Тұтынушылар құқы бұзылмасын

Ақмола облысы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау департаменті ұйымдастырған дөңгелек үстелде мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұтынушылық құқығының бұзылу жайы талқыланды. Шараға «Нұр Отан» партиясының, осы саладағы құзырлы органдардың мамандары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Аталмыш департаменттің бөлім басшысы Асқар Әкежановтың айтуынша, биылғы жылдың 7 мамырында күшіне енген «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңда бұрынғы заңмен салыстырғанда тұтынушылардың құқықтары көп ескерілген. Ең алдымен, заңда сатып алған тауарды кері қайтару жайы нақтыланып, оның мерзімі 14 күннен 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылған. Заңдағы тағы бір өзгеріс, бұрын кері қайтарылатын тауар үшін сатушы берген кассалық чек немесе сол сияқты құжат талап етілсе, енді фото және бейнетүсірілім де қабылдана береді. Тауардың сапасын анықтау үшін сараптамаға төленетін ақы сатушының есебінен алынады. Сонымен бірге, жаңа заңда тұтынушылар құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың құзыреті едәуір кеңейтілген. Мұның бәрі тұтынушылардың құқығын қорғауға игі ықпалын тигізетіні анық. Дөңгелек үстелде сондай-ақ, кемтар адамдарға жасалатын жағдайлар, оның ішінде сауда, қызмет көрсету орындары мен мемлекеттік мекемелердегі мүгедектерге арналған пандус жайы сөз болды. Қызмет көрсету орындарының бәрінде бірдей көлбеу жол – пандус жасалмаған. Заң бойынша ондай мекемелер мен ұйымдарға айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылады. Десек те, ондай мекемелер мен ұйымдардың бәрін бірдей тексеріп, шара қолдануға санаулы мамандардың шамасы да, мүмкіндігі де жете бермейтіні белгілі
болды.
Қалай болғанда да, мүгедектер құқығын аяқ асты еткен мекеме басшылары мен кәсіпкерлерге заң бойынша талап қойылып, бұл мәселені шешуге назар аударылуы қажет.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар