Бұлттар көшіп барады ауыл жаққа

– Біздің ауыл Сарысу өзені бойында, Қарсыадыр белдерінің құшағында отыратын ол кездері. Мал ұстаған елге қыстың боранды-шашындарынан пана, жер аяғы кеңіген уақытта шөбі шүйгін, суы таза бұл өңірлердің. Бәрін айт та, бірін айт, Жаңаарқа жерінің бұл қолтығы киіктің, түздің өзге де аң-құстарының жаз бойы, Сарысу өзені мен осы өлкенің ондаған көлдерінің беті мұзқабыршақтанып қатқанша, жыртылып айырылатын аймағы еді. Соның бәрін осы заманның белсенділері есепсіз атып, құртты ғой, – деп бастады хикая-сын Дүкенбай аңшы.
Қазақы әңгімеге жүйрік, бойы шарғы, алпыстан асса да, денесінің еті әлі солмаған, ширақ, әзіл-қалжыңға жарқырай күлетін, көкірек көзі ашық, зерделі, жады мықты жан.
– Хош делік, сол жылдары біздің елде киік орасан көп болды. Қарсыадырдың бірі-біріне жалғасып жататын қыраттарының арасындағы шөбі сирек өсетін, топырағы ылғалдау айтақырлары сол желтұяқ жануарлардың Арқаның ми қайнатар ыстықтарында бір сәт дамылдайтын мекендері-тін. Тұяқтарымен тарпып, саздауытты қазып, бауырларын салқынға төсеуді ұнататын киіктер ерте көктемде сол жерлерде төлдейтін. Әдетте, даланың шеңгелі мықты қыран құстары жаңағы тұстың аспанында қаптап, айналып жүреді. Киіктің үйірін іздеген аңшылар көк жүзін кезген сол қанаттыларға қарап, дала еркелерінің жиналған маңын дөп басатын. Бауырын әлі көтермеген, жаңа туған киік лақтарын салақтатып, іліп әкетіп бара жатқан қара құстарды талай көргенбіз…
– Құралайдың салқыны түспей, киік шіркіннің төлдері бауырларын көтере алмайды ғой. Әсілі, түз тағысының ішінде осы киік тұқымы тым нәзік пе қалай? Әкелеріміз бала кезімізде киік текесінің кеңсірік шеміршектерінің майын пісіртіп беретін. Балқып қайнағанда, балалардың тәтті балмұздағындай болушы еді сол еттері!.. Аңшы әңгімесіне қаламдас көршім Көшекең де қосылып қалды.
…Бұл шақ – мамырдың маусымға ауыса бастаған кезі. Ертеңгі нөсер жауыннан соң Астананың аспаны салқын қабағын әлі жылыта қоймаған. Ет десе, есі шығатын қазақ емеспіз бе, өкпек желдің өтінде отырған біз әңгіменің бұл тұсында бір тамсанып, жұтынып қалдық.
– Киіктің етіне жететін дәм бар ма, шіркін! Оған теңесер, тек қысқы қарды тұяғымен аршып, тер сіңбей, тебінде семіретін жылқының қоңы ғана ғой, – деді Көшкінбай көршісінің жаңағы сөзіне дәмді әңгімесінің арнасын аударып үлгерген Дүкенбай аңшы. – Қар алғаш қылаулағанымен, жотасына жабысып қалуға жарамай, іле еріп кетіп жататын күздің қысқа енді бет алған, бірақ, көксоқтаға алыстау мезгіліне дейін Сарысу бойынан Бетпаққа кетуге Жаңаарқаны қимай жүрген «хош-хош дәурен» күндеріне әбден семірген киіктің текелерін атып алып, жеңілдеу тұздап, артынан сәл уақыт жіберіп, қарашаның тұңғыш қарлы боранында сойылған күздік жылқы етінің астына бастырып тастасаңыз, біраздан соң, әлгі киік еті сары алтындай қақталып қалар еді. Күздігіңіздің жылы-жұмсағының ара-арасында киіктің сол мейіздей болып, сүрленіп үлгерген етінен асқызсаңыз, Арқаның небір қақаған аяздарында «ханға сәлем» бермейсіз.
Дүкенбай аңшы осылай деп бір тоқтады да, жан қалтасынан оймақтай ғана шыны шақшасын алып, тілдей жұмсақ, ұлпа қағазға көк бұйра насыбай орай бастады. – Өстісең, бұл құрғырдың ашуы басылады, – деді кішкене көздері күлімдей қалып.
– Хош, делік! Әсілі, киікті қумай, атып алған аңшы – нағыз сұрмерген! Сол жылдары жазда таңғы шық шөп басынан құламай тұрып, қорабын ағытып тастаған мотоцикліме мініп, адыр-адырды қуалап кетуші едім. Бір биікке шығып, алыстарға дүрбі саламын. Киіктердің самал ескен қырат-белдердің баурайларында ғана алаңсыз жайылатыны белгілі. Өйткені, техника мінген аңшы жота-жотаның арасында жататын аса секемшіл киік үйіріне көлігінің моторын ышқынтпай, маңайын шулатпай шыға алмайды. Ондай жер киіктің үрке қалса, лезде қыр асып, көзден тасаға тартып отыруына қолайлы. Жазық жерлерде жануарлар аңшының қармағына тез түседі. Техникалары атқан оқтарынан да жүйрік қой кейде адамның. Соны білетін киіктер реті келсе, жазық жерден гөрі тау арасын, бел-белестер баурайларын паналайды. Атқа тақым артып аңшылық жасайтын мәрт жұртыңыз сирек, бұл заманда.  Әдетте, қыл құйрық мінген мергеннің мүмкіндігі ғана қашқан аңның қуат-айласымен таразы басы тең жатады. Бірақ, ондай әділдік қайда…да…да!
Бірде күн арайы енді-енді далаға жайыла бастағанда, ауыл сыртында бүк түсіп жатқан қыраттың төбесіне көлігімді дүрілдете шығып едім, дүрбіме екі шақырымдай жерде таңғы салқынмен бырдай болып, жайбарақат алаңсыз жайылып жатқан киіктің үлкен бір үйірі ілінді. Алды-арттарында қарауыл қараған оншақты текелері көрінеді. Әлгілері аса сақ, мүйізді бастарын асқақтата көтеріп, жан-жақтарына сезіктене қарайды. Мұндай секемшіл болар ма. Байқаймын, өздері де түктері жылтырап, шырыны тамшылаған көкке әбден семірген сыңайлы. Мотоцикліммен қыр басынан құлдилап, әп-сәтте жетіп баруыма, сосын үйірді түре қуып, олжаға кенелуіме болар еді. Бірақ, қуып жүріп, қан сорпасын шығарып, атып алған киік етінің дәмі таңдайымды тұшытып көрген емес. Менің аңшылық тәсілім – мергендік. Алыстан барлап, тобылғы-талды таса етіп, киік текелерінің ең семізін және бағыландай былқылдап тұрғанын ғана атып алатынмын. Ондай киіктің сорпасының өзі алтындай жарқырап, қуаты қымыздай кекіртеді. Мылтығым қашанда «мелкашке», дауысы жоқ, сырт ете қалады және бармақтың басындай жалғыз оқты…
– Ой, пәлі! Өзіңіз кәдімгі құралайды «көзге атқан» сұр мерген болғансыз ғой, сірә! – дейміз, ауылдан Астанаға көшіп келгеніне жыл асса да, салқар даласын сағынған солығы әлі басыла қоймаған Дүкенбай аңшыға бір түрлі аянышпен қарап. Елдегі алтын сарайдай кең үйін еріксіз тастап, кентті жерге үдере көшкен ауылдастарымен шаһарға ат басын тіреп, банктен алған несиесі үшін айына бүкіл отбасының табысын қосып, 150 мың теңгеден төлеп отырған дала серісін аямау да мүмкін емес еді.
– Сол жылдары киік атуға таңмен таласа және ыстық қайта тәулігіне екі рет шығып, ауылға күніне төрт текеден әкеліп жүрдім. Бала-шағамның несібесі өз алдына, киіктің қалған етін ауылдағы жетім-жесір, шал-шауқандарға, сыйлы деген қариялардың шаңырақтарына апарып беремін.
Дүкенбай аңшы осы тұста мен отырған жаққа бір қарап қойды. Түсіне қалдым. Молдау бір қарыз ақша сұрап келгенінде, қолдың қысқалығынан бере алмағам. Жазушы-жорналшылар табысты күреп алады деп ойласа керек.
– Сол жолғы аңшылығым есімнен кетпейді, – деп, әңгімесін одан әрі тарқатты Дүкенбай аңшы.  – Қыр үстіндегі тарғыл тасты тасалап, біразға дейін әлгі тұсқа дүрбі салдым. Текелердің семізі-ай! Мойындары әзер бұрылады. Тұяқтарымен жер тарпығанда, тастақ жердің шаңын қасқырша бұрқыратады. Мұндай әлеует, қайрат дені сау, марқайған, тояты мықты текелерде ғана болады.
Алдымда үлкен қаңбақ жатыр екен. Тәуекел деп, соны алдыма ұстап, «мелкашкемді» қапталыма қабыстыра сүйретіп, дүрбімді жотама тастап, еңбектей жөнелдім. Күн де ептеп қызуын күшейте бастаған. Әлхисса, Жаңаарқа жерінің тобықтай-тобықтай тастарын кеудеммен сыра, жайбарақат жусап жатқан киік үйіріне кем дегенде екі шақырымдай жыланша сусып барып, жүз метрдей қалғанда тоқтадым. Үйірге жел жақтан тақағандықтан, текелер таяп келгенімді сезген жоқ. Дала жарықтықтың нәрі бетіне шыққан изен, бетеге, көдесінен тістерін ажырата алмай жатқан киік үйірі алаңсыз. Өзім тасалап, домалатып әкелген қаңбақтың шырмауығы қалың, дөңбектей үлкен. Содан «қанды басын бері тарт» деп, асықпай көздеп, шүріппені басып қалдым. Маңқиып, Қарсыадыр қыраты жақтағы үйіріле бастаған ақ шарбы кезбе бұлттарға қарап тұрған дәу теке қисайып, құлай кетті. Сырт еткен «мелкашкенің» дауысын ести алмаған үйір алғашында не болғанын түсіне алмай қалды. Қақ жүректен атқандықтан, туламай құлаған теке сырттай қарағанда, отқа тойып, дем алуға тізе бүккендей көрініс берді білем. Тәуекел деп, іле үйірдің екінші басындағы текені де түсірдім. Бұл жолғы оғым шалыс кетіп, басынан тигендіктен, теке атылып, көкке шапшып, шаңырақтай мүйіздерін шайқап барып, жанталаса тізе бүкті. Осыдан кейін ғана киік үйірі қоғадай жапырылып, ұлан даламен безіп ала жөнелді. Сарыарқамен жоңғардың қалың әскері жосып бара жатқандай, киік үйірі толқын-толқын болып таусылар емес. Мұншалық байлық, ризыққа қызыға қарамау мүмкін бе?..
Атып алған жаңағы екі текем де ерекше семіз болды. Үйге келе еттерін кесектеп турап, бұрыштап, жалбыз араластырып, тау етегінен теріп алған түз жуасын және қосып, айналдырылған, әбден тазаланған қарындарына салып, сақылдап қайнап жатқан ауладағы үлкен қара қазанға салдым да жібердім… Жер ошақтың астындағы күн көзіне кеуіп қалған қарағай бұтақтарының маздап жанған жалыны үстіне қыр етегінен әдейілеп жиналған, үгіліп тұрған ақ тезектерді тастап-тастап жіберсеңіз, танауыңызға далада жаққан оттың айрықша исі келеді. Оған киік етінің балбырап пісе бастаған сәтіндегі жұпарын қосыңыз, сонда, қалаңыздың ешқандай «ресторанының» мәзірі әлгі тағамның жібін есе алмай қалады.
– Ойпырым-ай, тәтті етке бір кенелген екенсіз, – деді үнемі апалақтап жүретін алакөз шал, тісі жоқ иектерін көрсете, тамсанып қалып.
– Механизаторлардың далада шөп буған сымдарын отқа қақтап, жұмсартып, тұзақ жасап, жыңғыл-жыңғылдың арасынан біздің әкеміз де қоян ұстап әкелуші еді, – деді ауылын сағынған қалалық қарияның бірі жан-жағымыздан тас қамалдай қоршап, көкжиекті көрсетпей тұрған шаһар үйлерінің керең қабырғаларына жалтақтай қарап.
– Біздің ауылымызда да бір жойқын мерген болып еді. Қашқан киіктердің алды-артын орай, топырақты бұрқ еткізе, оқ атып, үйірді үркітіп, керек жеріне бағыттап алып, жусатып салатын.
– Жаңаарқада 20 мың киік қалды деген рас па екен?
Үздік-создық айтылған бұл сөздер жауыннан соңғы даланың жылғаларындай енді бастарын біріктіре алмай, сондығынан Дүкенбай аңшының әлгі әдемі әңгімесі жаңа бір оқиғалармен сабақтаспай қалып қойды.
Бәріміз көкке бойлап, өсіп бара жатқан ауладағы биік-биік қарағайлардың басын шалып жүрген аспан аясындағы ақ шарбы бұлттарға көз тіге қалдық. Ерке қыздың мойнындағы жібек орамалдай үлбірген ақша бұлттар ауыл жаққа қарай маңып, асыға көшіп
бара жатыр…                                                                                                                                                                           

Смағұл Рахымбек

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар