Элеваторлар жұмысы қарқын алды

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы лицензияланған 63 астық қабылдау кәсіпорындарында жаңа егіннің астығын қабылдау қарқынды жүргізілуде. Қазірдің өзінде элеваторлар 1 миллион 890 мың тонна астық қабылдап үлгерді.

 

– Оның 68,4 пайызы 3 класқа жатады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласбаев.  Сондай-ақ, элеваторларға 451 мың тонна 4 класты, 34 мың тонна 5 класты астық түскен. Астық қабылдау кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеп тұр. Үкімет астықты кептіру үшін 28 мың тонна дизель отынын бөлді. Арнайы операторлар оны элеваторлар мен астық кептіргіші бар ауыл шаруашылығы құрылымдарына аудандық терминал арқылы тасымалдау-да. Біз Көкшетау қаласының іргесіндегі Станционный кентінде орналасқан «Арша-2» серіктестігінің астық қабылдау кәсіпорнында болдық. Мұндағы астық сақтайтын 10 банкі алыстан көрінеді. Әр банкіге 3 мың тонна астық сияды. Сондай-ақ, кәсіпорынның астық сақтайтын қоймалары да бар. Теміржол желісі де тартылған. Су жаңа локомотивтер де жұмысқа жегілген.
Биыл ауа райының қолайлығына байланысты бірқатар серіктестіктер көктемгі егіс науқанын ерте аяқтағаны белгілі. Соның арқасында орақ та ерте басталды. Кәсіпорынның директоры Юрий Дурников бізбен әңгімесінде астықты тамыз айының ортасынан бастап қабылдай бастағандарын айтты.
– Астық қабылдау кәсіпорнына жақын орналасқан «Диқан+» серіктестігі тәрізді өзге де  ірі  серіктестіктер егіс алқабын химиялық және механикалық жолмен өңдеуді мықтап қолға алған. Минералдық тыңайтқыштар сіңіреді. Соның арқасында кейбіреуі гектарынан 40 центнерден сапалы өнім алды. Зеренді ауданында биыл арпа бітік шықты. Олар өз астықтарын жылда бізге тапсырады. Біз негізінен сапалы бидай мен арпаны қабылдаймыз. Әзірше майлы дақылдармен жұмыс істемейміз. Бүгінгі таңда 42 мың тонна астық қабылдадық, – дейді директор.
Мұнда Зеренді, Бұланды, Бурабай аудандарының диқандары және Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының шаруа қожалықтары астығын сақтайды. Бұл өңірлерде егін бітік шығып, мол өнім алынған.
– Шаруа қожалықтарының жағдайы мүшкіл. Доллармен сатып алынатын химиялық препараттардың бағасы қымбат болғандықтан, шағын шаруашылықтардың қолы жете бермейді. Бұл тірліктерін көріп, жаным ашиды. Биылғы жылғы астықтың сапасы орташа болып тұр. 4 класқа жататын астық та кездеседі. Соңғы күндердің жауын-шашынында жиналып, ашық аспан астында қалған астық біршама ылғалды, – дейді астық қабылдау кәсіпорнының басшысы. Бүгінгі таңда көптеген ірі шаруашылықтар астық тазартқыш агрегаттарын сатып алып, астықты өздері тазартуда. Әрине бағасы қымбат шетелдік агрегатты шағын шаруа қожалықтары сатып ала алмайды. Сондықтан, олар алқаптағы астықты бірден элеваторға тасымалдапты.
– Біз бұл астықты тазалап, кептіреміз. Бұдан кейін астық иелері өнімді Қазақстанның өзге өңірлеріне және астық экспорттайтын ірі компанияларға сатады. Астық негізінен теміржол арқылы Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты шетелдерге экспортталады. Биыл Ресейден астық тазалайтын қондырғы сатып алдық. Ол Германияда жасалған «Петкус» қондырғысынан арзан,– дейді басшы.
Диқандар көктем мен күз айларында еңбек етсе, кәсіпорынның 42 еңбеккері жыл бойы жұмыс істейді. Былтырғы жылдың астығын шілде айына дейін вагондарға тиеген. Марат Сұлтанов басқаратын учаскенің еңбеккерлері, механизатор Мұхамади Жұқашев, бас энергетик Александр Романов пен электрик Владимир Рогачев көзге түсіп жүр екен. Мұнда еңбекақы уақытында төленеді. Кәсіпорын Станционный кентінде тұратын зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына қол ұшын созады. «Мектепке жол» акциясына қатысып, көпбалалы отбасылардың балаларына мектеп формасы мен қажетті оқу құралдарын сатып әперіпті.
Біз элеватор ішін аралап жүріп, өндірістік техникалық зертханаға бас сұқтық. Мұнда аға зертханашы Эльмира Қазиева мен Гауһар Кәрімова жұмыс істейді. Зертхананың басшысы Елена Шаракованың айтуынша, зертханада астық қабылдау кәсіпорнына қабылданған өнімнің, сол сияқты тазаланған, кептірілген астықтың сапасы зерттеледі. Зертханашылар экспортқа және диірменге жіберілетін астықты топтастырады. Мұнда биылғы жылдан бастап электрондық астық қолхаты енгізіліпті. Бұл жүйе астық қабылдау кәсіпорны мен астық иелеріне тиімді болып отыр. Осылайша элеватор ұжымы өздері қабылдайтын биылғы жылдың астығын сапалы өңдеп, сақтауға бар күш-жігерлерін салуда.

Рамазан ТІЛЕУОВ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Суреттерде: «Арша-2» серіктестігінің астық қабылдау кәсіпорны; аға зертханашы Эльмира Қазиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар