Халық үшін ең бастысы – жұмыс

Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың БАҚ өкілдерімен өткізген брифингінде  халықты әлеуметтік қорғау мәселелері сөз болды.

Басқарма басшысы облыста 16,6 мың адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарланғанын атап өтті. Өткен жылдан бастап халықты жұмысқа белсенді түрде тартудың кешенді жоспары қолға алынған.
– Кешенді жоспарға әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, кәсіби оқыту, шағын несие беру жұмысқа орналастырудың бағыттары бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол», «Агробизнес – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», сияқты мемлекеттік бағдарламалар кіреді, – деді өз сөзінде басқарма басшысы.
Биыл осылайша алты бірдей мемлекеттік және өңірлік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл – облыстағы жұмыссыз жандардың жартысынан астамын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Басқарма басшысының сөзінен тағы бір ұққанымыз, алты мыңнан астам адам мемлекеттік қолдауға ие болып, он мыңнан астам адам кәсіпорындарда қосымша ашылған жұмыс орындарына орналастырылатын болады.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Оны жүзеге асыруға 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген, – деп атап өтті Дина Ахметжанова.
Бірінші бағыт «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету» шеңберінде 222 инфрақұрылым жобасын жүзеге асыру көзделген. Ал, «Кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру» екінші бағыты шеңберінде 371 бағдарлама қатысушыларына несие беруге 1 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Қазірдің өзінде 550 миллион теңгеден астам сомаға 240 шағын несие берілген.  Кәсіпкерлік негіздеріне 115 адам оқып шыққан. Үшінші «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде қоныстандыру және оқыту арқылы жұмысқа орналастыруға ықпал ету» бағыты бойынша 1286 адам қамтылған. Оның ішінде арнайы курстан өткен  776 қатысушының 735-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Осыдан-ақ, облыста жұмыссыз жүрген халықты еңбекпен қамту бағытында ауқымды шаралардың қолға алынғанын байқауға болады.
Әйтсе де, әлеуметтік салада түйткілді мәселелер де баршылық. Оларды жергілікті басшылар «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы шешуге тиісті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар