Әділ сөздің алдаспаны

Қарауыл Жазы би

Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, аталы да баталы, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтатын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздің иесі – билер. Солардың    бірі 1798-1883 жылдары өмір сүрген айыртаулық  Жазы би Тілекеұлы.

Жергілікті ақын Бекболат Махметов «Жанымның үзік сырлары» кітабында «Тудырған Жазы би мен Орынбайды, әкелген Гәккулетіп  Ыбырайды» деп  Ақан сері, Шоқан  сияқты небір дүлдүлдер өмірге келген Айыртау топырағын тебірене жырлайды.
Жазы жастайынан зерек, сөзге шебер, өлең шығаруға, ән айтуға құмартып өскен. Өнерге бейімділігі басым болғандықтан,  ертегі, аңыз әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан көп сусындаған. Орынбай,
Арыстанбаймен, Ақан серімен кездесулері сөз өнері жолына түсуіне себепші болған. Атақты айтыс ақыны  Орынбай Бертағыұлының «Жазы биге» деп аталатын арнауы да бар.
Біреуге жасаған жақсылығыңның шапағаты түптің түбі өзіңе қайта айналып келеді дейді қазақтың даналық сөзінде. «Даналықтың бір ұшы – адамгершілік. Би болғаннан не пайда, халқыңа пайдаң тимесе.  Жігіттің жақсысы жөн сөзге тоқтай білгені, басқаны сөзіне тоқтата білгені», деген екен Жазы би. Ол өз халқына жан жүрегімен қызмет етіп,  ұлтжандылықтың тұма бұлағын суалтпауға тырысқан, елін сүйген. Әрі осыны құр сөзбен емес, бар болмыс-бітімімен, бүкіл саналы тірлігіндегі қам-қарекетімен дәлелдеген бекзат жан.
90 жастағы Жазының немересі Қаппас Құлмағамбетұлы «Жазекем өз заманында Атығай, Керей, Қарауыл, Уақтың белгілі адамдарымен, Шыңғыс Уәлиханов, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Есеней би, Жанбота болыспен  араласып, аймақта өткен жиын той, ас, қонақтарды қарсы алу жоралғыларына, қазақ даласына патша үкіметі тарапынан жасақталған экспедиция жұмыстарына қатысқан. 7 дуанды аралап, 5 генерал-губернатормен қол алысқан адам болған»  деп отырады екен.   Қоскөлдегі Қорамса Ұлыкөлді жайлаған Қожағұл ауылдарына Тілеке  баласы – Жазыны ерітіп, жиі барып тұрған. Қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосып, өшпейтін өнеге, тозбайтын асыл мұра қалдырған, тағдыр бірде аялап, бірде алдаған Ақанның серілік өмірінің де ыстығы мен суығын  Жазы би  бөліскен.  Ақан серінің Құлагері Көкшетаудағы Шағалалы өзенінің теріскей беті – Қызылжарға шығатын жол жиегінде Сентябрь жәрмеңкесінде  өткен аламан бәйгеде, Омбыдағы Қаржастың асында, Торғай дуанының Қыпшақ еліндегі үш жүзге сауын айтылған аста, Сарыарқаға аты шыққан Аққошқар Сайдалы асында да  бас бәйгені алады. Сонда бұл астарда Саққұлақ бидің баласы Нұралы, Зілқараұлы Әлібек, Жанбота болыс, Біржан сал мен Жазы да бірге болған.   
Көлдейден Қалдарбайқызы Жаухар кейуана  Жазы бидің паң Нұрмағамбет Сағынайұлымен таныс болғанын айтқан екен. 1876 жылы Сағынайға Ереймен етегіндегі Қусақ көлі жағасында берілген асқа Жазының қатысқанын үлкендерден естіген.
Екі атаның арасында туындаған үлкен дауды Жазының ушықтырмай шешкенін жоғарыдағы айыртаулық ақын Бекболат Махметов те мысалға келтірген. Көрші ауылдың бір адамын Жазы бидің  туыстарының бірі байқаусызда өлтіріп алады. Жаулыбайлар генерал-губернатордан соттауды сұрайды. Орысша жақсы білетін Жазы би қонақтар отырған жерге тамақ алып кіріп, губернатормен шешіле сөйлеседі. Сөйтіп, сүт пісірім уақытта болған жағдайды түсіндіріп, екі атаның арасындағы үлкен дауды шешу үшін туған қызы Ақбілекті адам құны орнына береді де дауды басады. Бірақ, қоныс аударуына тура келеді. Сырымбетке келіп,  Уәли баласы Шыңғыстан жер сұрайды. Осылай Қамсақты жағасынан жер алып, Жанай, Жабай көлдері жағасын  қоныстанады.  
1830 жылы губернатор Вельяминов  Қараөткелге  жіберген Ф.Шубиннің  әскери экспедициясы қазіргі Қосшы елді мекеніне қаққан қазықты қазақтар суырып алып, Есілдің оң қапталына  әкеліп қағады. Сол жерде бекініс салынады. Осы экспедицияға қатысқан  Жазы бидің жүрегіне ауыр тиген бір жәйт, ол – отарлаушылардың қазақ жерін, елін  басынып, оған астамшылықпен қарағаны еді.   Жазы би сондай-ақ, 1865 жылы Батыс Сібір губернаторы А.Дюгамельді қарсы алуға жиналған қазақтардың сұрауымен құйқылжыта ән салып,  халықтың назарын өздеріне аударған Жаяу Мұсаға  әлімжеттік жасаған Баянауыл округінің дуанбасы М.Шормановты, Біржан салға қол көтерген Жанбота мен Азнабай болыстардың қылығына да наразы болған.
Әрине, өз заманының бетке ұстар тұлғасы Жазы би Тілекеұлының болмыс-бітімін жан-жақты ашуымызға уақыт табымен көмескіленіп, тірнектеп жинауға тура келген қолда бар деректеріміз әлі де аздық етеді. Сондықтан, халқымыздың өткеніне жіті көз жүгіртіліп жатқан қазіргі уақытта бұл олқылықтар бірте-бірте толықтырылар деген үміттеміз.
    Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар