«Ниетіміз таза болса»

Әнші Әлішер Кәрімовтің Қазақстан қалаларына осы аттас көшпелі өнер сапары көрікті Көкшетауда әсерлі де әсем ән кешімен бастау алды.

«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен Әлішердің бұл шығармашылық ән кешінде оның өзінің би тобы мен ансамблі ерекше өнер көрсетті. Концерттің негізгі көрермені жастар болғандықтан, алғашқы орындалған ән сезім мен сүйіспеншілікке толы «Қош келдің, махаббатым» атты лирикалық ән болды. Сондай-ақ, әншінің «Мен сені ешкімге бермеймін» деген әні де көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Кеш кезінде байқағанымыздай, әндерінің басым бөлігі махаббат лирикасында жазылған эстрадалық әндер екен. Олардың ішінде «Сүйе білген бір бақыт», «Таба алмайсың сен мені», «Асығады өмір қайда?» әндері жұртшылықтың көңілінен шықты.   
Концерт барысында Әлішердің шәкірті, жерлесіміз Талғат Есенбек «Шүкір, шүкір» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сол сияқты, өнерлі қызымыз Мәлике Есмұхамбетова да әсерлі биін билеп, әдемі әнін шырқады.
Әлішердің айтуынша, ол он жыл бойы анасының құрметіне  бір ән жаздыруды армандаған екен. Содан сәті түсіп,  «Мама» деген әсем де әсерлі ән жазылыпты. Аталмыш әнді әнші нақышына келтіріп  орындағанда, тыңдарманның құлағының құрышы қанып, жүректері елжіреді.  
Дарынды әнші бала жасынан өнерге әуес болған. Кішкентай кезінде «Әнші балапан» байқауына қатысып, жеңімпаз атаныпты. Кейін 2005 жылы «Super Star kz.» байқауына қатысып, онда да өнері өрге жүзіп, жүлделі екінші орынды бағындырған. Содан бері халық арасында жеке әнші ретінде танылып келеді.  
Кеш соңында халыққа кеңінен танымал «Әлия» әнін де орындап, өзінің дауысының ерекшелігімен көптің көңілінен шықты. Жаңа әндерімен қатар танымал әндерін жанды дауыста орындаған Әлішерге көрермен қошеметін аямады. Халық арасында «Қазақстанның барлық қалаларына турне жасап, жанды дауыста концерт беретін екі-ақ әнші бар. Оның бірі – Әлішер болса, екіншісі, Айқын Төлепберген» деген сөз де жиі айтылады.
Осылайша Көкшетау қаласынан бастау алған турне кейін кеншілер қаласы атанып кеткен Қарағандыда жалғасын тапты.
«Таза ниет адамның басты қасиеті деп ойлаймын. Ниетіңіз таза болса, барлық есік сіз үшін ашық болып, өзге жандар да сізге сондай ниетпен қарайтын болады. Сондықтан да, жеке концертіме «Ниетіміз таза болса» деген атау бердім. Солтүстік Қазақстан қалаларынан кейін қазан айында осы көшпелі турнемен Батыс Қазақстанға барамыз», – деп атап өтті кеш барысында Әлішер Кәрімов.
Эстрада жұлдызы алдағы уақытта Өскемен, Семей, Павлодар жұртшылығын жеке концертімен қуантпақшы. Бұл әншінің осымен қатарынан екінші рет өтіп жатқан концерттік туры.

Қарлығаш ҚАРПЫҚПАЕВА.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар