Үш науқас балаға көмек көрсетілді

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен әрі осындағы  Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық аукционынан түскен қаржы тағдырдың жазуымен ауыр науқасқа ұшыраған балаларды емдеуге жұмсалатын болады.

Аукционға қатысып, сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қайырымдылық ата-бабамыздан келе жатқан адамгершілік белгісі екенін ерекше атап өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық жалпыұлттық «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында өткен аукционның Ералы Жұмабек, Әлиасқар Әміржанов және Жанель Бейсенова сияқты балалары ауыр науқасқа шалдыққан жандары жаралы ата-аналар үшін мәні зор. Бауыр еті балаларының емделіп, жазылып кетулері үшін басын тауға да, тасқа да соғып, ота жасауға немесе шет елдерде ем қабылдауға қаражат таба алмай, көмек қолын сұраған жандар аз емес.  
Өткен жылы Астана қаласында қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың бірінші республикалық съезі болып өткен еді. Съезде «Қайырымдылық керуені» акциясын республикамыздың барлық аймақтарында ұйымдастыруға бастама көтерілген болатын. Бұл  акция – қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмекті орнықтыру және қазақстандықтардың, солардың ішінде балалармен басқа да мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірі мен денсаулығына қамқорлықты күшейтуге бағытталған жоба. Облыс орталығында ұйымдастырылған осы жобаға облыстық басқармалар мен мекемелердің, аудандық әкімдіктер мен салалық бөлімдердің, орталықтар мен ұйымдардың қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер белсене қатысты.
Былтырғы жылы ұйымдастырылған «Жүректен жүрекке» қайырымдылық
акциясында 3 жарым миллион теңгедей қаржы жиналған болатын.
– Құрметті қауым, мен ең алдымен сіздердің осы қайырымдылық акциясы шеңберінде ұйымдастырылып жатқан аукционға немқұрайлы қарамай, шын жанашырлық танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бұрын мейірімді жандар адамгершілік танытып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бауырына басып, оған өзінің жан жылуын сыйлайтын. Заман өзгерді ме, әйтеуір сәбилер, жетімдер, қарттар үйі сияқты мекемелер қазір көбейіп кетті. Бұл біздің елдің ғана мәселесі емес, әлем бойынша осындай жағдай орын алуда. Мүмкіндігі шектеулі немесе мүгедек балаларға көмек көрсету үшін ұйымдастырылған аукционнан түскен қаржы өз мақсатында жұмсалады деп сенемін. Мұндай көмекті қажет ететін балалар аудандарда, шалғай елді мекендерде баршылық. Оларға кейде аудан, ауыл әкімдерінің көмек көрсетуге  мүмкіндіктері болмай жататыны белгілі. Демек, оларды да көптеп-көмектеп облыстық деңгейде өткізілетін осы қайырымдылық акцияларына  шақыруды қолға алған жөн, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов.
Бұдан әрі облыс орталығындағы балалар көркемсурет мектебінің, дарынды балаларға арналған оқыту-әдістемелік орталығының, колледждердің оқушыларының шығармашылық жұмыстары аукционға қойылып, сатылды. Бұл орайда, ең көп шығармашылық жұмыстарды сатып алған «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамы болды. Сол сияқты, облыстық басқармалардың мамандары да аукционға қойылған балалардың шығармаларын сатып алып жатты.  
Аталған шара соңында 1 201 575 теңге ақша жиналып, үш баланың ата-анасына бөліп берілді. «Жүректен жүрекке» аукционының соңында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова қатысушыларға ақ алғысын білдірді. Әлі де жоғарыда аталған балалардың есеп шотына аудандардан, түрлі мекемелерден қаражат түседі деп күтілуде.

Ырысалды ШАМШИЕВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар