Тұла бойды намыс кернеп…

− Сіздер бақыттысыздар. Біздің тұсымызда қазақ жастары қағажу көріп өсті ғой. Көрінген жерде «екінші сұрыпты» халықтың баласы екенімізді, мал бағып, жабайы болып кеткен жерімізден өздерінің «адам» қылып алғандарын олар ұдайы есімізге салып, реті келгенде, қағытып қалып отыратын, − деп бастады бізбен әңгімесін 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы Дәуіт Сүгірәлин.

Ол − Қызылорда облысы, Арал ауданының тумасы. Аудан орталығындағы мектепті бітіргеннен кейін арман қуып, сол кездегі астанамыз – Алматыға оқуға аттанған жастың бірі. Мақсаты – атақты суретші болу еді. Бұл мұратқа жетуге алғашқы қадам жасап, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының  көркемсурет, графика факультетіне оқуға түсті. Сол күні де  екінші курс студенті Дәуіт әдеттегідей сабақтан шығып, Совет көшесі, Панфиловшылар саябағының маңында орналасқан институттың №2 жатақханасының алдында достарымен әңгімелесіп тұрған. Олар пленумның өткенін, ел басқаруға Қонаевтың орнына Колбиннің жіберілгенін естіді. Бұл − 1986 жылдың 17 желтоқсаны болатын. Осы күн оның жадында мәңгілікке сақталып қалды. «Қоянды − қамыс, жігітті − намыс өлтіреді» демей ме? Қазақ жерін билеуге өзге ұлт өкілі болса да, Қазақстаннан бір азаматтың табылмағандығына ешкім сенбеді. Айқын көрініп тұрған бұл әділетсіздікке қазақ жас-
тары да көз жұма қарай алмаған еді. Дәуіт те ауыл шаруашылығы институтынан алаңға қарай бет алған коллоннаға қосылды. Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін шырқаған бір топ жас жан-жақтан жиналып жатқан қатарластарымен бірікті. Сол кездегі Брежнев, қазіргі Тәуелсіздік алаңында жиылған жұрттың санында қисап болған жоқ. Бәрінің де тілегі бір. Олар Дінмұхамед Қонаевтың биліктен шеттетілгендігіне наразы. Жоғарыдағылардан  осы негізсіз әрекетті түсіндіруді талап етуде.
Күндіз жиналған жастар кештің әлдеқашан батып кеткеніне қарамастан, тарай қоймады. Сол кезде  дәл мұндай «бүліктің» болатыны үш ұйықтаса да түстеріне кірмеген басшылардың төбесінен мұздай су құйылғандай болса керек, бірінен кейін бірі мінберге шығып, үгіттеуге көшті. Мінберден Қонаевтың өзін күткен желтоқсаншылар билікті әбден тығырыққа тіреді.  Мәселенің мән-жайын құқықтық, әрі саяси негізде түсіндіруге шыққан кейбір басшыларды онсыз да ызаға булығып тұрған жастар қармен атқылап, қуып жіберіп жатты. Бас прокурордың бұл  әрекет үшін «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендіктерін айтқан ескертпесі де жас-
тарды райынан қайтара алмады. Себебі, олар сол кезде енді ғана айтыла бастаған «демократия», «халықтық басқару» деген ұғымдардың келешегіне сенетін, өздерінің бүлік жасау үшін емес, бейбіт мақсатта, заңды құқықтарын пайдалана отырып шыққандықтарын анық білетін.
– Біз өз талап-тілегімізге тиісті жауап күтіп, мінберге қарап, телміріп тұрмыз. Бір кезде Үкімет үйі жақтан қап-қара киінген, қолдарында қалқандары бар жігіттер шыға келді. Әлгілер алдыңғы шептегі студенттерді соққыға жығып, бұза-жара ортаға еніп алды. Мұндай бетбұрысты күтпеген біз басында не істерімізді білмей, сасқалақтап қалғанымызбен, кейін ширақ қимылға көштік. Жасақ өздерінің естен тандырғандарын бізге көрсетпей, алып кетіп жатыр. Міне, осы жерде нағыз текетірес басталды. Қолында қаруы бар адам қорықсын ба, айналып келіп, қайта шабуылдайды. Қаз-қатар тұра қалып, бірдей әрекет жасағанда, не болғанын  білмей де қалады екенсің, − деп еске алады ол сол бір арпалысқа толы  сәттерді.
Алайда, шерулерді басуға әбден ысылған жасақтың да жиналғандарды таратып жіберуге қауқары жеткен жоқ. Нағыз қыстың қаһар шашар айы – желтоқсанның сары аязы да намысты жастарға кедергі бола алмады. Күні ерте бататын таулы аймақ Алматыда кешкі тоғыздар шамасында  кәдімгідей қараңғылық орнайды. Осы сәтте, қайтсе де өз ойларын ашық айтқан өрендерді басуға әрекеттенген билік тағы бір айлаға көшті.  Алаңға арнайы машиналарды жіберіп, онсыз да жаурап тұрған жастарға мұздай су бүркіп, таратуға тырысты. Не керек, үстері малмандай су болып, қырау қатқан, беттерін үскірік шалған жастар біртіндеп тарай бастайды. 
Дәуіттің жатақханаға келгенде көрген сұмдығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бет-аузы қанға боялған не, жарақат алған не, қолы мен аяғы сынған не, әйтеуір, студенттердің біразының денесінде сау тамтық болған жоқ. Сөйтсек, бұл тек бергі жағы екен. Ертесіне жатақхананың алдында тұрған ол бұдан да сұмдығын естіді. Қолға түскен қазақ жастарын соққыға жығып, өлімші халге жеткенше сабаған. Тіпті, шаш ал десе, бас алатын күш құрылымдары ұлын да, қызын да ұрпақсыз қалардай халге жеткізсе керек.
−Мұны естігенде көзімнің алды қарауытып, кеу-
дем кекке толды. Ашудан жарылардай болдым. Сөйтіп, қалай алаңға қайта тартқанымды өзім де білмей қалдым. Жанымдағылармен бірге ауыл шаруашылығы институтының қасынан жастардың колоннасына қосылдық. Осы тұста жоғары жақтың тапсырмасымен алдымыздан шығып, тоқтатпаққа әрекеттенген ректорымызды да көзге ілген жоқпыз. Он сегізінші  желтоқсан күні де алаңда ине шаншар жер болмады. Адамның тығыз болғаны сондай, тіпті, артыма да бұрылып қарай алмадым. Алғашқы күнгі қыспақтан қорқып, шықпай қалғандар да аз емес еді. Дегенмен, кеудесінде намысы ойнаған қазақтың студенттері ғана емес, жұмысшы жастары да келіп, ортамызға толассыз қосылып жатты. Осылайша, алға адымдаған бізді Үкімет үйіне барар жолды бөгеп,  мұздай қаруланған милиция жасақтары шықты. Бір-бірімізге қарама-қарсы тұрмыз. Арамыз шамамен 50 метрдей. Ортамыздағы белсенді жастар мінберде: «Билікке бітімгер жіберейік!», − деп айтып жатыр. Сөйтіп, талап-тілектерімізді жоғары жаққа жеткізуге азаматтарды аттандыру ниетіндеміз. Бір кезде бронетранспортерлер сап бастаған «ЗИЛ-31» жабық машиналарының жанымыздан бірінен соң бірі өтіп жатқандығын байқадық.  Барлығы да бейбіт жағдайда өтеді, ешқандай да күш қолданбаймыз деп уағдаласқан біз осы сәтте арамызда сатқындардың барын сезгендей болдық. Әлгі әскери көліктерге кейбіреулер әдейілеп тас, таяқ лақтыра бастады. Осы машиналарда рация болса керек, ішінен солдаттар секіріп түсіп жатты. Сол кезде жолымызды бөгеп тұрған милиция да бізге лап қойды, −  деп тағы бір күрсініп алды ағамыз.
Не керек, олар әй-шәйға қарамай, көзіне түскенін жаныштауға бірден кірісіп кетеді. Қашып құтылуға мүмкіндік жоқ, жан-жақтың бәрі қоршаулы. Аяушылық дегенді білмей, айуандыққа барғандармен нағыз айқас міне, осы жерден басталған еді.
−Көрер жарығым бар екен,  аяғым сәл тайғанап кетсе, олардың мені таптап кетер түрі бар. Курткамның қалпағын киіп алғаным да абырой болды.  Басыма әскерилердің қолындағы резеңке таяқтар бірінен кейін бірі тиіп жатыр. Артымнан милиционерлер қуып келеді. Әйтеуір, жаңадан салынып жатқан үйдің төбесінен бір-ақ шықтым, − дейді бір ажалдан аман қалған азамат.
Ол жоғарыдан төменге көз салып тұрып, алаңдағыларды қара суықта қарға бауырлатып жатқызып жатқандарын көреді. Қару-жарағын түгел сайлаған арнайы жасақтың алаң жанындағы есік-терезесі жабық жатақханаға басып кіріп, одан қашпақ болған студенттердің терезеден секіремін деп, тілге келмей  кеткендерінің де куәсі болды кейіпкеріміз. Ал, әупірімдеп өз жатақханасына келгенде, талай жас-ты үлкен-үлкен автобустарға тиеп, есінен танғанша ұрып, қаладан елу шақырымдай жердегі сайларға өлімші халде апарып, лақтырып тастағандарын тағы естіді. Оқиға мұнымен біте қалған жоқ. Бұдан кейін шерушілерді түгендеп, «бұзақыларды» жауапқа тарту науқаны басталған еді. КГБ алаңнан түсірген тас-паларымен әр жоғары оқу орнын аралап, кінәлілерді табуға бел шеше кірісіп кетті. Дәуіт пен оның курс-
тастарын факультет ұстаздары қорғап қалды. Оқуды үздік бітірісімен ол Көкшетау педагогикалық институтының көркемсурет бөліміне жолдамамен жіберіледі. Ел ағасы атанған азамат қазіргі күнге дейін осы оқу ордасында шәкірт тәрбиелеп келеді. 
−Мен бұл  шеруге атымды шығарайын, тарихта қалайын деп шыққаным жоқ. Біз мұндай бассыздықтарға, қазақты кемсітуге ары қарай төзуге болмайтындығын түйсініп барып, алаңға беттедік. Сондықтан да, Желтоқсан көтерілісін ата-бабамыздың біраз уақыт тасада тұмшаланған, барынша булыққан арман-мақсатының өмірде айқын көрініс тапқан кезеңі деп бағалай білуіміз керек. Оны тек Тәуелсіздік күнінің қарсаңында ғана еске алу аз. Бұл мәселе әлі жан-жақты зерттеліп, зерделенуі керек. Қазақтың асқақ намыс туының ешқашан құламайтындығын бүгінгі ұрпақ біліп өсуі, оны келер буынға жеткізе алуы тиіс, − деп бізге шеруге шыққандағы басты мақсатын айтты жігерлі жігіт ағасы.
Ол өзінің ұстаздық жолында шәкірттерінің санасына осы ақиқатты  құю жолында тер төгіп жүр. Жалғыз емес. Кезінде Алматыда бас көтерген жастарды қолдаған көкшелік азаматтармен бірге. Дәуіт ағамыз бүгінгі жастардың егеулі найза алып, жауға шаппаса да, намысын қайрап, алаңға шықпаса да, осындай ерлікке барған аға-апаларының еңбегін еш етпегендіктерін қалайды. Ал, ол үшін ең алдымен, олар өз халқының тілі, ділі мен дініне құрметпен қарап, осы қасиетті ұлттық мұраларды сақтауға талпынса игі. Жасаған ісі ерлікке пара-пар азаматтың  жалғыз тілегі осы.

Әңгімелескен  арнаулы тілшіміз
Перизат БӨЛЕКОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар