Жастарды қатерлі ағымдардан қалай сақтандырамыз?!.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен «Дін және мәдениет» атты дөңгелек үстелде осы мәселе талқыланды.

Еліміздің басты байлығы – татулығымыз бен бірлігімізді сақтауда дінаралық қатынастарды реттеу, жастарымызды қатерлі ағымдардың ықпалына түсуден сақтандырудың мәні зор екендігі белгілі. Осы орайда, аталмыш шарада дін мен мәдениет, ұлттық салт-сана мен құндылықтар жайында толымды пікірлер айтылды.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның төрағалығымен өткен отырыста облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих магистрі Ғалымтай Төлепберген, облыстық дін істері басқармасы жанындағы «ЦАРМО» мемлекеттік мекемесінің бөлім жетекшісі Данияр Тоқсанбаев және кітапхананың мерзімді басылымдар залының жетекшісі Күлзада Мұхамедқалиева өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Бүгінгі күні облысымыздың аумағында тіркеліп, жұмыс істеп жатқан 228  діни бірлестік бар екен. Олардың басым көпшілігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарайтын мешіттер.  Католик, православие сияқты христиан бағытындағы діни бірлестіктер, сондай-ақ, Бахай сияқты дәстүрлі емес ағымдар да бар. Облыстық дін істері басқармасы басшысының айтуынша, христиан баптистері ағымының өкілдері ресми тіркелуден бас тартқан. Тек көктегі құдайдың заңына ғана бағынамыз, мемлекеттің заңы бізге бедел емес деп санайтын мұндай ағымдар да кездесіп қалады. Қазіргі таңда облысымызда ресми тіркелген 59 миссионер жұмыс істейді. Олардың біразы шетелдерден келгендер болса, өз еліміздің адамдары да бар. Адамдарды, әсіресе, жастарды қатерлі діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру мақсатында теолог мамандардан, дін саласының сарапшыларынан құрылған арнайы ақпараттық топтар жұмыс істейді. Діни ағымдар тарапынан туындайтын қауіп-қатерлерді түсіндіретін жетпіске тарта деректі фильмдер бар екен. Ол фильмдер түрлі аудиторияларда көрсетіліп, түсіндіру жұмыстарына пайдаланылуда.
Биыл жазда Ақтөбеде болған лаңкестік оқиға «жау жоқ деме, жар астында» деген қатерді еске салғандай болды. Біраз жазықсыз жандардың қанын төгумен аяқталған бұл лаңкестікті ұйымдастырушылардың сәлафи ағымының өкілдері екендігі туралы Елбасының өзі атап көрсеткені белгілі. Өкініштісі сол, жас бастарымен қауғитып сақал қойған жігіттер мен бастан-аяқ қара матамен бүркеніп алған қыз-келіншектерді Көкшетаудың көшелерінен де жиі кездестіретін болдық. Жастарымыздың жат діни ағымға елігуінің негізгі себебі, ұлттық дәстүрлеріміз бен мәдениетімізден аулақ болуынан деп санайды тарихшы ғалым Ғалымтай Төлепберген. Қазақстың ұлттық дәстүріне сай ата-ананы, үлкенді құрметтеу, өлілерге құран бағыштап, қабірлерге зиярат ету шарт болса, сәлафилер өз ағымын ұстанбайтын ата-анадан, туыс-бауырдан безуге, қабірге зиярат етпеуге үндейді. Ұлттық мәдениет пен дәстүрді санасына сіңірген жастар оған қайшы келетін әрекетке ешқашанда бармайтыны анық. Ал, ұлттық дәстүрден, ана тілінен  аулақ өскен жастар сондайлардың шылауына тез ілесіп кетеді деп санайды ол.
Қазіргі ақпарат ғасырында жастарымыз интернетке ден қойғаны жасырын емес. Бүгінгі күні елімізде әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны он миллионнан асыпты. Мұның өзі әлеуметтік желілер, жалпы, интернеттің адамдардың санасына елеулі әсерінің бар екенін  айғақтайды, – дейді «ЦАРМО» мемлекеттік мекемесі ақпараттық түсінік жұмыстары бөлімінің жетекшісі Данияр Тоқсанбаев. Осыған орай, құзырлы органдар әлеуметтік желілермен жұмысқа ерекше көңіл бөлуде. Сәлафи, уахаби сияқты қатерлі ағым өкілдері адамдарды негізінен, әлеуметтік желілер арқылы тартатынын тәжірибе көрсетуде. Осыны ескеріп,  аталмыш мекеме бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар жүргізуде.
Біздің елімізде ғана емес, әлемнің біраз мемлекеттерінде бейбіт халықтың тыныштығын бұзып, жазықсыз жандардың қанын төгіп жатқан лаңкестік әрекеттер әредік бой көрсетуде. Діннің атын жамылып, осындай теріс әрекеттер жасап жатқан қатерлі ағымдардың өкілдері біздің елімізде де әр жерден байқалып отырғаны жасырын емес. Осы орайда, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел шарасы оған қатысқан жастарға игі ықпалын тигізгені анық.

Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар