Пәтері бар жастар енді баспана тауқыметін тартпайды

Облыс әкімі Сергей Кулагин жергілікті атқарушы органдарға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға пәтер бөлу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырманың орындалу барысы жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі Бурабай мен Шортанды аудандарына баспасөз турын ұйымдастырды.

 

Жалпы, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде. Мәселен, жуырда Степногорск қалалық тұрғын үй комиссиясының шешімімен балалар үйінде тәрбиеленген жастар үшін 18 пәтер бөлінді. Бүгінгі таңда өңірде осы санатқа жататын 65 жас пәтерлі болды. Жыл соңына дейін тағы 94 жасқа баспана беру көзделген. Сөйтіп, өңір басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 159 жас тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Өткен кезеңде  Аршалы, Шортанды, Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Еңбекшілдер, Жақсы, Зеренді, Сандықтау, Целиноград, Бурабай және Жарқайың аудандарында тұратын осы санаттағы жастарға да пәтер бөлінді. Ал, Көкшетау қаласы мен Егіндікөл, Ерейментау, Есіл және Қорғалжын ауданындағылар жыл соңына дейін пәтерлі болады. Осындай пәтер алғандардың бірі – Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында тұратын Бақыт Әбділова. Пәтер иесі ата-әжесінің қолында болған. Ол кісілер о дүниелік болған соң жалғыз қалыпты. Отбасын құрғаннан кейін де пәтер жалдап жүрген.
 – Менің тағдырым ата-анасының жан жылуынсыз өскен жастардың тағдырына ұқсас. Барлық балалар сияқты өз отбасым мен баспанамның болуын армандадым. Сол арманым орындалып, биыл Щучинск қаласында жаңа салынған үйден екі бөлмелі пәтер алдым. Мемлекеттің жан-жақты қолдауының арқасында жоғары білім алып, мұғалім атанған да жайым бар. Қазір №3 мектеп директорының орынбасарымын. Оның үстіне қазақ тілі және әдебиеті пәнінен дәріс беремін. Жұбайым екеуіміз қызымызды тәрбиелеудеміз. Еліміздің болашағына сенемін. Әрі көрсеткен қамқорлығы үшін өңір басшысына алғысымды білдіремін, – дейді Бақыт.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Гүлнәр Махметованың айтуынша, бұл 75 пәтерлі тұрғын үй «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынып, өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Тұрғындар оған қаңтар айында қоныстанған екен. Олардың арасында әлеуметтік жағынан аз қамтылған Эльмира Ерменбаева да бар. Аталмыш бөлімнің бас маманы өз сөзінде дәл осындай тағы бір тұрғын үй салынып жатқанын, осы үйден ата-ананың қамқорлығынсыз өскен жастарға 4 пәтер берілетінін атап өтті. Сондай-ақ, Щучинск қаласында келесі жылы тағы бір көп қабатты тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр. Ал, аудан бойынша 2 мың 276 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 686-сы ата-ананың қамқорлығынсыз өскендер екенін атап өткен жөн. Демек, бұл орайда, қуануға әлі ерте.
Шортанды кентіндегі 36 пәтерлі тұрғын үйден Людмила Баженова пәтер алыпты. Ол Жолымбет селосындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Бойжеткен қыздың үш әпкесі және інісі бар. Бұларды әкесі қайтқаннан кейін анасы тастап кеткен екен. Қазір Людмила Астана қаласындағы көп салалы колледжде қоғамдық тамақтандыру менеджері мамандығы бойынша оқиды. Келесі жылы оқуын бітірген соң аудан орталығына жұмысқа орналаспақшы. Оған жергілікті атқарушы орган басшылары көмектесеміз деп отыр. Людмилаға бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек ететін үлкен әпкесі Светлана бас-көз болып жүр. Бұған дейін Людмила осы әпкесінің үйінде тұрыпты.
– Әркімге өз анасы қымбат. Анамның өзге отбасы бар болса да, келеңсіз қылықтарын кешіріп, қатынасып тұрамын. Пәтер бергенде де қуанышымды анаммен және әпкелеріммен бөлістім. Олар пәтерімді жөндеуге көмектесті. Біз сияқты ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандарға көмектескен облыс басшысына айтар алғысым шексіз,– дейді Людмила. Сондай-ақ, мұнда Жолымбет және Урюпинка елді  мекендеріндегі балалар үйінде тәрбиеленген Айнаш Статино, Анатолий мен Дмитрий Галкин, Вадим Репях, Татьяна Костюк пен Геннадий Кравченкоға аудан орталығындағы тұрғын үйден пәтер берілді. Сөйтіп, жас отбасыларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға және баспанасыз жүрген тұрғындарға пәтер беру кезең-кезеңмен жүзеге асырыла бермекші.

Рамазан ТІЛЕУОВ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Суретте: жаңа пәтер алған Людмила Баженова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар