І. Сақаудың «ставкасы»

біреу байлығын, біреу айлығын салатын букмекерлік компаниядағы бір күн хақында

Азан шақырып қойған есімін кім білсін, танитындар оны «сақау» деп атап кеткен. Екі иығына екі кісі мінгендей еңселі жігітті букмекерлік кеңсені жағалайтындардың көбі таниды. Танитын себебі, біріншіден, ол мылқау, екінші бір ерекшелігі, айтқаны дөп келетін «көріпкелдігі» бар. Таныс-тамырдан сұрап білсек, бұл адам кезінде елге танымал хоккейші болатын. Бір емес, бірнеше адамнан осы кісі туралы естіп жүргендіктен, бір күні  оны өз көзімізбен көрмекке букмекерлік кеңсе қайдасың деп іздеп шықтық. Бәлкім біреу білер, біреу білмес алдымен осы букмекерлік кеңсе дегеніміз не, осыны ажыратып алайық. Букмекерлік кеңсе қандай да бір спорт ойынына бәстесіп ақша тігетін орын. Мәселенки, екі елдің футбол командасы өзара сынға түссе, осының қайсысы жеңеді соған ақша қойып ойнайсыз. Сіз жеңеді деген топ ұтса ақшаңыз еселеніп, жолыңыздың болғаны. Ақшаны қанша тіксеңіз де өзіңіз білесіз.
Біз барғанда бәске көлігін де, қойған азаматтар алдымыздан шықты. Анадайда жұрттан оқшаулау жерде отырған адам назарымызға бірден шалынды. Танысым оны біз көрмекке құмар болған мылқау екендігін айтты. Бәс тіккен қағазын ешбір жанға көрсетпей шайнап, жұтып қояды екен. Бір күні ұмытып кетіп, қоқыс жәшігіне салған бір тілім қағазын бір жігіт жиіркенбей алып, жазғанын арланбай көшіріп алып, қомақты қаржыны қалтасына салғандығын танысым жыр қылып айтты. Бір ғанибеті, бұл адам аптасына бір-ақ рет келеді де, 70-80 мыңды ұтып алып кетеді екен. Тіпті, ұзынқұлақтан естуімізше, бір букмекерлік компания осы кісіге әлі күнге дейін қарыз.   
Осы орайда біз психолог мамандармен жолығып, мәселенің мәнісін сұрап, сөзге тарттық. Психологтардың пайымдауынша, мүмкіндігі шектеулі адамның ішкі түйсігі ерекше дамиды екен. Бәлкім сол, себепті де сақаудың «ставкасы» үнемі ұтатын шығар.         
Айта кетуіміз керек, осындай жерлерде көбіне-көп жігіттер жүреді деген түсінік қалыптасқанымен, бізді таңқалдырғаны арасында қыздар да бар екен. Осы кеңсеге жиі келетін Жәзира есімді қызды сөзге тартқанда, ол былайша өз ойын ортаға салды:  «Букмекерлік кеңсеге келетіндердің көбін құмар ойынға құныққан адамдар деп есептейді. Шын мәнінде олай емес. Себебі, ол жерде білім керек. Алдымен, спорттың тарихын, әрбір спортшының шамасын, яғни, кімнің қалай ойнайтынын жіті білген абзал. Өз басым болашақ спорт маманымын. Сол себепті де сабақтан қолым қалт еткенде осында келемін. Ұтылған да, ұтқан да кезім көп. Көбінесе ұтамын».
Ал, өзін Еламан Шынғожа деп таныстырған жігіт бар табысын талай рет осында қалдырғандығын ағынан жарылып әңгімелеп берді. «Әке-шешем ауылда екі сиырды сатып, мені оқуға түс деп қалаға жіберді. Алғашында досым екеуіміз барып көрейік деп ойын клубына келгенбіз. Бірінші күні 80 мың ұттым. Ондай ақшаны ауылда қолыма ұстап көрмеген мен үшін бұл үлкен ырыздық еді. «Ашыққаннан құныққан жаман», – демекші, оңай ақшаға қалай құнығып алғандығымды байқамай қалдым. Ұтқан ақшамды екі еселеймін деп бар ақшамнан айрылдым. Оқуға түсе алмадым. Арба сүйреп жүрмін. Елге барар бет жоқ, – дейді Еламан қапаланып.
Байқасаңыз, букмекерлік компаниялардың кеңсесін оқу орындары орналасқан ғимараттардың жанынан ашады. Мұның да астарында мән жатыр. Студент жастардың дені сол жерден табылатындығы да осыдан болар. Тіпті, Көкшетаудағы қазақ кітапханасының жанында дәл осындай кеңсе бар. Қарап отырсаңыз, жастар кітапханаға емес, сол компьютерлік ойындар клубына лек-легімен келіп жатқанын байқайсыз.  «Баласы атқа қонса, анасы үйде отырып тақымын қысар» қазақтың баласымыз ғой. Осындайда бауыр етім деп емешегі үзіліп отыратын балажан қазақтың баласы ата-анасының үкілеген үмітін ертеңгі күні ақтар ма екен, кім білсін…
…Оны көптен бері сыртынан бақылап жүргенбіз. Бәлкім, ол да осыны сезген болар. Кеше кешкісін бізді ту сыртымыздан көре сала жын ұрғандай делебесі қозып тұра жөнелген. Оңбай ұтылыпты. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген осы-ау шамасы.

 

 

ІІ. Қорқынышты қуыршақтар

 

немесе балаларымыз қандай ойыншықпен ойнап жүр?!.

 

Бір күні қызым қуыршақ  әперіңізші деп өтінді. Апа-әжесі, әпкелері сыйлаған қуыршақтары жетерлік. Соған қарамастан, тағы бір ойыншық сұрағаны таңқалдырды. Себебі, қызым ананы-мынаны әперіңізші деп ата-анасының қалтасын қағатын ессіз ерке емес-ті. Сөйтсем, ауладағы бір құрбысына ата-анасы «Мокси» есімді қуыршақ әперген екен. «Қыздың көзі қызылда» демекші, қызым соған қызыққан. Содан демалыс күндерінің бірінде орталық базар қайдасың деп жолға шықтым.
Өзгені білмеймін, өз басым ойыншыққа көп көңіл аудармайтынмын. Қазіргі ойыншықтардың сапасын айтпағанда, сырт келбетіне қарап, бойыңды қорқыныш билейді екен. Беті-басы қап-қара бояумен боялған, аузынан қаны аққан, шекесінде бір көзі ғана бар, шашы жалбыраған бірдеңелер. Құдай сақтасын…

 

Қызыл қоян, көк аю, күлгін күшік…

Ойыншықтардың бала психологиясына әсері қандай деген сұрақты алға тартып,  «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы»  қоғамдық қорының психологы Жұлдыз Бекахметовамен арнайы жолықтық.
– Жалпы ойынның бала психологиясына әсері мол. Мәселен, сатылып жатқан ойыншықтарды байқасаңыз, баланың санасын, ойын шатастыратын көріністер белең алған. Қызыл қоян, көк аю, күлгін күшік дүкен сөрелерінде, базарларда қаптап тұр. Осы ойыншықтармен ойнаған бүлдіршін санасында өмірде де қоянның түсі қызыл,  күшік  күлгін болады деп ойлап, тіпті сол түсінік баланың санасына сіңіп, қалыптасуы мүмкін.  Мен мектепте  мұғалім болып жұмыс істеймін. Байқағанымдай, қазіргі ата-аналар балаларын тым еркелетіп жіберген. Көбі жұмысбасты, балаға көңіл бөлетін уақыттары жоқ, сосын осы бала жыламасын, қалағанын әперейік деп сұрағанын сатып әпере береді. Ал, ол ойыншық пайдалы ма, пайдасыз ба, ешкім байыбына барып, тексеріп жатқан жоқ. Барби ойыншығын мысалға алатын болсақ, уақытының көбін осындай қуыршақпен өткізетін бүлдіршіндер келешекте сәнқой, үй шаруасына жоқ, ақсаусақ қыз болып өседі екен. Себебі, бала қоршаған ортасын тез қабылдайды, ол өте еліктегіш келеді. Бір көзі бар құбыжықтарды – Монстр Хай, Братц  қуыршақтарын көрген қыздар қап-қара қылып көздерін бояп, соған еліктейтінін де байқайсыз. Ойыншық арқылы ұрпақ санасын улау тамыры тереңде жатқан ұлттық қасірет болып тұр.

 «Сотка» деген ойыншық бар

«Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы»  қоғамдық қорының директоры, психолог Берік Рақышев Жұлдыз Бекахметовамен болған әңгімеге араласып, өз пікірін айтты.
– Мені осы мәселе көптен бері толғандырып жүр, – дейді  ол. – Қазіргі балалардың басым көпшілігі ойыншықпен ойнамайды. Олардың басты ойыншығы – «сотка». Сіз аулада  тығылыспақ немесе асық атып ойнап жүрген бала көресіз бе? Некен-саяқ, ілуде-біреу. Жоқ деуге де болады. Тіпті, бала күтіп жүрген аналардың өзі баласына қарамай, телефонына қарап, шұқшиып отырады. Осы мәселе көптен бері көкейімде жүргендіктен, мен кәдімгідей балалар телефонда қандай ойын ойнайды, нені көреді деп тексеріп,  талдау жасадым.  Алдымен осыған себеп болған бір жағдайды баяндап өтейін. Менің бір танысымның баласы өз анасынан «Анашым, сен мені туғанда толғақ қатты болды ма?», – деп сұрайды. Бұл тілі енді ғана шығып келе жатқан үш жасар балдырғанның сұрағы. «Оны қайдан шығардың, ұят болады» деген шешесіне, «мен  баланы қалай босанатынын соткадан көрдім» депті. Масқара ғой! Осы жәйт мені қатты алаңдатты. Бір күні үйде отырып, балаларға арналған ойындарды сараптап көрдім. Мәселен «Play market» деп аталатын қосымша бар. Ішінен кез-келген ұнаған ойын, кино, өлең, тіпті кітапты да телефоныңызға жүктей аласыз. Бұл қызмет ақылы да, тегін де. Тегін ойындарға зер салып көрсеңіз, қыздарға арналған ойындардың ішінде жоғарыда келтірілген балдырған айтпақшы әйел қалай босанады немесе «Қыздарға арналған перзентхана» деп аталатын ойынды табасыз. Қарауға жүрегің дауаламайды. Міне, осыдан барып, жастар жыныстық қарым-қатынасқа ерте түсіп, мектеп жасындағы оқушылардың арасында жүктілік фактілері белең алып жатыр, – деп сөзін аяқтады Берік Ұзақбайұлы.  

Ойынның пайдасы да болады

Біз осы орайда,  бала күтіміне байланысты үй шаруасындағы Самал есімді келіншекті де сөзге тартып көрдік. Самал Тәжғұлованың айтуынша, ұялы телефон арқылы ортаншы ұлы Әсембек шахмат ойынын меңгеріп алып, қазіргі таңда өз сыныбында спорттың осы түрінен алдына жан салмайды екен.
– Алла берген үш перзентім бар. Ұлдарымның тәрбиесімен әкесі Назымбек айналысады. Үлкені студент, кенжеміз үш жаста. Әуелде, жасырары жоқ, үшеуі де «соткаға» әуес еді. Бірақ, бас-басына әперетін қаражатымыз  жоқ. Соны біліп балалар сұрамайды. Ауылда тұрғандықтан, балаларымыз еңбекке ерте араласты. Дегенмен, орта өз дегенін жасайды ғой. Бала тым еліктегіш келеді. Содан болар, ортаншы ұлым компьютер ойындарына әуес болды. Осыны байқаған әкесі телефоннан шахмат ойынын қалай үйрену керектігін көрсетіп берген. Қазір тетелестерін қойып, ауылдағы атасымен де шахмат ойнап отырады, – дейді Самал. Осындайда қазақтың «баланың ойнағанына, қазанның қайнағанына қара» деген аталы сөзі ойға оралады. «Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей» демекші, ата-ана баланың қандай ойыншықпен ойнайтынын қатаң қадағалағаны дұрыс.

 

Р.S: Кеше бір құрбым хабарласты. Айтуынша, уақыты тығыз болғасын, ғаламтордан баласына ойыншық қарап, тапсырыс берейін депті. Ойыншықтардың түр-түрін көріп жағамды ұстадым дейді ол. Сөйтсе, ғаламторда өлі қуыршақты жерлейтін табытына дейін сатылады екен. Баламыздың ойыншығының түрі осы. Көзі қап-қара бояумен баттастырыла боялған, шашы жалбыраған қорқынышты құбыжықтар…

Үлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар