Сүйсінуге тұратын саябақ

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығы және Бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғат саябағы: тірі табиғат бұрышы» атты отырыс болып өтті.

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғат саябағының 20 жылдығына және Халықаралық жануарларды қорғау күніне орайластырылған «Қызықты кездесулер клубының» бұл отырысына «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғат саябағы бас директорының орынбасары Әлібек Көкішев бастаған ұжым түгел қатысты.
Бұл саябақ Солтүстік Қазақстанның таулы ағаштары мен көлдерінің экожүйелерін, тарихи ескерткіштерін, археологиялық және ұлттық мәдениетін сақтап қалу және қалпына келтіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен 1996 жылдың сәуір айында ұйымдастырылған. Ол Көкшетау қаласынан оңтүстік батысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан. Аумағы 182076 гектарды құрайды және таулы-орман алқаптары мен Зеренді, Шалқар, Имантау, Айыртау табиғат аймақтарының акваторияларынан тұрады. Саябақтың қорғалатын аумағын адам мен табиғаттың ескі және қазіргі дәуірдегі дамуын бейнелейтін тарихи мұра ретінде қалыптасқан бірегей табиғат мұражайы іспетті деп айтуға болады.  
–«Көкшетау» табиғат саябағында өсімдіктің 700-ден астам түрі, жан-жануарлардың 305 түрі, Қазақстанның барлық флорасы мен фаунасының отыз пайызға жуығы бар. Сонымен қатар, мұнда геологиялық және археологиялық, тарихи және мәдени ескерткіштер мемлекеттік қорғауға алынған. Саябақтың 10 пайызын Шалқар, Имантау, Зеренді көлдерінің жағаларына орналасқан демалыс аймақтары құрайды, –дей келе, Әлібек Көкішев жиналған қауымға мейлі, ол қорғауға алынған, мейлі алынбаған жер болсын, табиғатты қорғау Қазақстан Республикасы  азаматтарының міндеті екендігін атап өтті.  
Аталған шараның мақсаты – «Қызықты кездесулер клубы» қонақтарына «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің қызметін таныстыру және бірегей табиғи кешендерін сақтау мәселелеріне қоғамның назарын аудару, ұлттық саябақтар мен қорықтардың маңызын арттыру.  Шара соңында оған қатысушылар «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығының тәрбиеленушілері әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар