, 3079 мұғалімнің біліктілік санаты жоқ. Бұл мәліметтен мұғалімдердің 49,1 пайызы жоғары және бірінші санатты мамандар екендігін көруге болады.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, былтыр 137 оқушы халықаралық, республикалық түрлі додаларға қатысып, облыс мерейін үстем етіп, ұстаздары мен жоба жетекшілерінің еңбегін ақтай түсті. 2015-2016 оқу жылында мектеп бітірген 18 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері ретінде Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылды. Мұның өзі ұстаздардың елеулі еңбегінің арқасында келген жетістіктер екені анық.  
Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» деп ұлы ғұлама әл-Фараби бабамыз айтқандай, ұстаздарға ілтипат таныту – адамгершіліктің белгісі. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірт өмірде көздегендей  нәтижеге қол жеткізе алмайды. Тарихта аты қалған Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқандығы мәлім. Олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларында ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, ұстаздан сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алған. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – әр азаматтың міндеті. Мерейлі мерекеміз баршамызға
құтты болсын!

Балым ІЗБАСАРОВА,
облыстық білім басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар