Нұргүлдің биігі

Жақында Астанада «Үздік ұстаз – 2016»  республикалық байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Олардың арасында біздің облыстың мерейін үстем етіп, жүзден жүйрік шыққан Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы, педагогика және психология білім беру магистрі Нұргүл Мұқышева мен Көкшетау қаласындағы №18 орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Кенжебаева бар.

 

«Үздік ұстаз -2016» байқауы – мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан білім саласындағы маңызды шара болып саналады. Аудандық, қалалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, облыстық байқауда жеңімпаз атанып, бас жүлдеге ие болған ұстаздар байқау шарты бойынша республикалық кезеңге жолдама алады. Сырттай форматта өтетін республикалық байқауға қатысушылар құжаттарын ҚР Білім және ғылым министрлігіне тапсырады.
Биыл арнайы комиссияның іріктеуі нәтижесінде мектептер мен колледждердің 48 оқытушысы жылдың үздік ұстаздары атанып отыр. Әр жеңімпазға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің куәлігі мен «Үздік педагог» төсбелгісі және 2 миллион теңгенің сертификаты табыс етілген байқауға қатысуға еліміз бойынша
5620 өтініш түскен екен.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжі ұйымдастырған брифингте оқу орнының мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің оқушылары байқау жеңімпазы Нұргүл Мұқышеваның жетістіктері мен алға қойған мақсаттары туралы естіп білді және өз сауалдарын қойып, оған жауап алды. «Балаларды табиғат және экология негіздерімен таныстыру әдістемесі» пәнінен сабақ беретін Нұргүл Серікқызы:
– Мұндай үлкен марапатқа бірінші рет қол жеткізіп отырмын. Байқаудың түрлі кезеңдерінен өту барысында қиындықтар да кездеспей қоймады. Бұл ретте, маған ұжымым, әріптестерім көп көмек көрсетті. Алдағы уақытта да әріптестеріммен бірлесіп, түрлі шыңдарды бағындырамыз деп ойлаймын. Ол үшін аянбай еңбек етуіміз керек, – деді.
Еңбек жолын Көкшетау қаласындағы «Аққу» балабақшасында тәрбиеші болып бастаған Нұргүл бүгінде өзі болашақ тәрбиешілерді оқытып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуде. Бұл туралы ол:
– Балабақшадағы жұмыс тәжірибем байқау барысында көп септігін тигізді. Сондықтан, менің ойымша, әркім еңбек жолын төменнен бастауы керек, – деп ағынан жарылды. Өнегелі ұстаздың бүлдіршіндерді шын көңілімен жақсы көретіні сырттан қарап тұрған бізге де бірден байқала түсті.
Осы колледждің бір кездегі түлегі  бүгінде өзі оқыған оқу орнының бетке ұстар абыройлы оқытушысына айналып отыр. Осында сабақ беретін аға ұстаздарды үлгі тұтып, олардан көп үйренетінін де жасырмады. Жиын барысында «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегенді айта келіп, алғаш қолына қалам ұстатып, әріп танытқан тұңғыш ұстазы Гүлшара Жаманқызының өз өмірінде ерекше орын алатынына да тоқталып өтті.
Байқаудың мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен біліктіліктері сынға түсетін шешуші сәтінде қатысушылардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпта 20 минут  арнайы сабақ өткізуге тиіс болса, Нұргүл өзінің тәжірибесі мен кәсіби шеберлігінің арқасында  аудиторияны өзіне қаратып, ол сабақты тартымды әрі қызықты өткізе біліпті.
– Бүгінгі күннің ұстаздары жан-жақты білімді, сегіз қырлы бір сырлы болуы керек. Осы талапқа сай Нұргүлдің әлі талай биік белестерді бағындыратындығына сеніміміз мол, – деді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Т.Сәбитова брифинг барысында.  

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар