Жас шіркін, жер ортасынан ауған соң өткен өмір, өскен орта, қара ормандай қалың ел, жанға ыстық ауыл жақ қайта-қайта ойға оралады екен.

Ана бақыты

 

Ауылмен бірге өзі өскен қара шаңырақ та. Қара шаңырақтың иесі әкесі Қалиолла Дайырұлы Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Жаңа ғана үйленіп, шаңырақ көтерген өрімдей жас 1941 жылы майданға шақырылған.

 

Атам қазақ «жазмыштан озмыш жоқ» демей ме, 1943 жылы қапияда тұтқынға түскен. Ол уақытта тұтқынға түскен адамның ақ-қарасын ешкім айырып жатпайтын. Оған уақыт та жоқ еді және жан алып, жан беріскен қан майданда бет қаратпайтын қаталдық үстемдік құратын. Кейін неміс фашистерінің азап лагерьлерінде болды. Болды дегеніңіз жай ғана сөз, оның тақсыретін ауызбен айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес. Тағдырдың соқпақ жолы қиырдағы Италиядан бір-ақ шығарған. 1944 жылы бір топ совет жауынгерлері азап лагерінің қоршауын бұзып шығады. Үміт жетектеп, арман алдан аз ғана сәулесін сеуіп. Ендігісі партизандар құрамасы қатарында басқыншы жаумен шайқасу. Соғыс та аяқталды. Жауынгерлер елге қайта бастады. Партизандар сапында басқыншы жаумен күрескен Қалиолла Дайырұлы да 1945 жылы елге оралды.
Әуелде  бейбіт өмір басталған тәрізді еді. Әйтсе де, азаптың ауыр жолы түгесілмеген екен. Мектепке мұғалім болып орналасып, қамкөңілдегі қайғының жібек торғын шарбысы енді сетіней бастағанда қайтадан оралмасы бар ма. 1948 жылы көрсетіндіге ұшырады. Қара ниет біреу үстінен жаза салған ғой. Қайтадан сотталды. Бұл жолы 25 жыл кесті. Тірі адам бәріне көнеді де. Дархан даланың даналығын бойына жинаған ақылман қазақ тіршілікте көресінді көрмей көрге кірмейсің дегенді неге айтты дейсіз. Қияндағы Сібірдің Норилск қаласында айдауда болды. Тек Иосиф Сталин өлген соң ғана кешірім жасалды.  
Соншама азапты басынан өткерген әке 2001 жылы қайтпас сапарға аттанды, ал, анасы Қарипа Хамзақызы бала тәрбиесімен айналысты. Міне, асқар тау әке мен ананың қысқаша өмірбаяны. Осының бәрі біздің кейіпкеріміз Бақыт Қалиоллақызының жадына жиі оралады. Перзенттік көңілмен сыр еткісі келеді, кейінгіге ұлағат-үлгі қылып жыр еткісі келеді. Әйтеуір, дерек-дәйегін тырнақтап жинап, бастырып, қымбат бір мүлкіндей мұра қылып ұстап жүрген жайы бар.
Ал, өз басы болса, 1964 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, 1971 жылы аяқтап шықты. Акушер-гинеколог мамандығына ие болды. 1968 жылы бүгінде ел ағасы Сапар Қасымов екеуі тағдыр қосып, шаңырақ көтерді. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң 1971 жылы Көкшетау қаласындағы перзентханаға жолдама алған болатын. Осы ұйымшыл ұжымда табаны күректей 16 жыл еңбек етті. Он жылдың ішінде қаншама сәбиге жарық дүниенің сәулесін сыйлап, мөп-мөлдір ауа жұтқызды. Қазір ойлап қараса титімдей жан иесінің дүние есігін ашқаны да көл-көсір қуаныш екен. Әр сәби іңгәлап дүниеге келген сайын ет жүрегі елжіреп, қуаныштың сәулелі лебімен жадырап-жайнап, бір жасап қалатын. «Есігіңді аш, кең дүние мен келе жатырмын» дегендей, құйтақандай сәбилер де нәп-нәзік дауыстарымен әндете іңгәлап таң алдындағы тылсым тыныштықтың жым-жырт құшағын оята келетін. Беу, дүние-ай десеңші.
Қай кезде де еткен еңбек, халыққа сіңірген қызмет зая кетпейді ғой. 1984 жылы Көкшетау қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. Жалғыз ауруханадағы, отбасындағы жұмысы ғана емес, қоғамдық жұмысы да үстемеленіп, көбейе түсті. Әйтсе де, бәріне үлгеруге тырысатын. Ел тілегін ескеруге, ескеріп қана қоймай, қолынан келсе тап-тұйнақтай етіп атқарып тастауға тырысатын. Бұл қасиет бойына ертеден дарыған. Өзіне сенім білдіріп, үміт еткен адамдардың көңілін қалдырған жері жоқ.
1986 жылы сол кездегі Көкшетау облыстық ауруханасында жаңа зертхана ашылып, сонда ауысты. Жаңа ортада тез үйренісіп кетті. Мұндағы міндет те жалпақ жұрттың денсаулығы үшін атқаратын шаруа ғой. 1992 жылы акушер-гинеколог болып Ақмола облыстық емханасына
ауыстырылды. Бұл кезде акушер-гинекологтар өте тапшы болып тұрған кез еді. Соған орай, жұмыс ауқымы да күрделене түсті. Әйтсе де, әуел баста жүрек қалауымен осы бір халқы үшін барынша қажетті мамандықты таңдап алған Бақыт Дайырова өзінің адал еңбегінің арқасында көпшіліктің қошеметіне бөленді. Содан жасы келсе де, ұжымына керек болып, зейнет демалысына 2014 жылы бір-ақ шықты.
Уақытпен санаспай еткен еселі еңбегі де бағаланбай қалған жоқ. Әлденеше мәрте облыстық денсаулық сақтау басқармасының, қалалық атқару комитетінің мақтау-марапатына ие болды. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды.
Ақ халатты абзал жан ғана емес, бауыр еті балаларын таңның мөлдір шығындай аналық ақ махаббатына бөлеген асыл ана ұл-қыздарын да тәрбиелеп, ер жеткізді. Қазір Жаңабай мен Айнагүл, Еркін мен Шолпаннан тараған Нияз, Айғаным, Дәурен, Айбек, Мөлдір тәрізді немере, жиендері көз қуанышы. Адамға көп керек емес қой. Осы жағынан алғанда Бақыт Қалиоллақызы Дайырова бұл өмірде шын бақытты жан екеніне көзіміз жете түседі.    

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар