Сахнада – «Шәкәрім» драмасы

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театрында драматург Темірболат Ахметовтың «Шәкәрім»  драмасы сахналанды. Автордың айтар ойын терең зерделеген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспановтың сәтті шешімі мен актерлердің қажырлы еңбегінің арқасында қойылым көрермен көңілінен шықты.

 

Шәкәрім Құдайбердіұлының ғұмырының бір бөлігін қамтитын, асыл ойларын айшықтайтын, ізгі, мағыналы мұратын көз алдыңа келтіретін көркем дүние ғұламаның туғанына 150 жыл толуына арналып отыр.
Айтары көп айтулы шығарма Шәкәрімнің тұлғасын ғана емес, тұғырын да биіктетті. Тағдырдың талай теперішін көріп, жазықсыз қудаланған қазақ зиялыларының қилы-қилы тағдыры әркімді болсын ойлантуы тиіс.   Қойылым барысында сол бір зұлматты заманның салқын лебі есіп тұрғандай әсерде боласың. Қазақтың басына төнген нәубетті алдын-ала біліп-сезіп отырған ақынның өз өлеңдерінде осы бір сүреңсіз көріністерді суреттеген терең астарлы философиялық ой орамдары, жүрек толғаныстары  кімді болмасын ойлантқандай еді.
Атадан қалған ақ сауыт,
Арамға әбден былғанды.
Басшысы жоқ сорлы елдің,
Малы мен басы ылғанды.
Таспиықты тастап тас алып,
Сәлде аяққа шұлғанды.
Өнер қылды «жақсылар,
Қасқырша елін жұлғанды…
Сезім қылын шертер, санаға сәуле себізгілетер сыршылдық та осында. Адамның ішкі әлемін ашуға талпыну, қуаныш пен реніш, сүйініш пен махаббат жайын безбендеу бар. Бұл – бір адамға, бір ұлт өкіліне ғана емес, өмір заңын түйсінген тіршіліктің шектеулі екендігін мезгілінде байыптаған кез-келген адамға ортақ түйін.    Большевиктердің қанқұйлы саясатын көріп-біліп отырса да, кіндік қаны тамған туған жерін тастап, жайлы орын іздеуден бас тартқан Шәкәрімнің, елден безбеймін деп ажал құшуы осы шектеулі ғұмырды мағыналы, мәнді ету өмірдің  басты мұраты болуы керек екендігін айқындаса керек.

Өз қара басын күйттеген ит мінез, пасық ойлы  НКВД тергеушісі Абзал Қарасартовтың абыз Шәкәрімге ойлап жасаған айласы, оның ардақты есіміне қара күйе жағып, пәле жабуы, сөйтіп, ел арасында бүлік шығаруы қай қоғамда болмасын екіжүзділік пен жауыздықтың, надандық пен жамандықтың қатар жүретіндігін аңғартады. Қалай дегенмен де, Шәкәрімді «халық жауы» деп қаншалықты айыптағанымен, қай дәуірде де әділдік, адалдық, шындық үшін күрес жеңеді. Олай дейтініміз, кешегі халық үшін ажал құшқан қазақ зиялыларының ардақты есімі бүгінгі күні ұрпағы үшін мақтаныш  емес пе. Басты рөлді сомдаған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Құмарбек Қалқатаев  Шәкәрімнің портреттік бейнесі мен рухани образын үйлестіріп  сахналады. Актердің шеберлігі сонда, көрерменін кейіпкерінің іс-әрекетіне сендіріп қана қоймай, бүгінгі қоғаммен астасып жатқан адамдардың арасындағы қарым-қатынасты шынайы жеткізіп, жүректі тебірентуі. Сонда ғана оқиға да, кейіпкер де есіңізде сақталып қалады. Сахнаға жол тартқан шығарма режиссердің иелігінде. Осы тұрғыдан келгенде, қойылымның аяқталуындағы шешім нанымды.
Драманың қоюшы режиссері  Мұратбек Оспанов,  суретшісі Ләйла Нәбиева. Шәкәрім – Құмарбек Қалқатаев,  Дархан – Төлеубек Көңбай, Федор Федорович – Қайрат Мырзаболатов, Бағлан – Жанар Құсайынова, Тамара – Айна Жүнісова, Гүлжан – Зафура Арзымбетова, Зият – Санжар Ақмағамбетов, Шәмшіқамар – Қарлығаш Әбдірахманова, Абзал Қарасартов – Медет Хамзин секілді актерлердің есімдерін атап өтсек дейміз. Қойылымды тамашалауға келген көзі қарақты көрермен театр ұжымы актерлерінің  рөл сомдаудағы шеберліктеріне тәнті болып, жоғары бағасын берді.
Құдайдың хақтығына, пайғамбардың ақ жолына бас иген Шәкәрімнің асыл қазынасы Алаш баласы үшін мәңгілік мұра болып қала бермекші. Көрерменге үлкен  ой салып, жан дүниесін рухани байытып,  болашағына бейжай қарамауға үйрететін, сол арқылы ақ пен қараны ажыратып, биікке шығар тұсын меңзейтін мұндай қойылымның көрерменіне берері мол.

Байқал БАЙӘДІЛОВ, Ұлмекен ШАМЕНОВА.   

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар