Көктемде елді мекен маңы ақ жаңқа дерсің…

Қазір күз. Әлгіндей болмай қыс келіп, одан көктем жетеді. Дегенмен, осы бір жер-дүниенің жадыраған кезі өзімен бірге түйіні шешілмеген бір мәселені де ала келеді.

Ол – қар ерігенде жер бетінде қылтиып шыға келетін неше түрлі пластикалық құтылар мен полиэтилен пакеттер. Бір жиында құдамыз:
–Той-томалақ қой, келіндерім мен немерелерім ауыз тисін, – деп үстел үстіндегі дәмнен шамалап алып, целлофанға салып жатты. – Бұл да бір  заманның ілгерілегені. Баяғыдағыдай қағазға орамай, осыған сала қоямыз. Таза әрі ұстауға да ыңғайлы. Соны ойлап тапқан адамды данышпан демей гөр, – деді артынша. Келесі бір кездескенімізде:
–Жоқ, мен артық айтыппын. Үйдегі жиналып қалған жылтырауық құтылар, целлофан қалташалар мен пакеттерді даладағы пешке жағып едім, мүңкіген иісі есеңгіретіп тастады, қап-қара түтін аспанға будақтағанда пештің жанында тұра алмадым. Зияны жетерлік екен, – деп өткендегі сөзіне қайта оралды.
Иә, бұл полиэтилен деген нәрсеңіз жерге көмсе де, төрт ғасыр міз бақпай жататын нағыз зиянды дүниенің өзі болып отыр. Мұны мен газеттен оқыдым. Ел басылымы – «Егемен Қазақстан» да ана бір жылы осы целлофан қалташалардың қоршаған ортаға қауіп-қатері туралы бір бет материал берді. Мүмкін үлкен қалаларда қолданыста болған осындай пакеттер мен құтыларды өңдейтін орындар бар шығар. Шет елдерде мұндайдың болмауы мүмкін емес. Ал, 20 жылдан астам әкімшілікте қызмет істеген өз басым көктемде тазалық айлығы келгенде мұндай целлофандармен елді мекендердің іргесі мен маңайы  ақ жаңқа болып жататынын талай көрдім. Арқаның табиғаты өзімізге белгілі. Қатты жел күл-қоқыстағы оларды көшеге, сай-салаға қуып апарып тас-тайды. Көктемде жинау да бір күш, өрт тарау қаупі де мол.
Өздеріңіз бір сәт жолда келе жатып, жан-жағыңызға көз жіберіп көріңізші, қалалар мен аудан орталықтарының маңдарында жолдың жан-жағы толып кеткен осындай қалдықтар. Кей автобус аялдамаларында да одан аяқ алып жүру қиын. Ауылымыздың күн шығыс жағымен Қызыл су өзені ағып өтеді.  Өзен деген жай аты ғана. Тостағанға құйған судай әр жерде ғана бір жалтырайды. Есесіне айналасы толған әлгіндей дүниелер. Су бетінде қалқып, жағаға тұрып қалған. Олар мұнда қайдан келген деп ойлайсың. Жұрт өзенге келеді де, дем алған болып, тастап кетеді. Мұны табиғатқа, қоршаған ортаға төніп тұрған қауіптің жаңа бір түрі демеске болмайды.
Осы күні жылтыр целлофандардың қолданылмайтын жері жоқ.  Бүкіл оқулық, дәптер  біткен, үй жиһаздары, киім-кешек, тамақ, бәрі сонымен қапталып,  оралады, сонымен сатылады. Бізде әлі мәдениет деген жете қалыптаспаған ғой. Кейде ұстаған жерімізге тастап жүре береміз. Содан көшедегі тазалыққа нұқсан келеді.
Себебі, оларды арнайы жинастыратын, өңдейтін орындар қарастырылмаған. Бұл дүниелердің зиянды екенін білген бірқатар шет елдер қазір оларды қолдануды қойған. Сондықтан, бізге де бірте-бірте қатты бел алып кеткен осы целлофанның орнына басқа бір амалдарды қарастыратын кез жеткен сияқты. Оны пайдалануға тыйым салған кейбір  шет елдер бұл жағынан бір нәрсені білетін шығар.

Амангелді ЕСТАЙ.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар