Сол бір қуаныш күні бүгінгідей есімде

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – халқымыздың сан ғасырлар бойғы аяулы арманының орындалғанымен құнды, қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің жан жүрегіндегі түпкі мақсаты орындалып, ендігі арада қазақ елі ұзақ жыл бастан кешкен бодандықтың қамытынан құтылып, өз алдына шаңырақ көтеруі Алаш баласының жүрегінде атойлаған қуаныш деп ұғуымыз керек.

 

1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан  Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды.  Міне, сол сәттен бастап бұрынғы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы өз тарихын тәмамдады. Оның аумағында Қазақстан Республикасы деген біз үшін өте сүйікті, біз үшін өте ыстық жаңа мемлекет пайда болды. Сол сессия жұмысына қатысқан, бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы үшін дауыс берген халық қалаулысы ретінде есімде мәңгі сақталған тарихи сәтті таратып айта кетуге де болар. Иә, оңай шаруа емес еді. Тіпті, депутаттардың арасында да бұра тарту, әр қилы пікір айтулар аз емес болатын. Бірақ, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген де тегеуірінді саясатының арқасында біз осы бір тарихи шешімді қабылдадық.
Сессия жұмысына сол кездегі Көкшетау облысынан он екі депутат қатысты. Олардың қатарында Болат Жанәділов, Виталий Воронин, Моисей Чжен, Сергей Новиков, Қайрат Жүсіпов тәрізді халық қалаулылары болды. Осы бір жүрекжарды қуаныш сессия жұмысына қатысып отырған депутаттардың көкіректерін қуанышқа бөлеп, шаттықтың шуағына малындырып тұрды. Бұл бір қайталанбас қуаныш, теңдесі жоқ тарихи сәт болатын. Ата-бабамыз өмір бойы көксеген, сол жолда бар ғұмырларын ат үстінде сарп етіп, тұс-тұстан аңдағайлап келген басқыншы жаумен алысып, есіл бастары қанжығада кездескенше қидаласып, бітіспес майдан ашқандағы аңсағаны осы тәуелсіздік.
Тәуелсіздік дегеніміздің өзі ең алдымен саяси, экономикалық, рухани тәуелсіздік. Дәл осылай саралап, салмақтап ойлаған уақытта мен алдымен рухани тәуелсіздікті бірінші орынға қойғым келеді. Бұл менің жеке өз түсінігім. Еліміздің әрбір азаматы елінің өткен уақытынан, тарихынан хабары мол, болашағына қабырғасы қайысатын рухани бай адам болмай, көп нәрсеге қол жеткізе алмас едік.
Кеңес өкіметі енді бір отыз жыл тұрғанда американдықтар тәрізді нәсілі, тегі, ұлты белгісіз, бір тілде сөйлейтін, бірақ, өңдері басқа ел болып кетер ме едік, кім білсін. Онсыз да жетпіс жылдың ішінде  өр рухымыз жасып, ана тіліміз тұтқырланып, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ұлттық сипаты жұқарып, тағылымды тарихымыздың оқулығы жіңішкере-жіңішкере пышақ жүзіндей ғана болып қалғанын ешкім де өтірік дей алмас еді.
Кешегі кеңестік дәуірдің қасіреті де осында болатын. Мен Омбы облысындағы Айбас ауылында Томар мектебінде оқыдым. Әуелгі баста қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін мектепте жеті сыныпты бітірдім.
Жастық шағымды есіме алатын болсам, жетінші сыныптан кейін орыс тілінде білім алу өте қиынға соқты. Туғалы өз ана тілімізде сөйлесіп, білім алып келгендіктен, орыс тілінің заңдылықтарын сақтай алмай, акцентпен сөйлейтін едік. Онымызға сыныптағы орыс балалары күлетін. Кейде есеп сабақтарын мүлтіксіз шығарып тұрғаныммен, қалай шығарып тұрғанымды толық айта алмай, орыс тілінде жеткізе алмай жігерім құм болатын. Осы қиындықты мен Омбы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде де басымнан кешірдім. Жоғары курс студенттері орыс тілінде сөйлеген мәнерімді көріп, тіл білмейтін адам қалай институтта оқып, білім алмақшы деп мазақтай бастады. Мен сонда тұңғыш рет намыс дейтұғын алапат күшті жан жүрегіммен ұғып, сезіндім. Ендігі жерде өз ұлтымның өзге ұлттан ешбір кемдігі жоғын, тіпті, кейбір тұста жаратқан ие бойымызға сыйлаған дарынның артықтығын дәлелдеп шығуға тырыстым. Сол үшін де өзімді-өзім қамшылап, жалқаулыққа жол бермей, күні-түні оқу орнының және қаладағы кітапханалардың оқу залдарынан шықпайтын болдым. Жоғарыда айтқанымдай намыс үшін жігерімді жанып, жан дүниемде найзағайдың отын жарқылдатып, тынбай талаптануымның арқасында екінші курста үздік студенттердің қатарына қосылдым. Екінші курста оқып жүргенде топтың комсоргы, үшінші курста курстың комсоргы, төртінші курста факультеттің комсоргы, бесінші курста тұтас институттың комсомол ұйымы хатшысының орынбасары болып сайландым. Осының барлығына мен өз бойымдағы білімге деген талпыныс пен жанкешті еңбек етуімнің арқасында ғана қол жеткіздім. Сөйтіп, бір кезде орыс тілінде орашалақ сөйлегеніме күлетін кейбір тұстастарыма өзімнің кім екенімді, ұлттық намыс үшін қандай қиындықтан да бас тартпай азапқа түсе алатындығымды дәлелдеп шықтым.
Институтта оқып жүрген кезімізде ұлт тарихына ерекше көңіл бөлуші едік. Бір әттеген-айы, қазақтың тарихы қатпар-қатпар, соқтықпалы, соқпалы жолы көп болғанымен, ол туралы жазылған тарихи еңбектер жоқтың қасы болатын. Әйткенмен, Омбы қаласының кітапханалары өте бай. Сол кітапханаларды тынбай аралап, көзімізге іліккен деректерге көңіл құштарлығын қандырып, іздене бердік. Бірде Чайков дейтін студентпен екеуміздің арамызда пікір қайшылығы туындады. Ол майданда қазақтар тек окоп қана қазған деп жеңсік бермейді. Тағы да намысым қозып, елге барғанымда жазушы Александр Бектің «За нами Москва» дейтін кітабын тауып алып, Омбыға алып келіп, Чайковқа бердім. Чайков үш күн бойы бас көтермей оқып шықты. Содан соң өзінің ұшқары пікірі үшін кешірім сұрап, қолымды қысты. Сөйтіп, мен тағы да бір замандасыма қазақтың ер халық, өр халық екендігін дәлелдеп шықтым.
Тек өмір тәжірибесінен алынған осы бір қысқа мысалдар арқылы Алаш баласының бұратана ұлт есебінде саналғандығын айта кеткім келеді. Теңдігіміз болмағасын кем санады, елдігіміз болмағасын қор санады. Кем болмау үшін, қор болмау үшін өзіміздің кім екенімізді дәлелдеп шығуға тырыстық. Әйтсе де, тұтас құрылыммен күресу мүмкін емес еді. Мүмкін еместі мүмкін қылған – тәуелсіздік.
Тәуелсіздік елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға саналы ғұмырын сарп еткен баһадүр бабаларымыздың қанымен жазылған қасиетті шежіренің заңды жалғасы. Біз сол тереңнен тамыр тартқан қасиетті шежірені келер буынның, алдағы ұрпақтың бойына  сіңірсек қана игілікке иек артар едік. Көпұлтты Қазақстан халқының өзара жарастығы мен сүттей ұйыған ынтымақтастығының арқасында еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономиканың жедел қарқынмен дами беруі стратегиялық негізгі бағыттар.
Өткенге салауат, ал, болашаққа деген сенімді үміт қалыптасып отыр. Алаштың көне тарихына, қасиетті ата-бабалар рухына перзенттік пейілмен басымызды ие отырып, елге деген құрмет сезімін нығайтып, алға баса беруіміз керек. Тәуелсіздік тәу етер мерекеміз. Мереке құтты болсын, сенімі нық, сезімі сергек, сүйіспеншілігі басым, ардақты ағайын!

Қызыр ЖҰМАБАЕВ,
бұрынғы Көкшетау облысы
әкімшілігінің басшысы,
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар