«Тілек білдіргендердің Бәрі көшірілді»

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген брифингте Есіл ауданының жыл басынан бергі  әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында сөз болды.

 

Аудан әкімі өз сөзін ауыл шаруашылығы саласынан бастады. Өңірде осы сала өндірілген өнім көлемі бойынша көш бастап тұр.  Мәселен,  ағымдағы жылдың тоғыз айында 16700,0 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Оның дені егін шаруашылығына тиесілі.  Биылғы жылы аудан диқандары егістік алқаптың әр гектарынан 13,5 центнерден өнім алып, барлығы 547 мың тонна астық жинады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама жоғары. Сонымен қатар,  ауданда мал шаруашылығы саласында да ілгері басушылық бар. Қазірдің өзінде ауданда ірі қара саны 16,8 мың басқа жеткен. Аудан Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға да үлес қосып отыр. Айталық, жыл басынан бері 2245 тонна ет пен 10500 тонна сүт өндірілген.
Өңірде етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта аудандағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен 166 асыл тұқымды бұқалар сатып алынды. Сонымен қатар,  аудан «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Сыбаға» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысуда.  Мәселен, бір ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша алты жоба қолға алынған. Ал, екінші бағыты бойынша бюджеттен 43,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған қоса, өнеркәсіп саласы мен шағын және орта бизнес те даму үстінде. Осы орайда,  тоғыз айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 3705,8 миллион теңгені құраған. Өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің өсуі «Щучинск механикалық бу қазандығы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Есіл қаласында орталық бу қазандық құрылысы алаңында темір-бетон құрылымдарын жасау және құбырлар орнату жұмыстары бойынша мүмкін болуда.  
Ал, құрылыс саласына келетін болсақ, тоғыз айда 2148 миллион теңгенің жұмысы атқарылды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе жоғары, яғни, 8,0 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараттары тапсырылды. Оның ішінде құрылыс жұмыстарын қолға алған мердігер «Иран» серіктестігі 32 және 73 пәтерлі екі тұрғын үйді пайдалануға берді. Ауданда бұл бағытта тындырылған шаруа жетерлік.
Брифингте  аудан әкімі Аманбек Қалжанов әлеуеті төмен елді мекендер қатарындағы «ұйқылы селолар» – Калачи және Красногорск тұрғындарының мәселесін де естен шығарған жоқ.  Əкімнің айтуынша, осы күні «ұйқы сырқаты» меңдеген бұл селолардың тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру жұмыстары аяқталып, екеуінде барлығы 127 отбасы қалған.
– Калачи мен Красногорскідегі жағдай бүкіл елді алаңдатқаны белгілі. Мұндағы «ұйқы сырқаты» алғаш рет тіркелгеннен бері ондаған адам осы дертке шалдығып, оның себебін анықтау жөнінде бірнеше зерттеулер жүргізілді. Алайда, бұдан еш нәтиже болмады. Сондықтан, облыс əкімі Сергей Кулагиннің тапсырмасына сәйкес біз аталған селолар тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіруді  қолға алдық.  Ол үшін алдымен əкімдік тарапынан  барлық тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді аудан әкімі. – Осы күнге дейін 78 отбасын облыстың əр ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары көшіріп алса, Жарқайың ауданының Державинск қаласына 39 отбасы, Есіл ауданының орталығы  Есіл қаласына 97 отбасы (алғашында 43, кейін тағы 54 отбасы) қоныстандырылды.  Ал, Калачи селосында қалған 108 отбасы мен Красногорск селосында қалған 9 отбасына (барлығы 127 отбасы) 1 қыркүйекке дейін көшулеріне уақыт берілді. Алайда, аталған отбасылар түрлі себептермен қоныс аударудан бас тартты.
– Біз əрине, ешкімді күштеп көшіре алмаймыз. Сондықтан, көшкілері  келмейтіндер отырған орындарында қала береді. Оларға арналған Есілдегі 20 жəне Державинскідегі 36 пәтер үй кезегінде тұрған жетім балаларға берілді. Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аталған селолардан қоныс аударылғандардың барлығына жаңа пәтерлер жеке меншігіне берілетін болады, – деп атап өтті Аманбек Қалжанов. Аудан əкімінің айтуынша, көшуден бас тартқан Калачи және Красногорск селоларының тұрғындарына қалай болғанда да əкімдік тарапынан жағдай жасалына бермекші.
– Қазіргі кезде осы екі селода барлығы 23 бала бар болса, оның 20-ы Есілдегі мектеп-интернатта білім алуда. Олар автобуспен тегін тасымалданады.  Ал, қалған 3 бала селода  оқиды. Сол үшін бастауыш мектепті  ұстап отырмыз.
Сонымен  қатар, өңірде  Елбасы Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына да жете көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылған.
Брифинг барысында  журналистер аудан әкіміне өңірдің басқа да әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты сауалдарын қойып, жауаптар алды.

Аслан ОСПАНОВ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар