Бүгінгі жұмыскердің берекелі болашағы

Болашақты тап басып болжау өте қиын екені рас. Өйткені, болашақ қателікті кешірмейді. Ол ертеңгі өмірін ойлайтындардың барлығын толғандырады. Ал, «қартайғанда бейнетімнің зейнетін көрем бе? әлде балаларыма масыл болып жүрем бе?»  деген сұрақ екінің бірінің көкейінде тұрары анық. Егер сол зейнетақыңыздың қаншалықты болатыны өзіңізге де байланысты болса ше?! Онда оның көлемін айқындау, зейнеткерлік шақты бағамдау әрине оңайырақ болар еді.

Міне, Қазақстанда қолданысқа енгізілгеніне биыл 18жыл болған жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәні де осында. Бүгінде елімізде болашақ зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандырудың жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшының арасында оңтайлы үлестірілген. Зейнетақы жинақтары салымшының меншігі және оның сақталуына мемлекет кепілдік береді. Яғни, тер төгіп еңбек етіп, міндетті зейнетақы жарналарыңызды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына уақытылы төлеп отырсаңыз, болашағыңыз да жарқын бола түседі деген сөз.
Қазіргі таңда елімізде зейнетақы жүйесі әлі де кезең-кезеңмен жаңғыртылып жатыр. Соның аясында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышы деп аталатын құрылымы енгізілейін деп жатыр. Оны қалай түсінуге болады?
Алдымен тарихқа көз жүгіртелік. Ол айтуға тұрарлық. Өйткені, елімізде қалыптасқан көп деңгейлі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің нақты қалай жұмыс істейтінін екінің бірі біле бермейді.
Бұл түсінікті де. Себебі, елімізде зейнетақы реформасы қолға алынған 1998 жылдан бері отандық зейнетақы жүйесі талай кезеңді бастан кешірді.
Бұған дейін, сонау кеңес заманында Қазақстанда ортақ зейнетақы жүйесі жұмыс істегені белгілі. Зейнетақы толығымен мемлекеттік бюджет және кәсіпорындардың сақтандыру төлемдері есебінен төленіп отырды. Зейнетақы бір рет қана тағайындалатын және оның көлемі елде орташа жалақы мен өмір сүру деңгейі өзгеріп кетсе де еш өзгермейтін. Мұндай жүйе нарық заманының талаптарына жауап бере алмады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары тәуелсіздікке қадам басқан елімізде орын алған экономикалық дағдарыстар, мемлекеттік кәсіпорындардың жабылуы, жұмыссыздықтың белең алуы, зейнеткерлер санының артуы, демографиялық тоқыраулар оған кері әсер етті. Соның салдарынан бюджетке салық төлеу күрт төмендеп, жалақы, зейнетақы төлеу қиындай түсті. Жұмысқа қабілетті азаматтар мен зейнеткерлер арақатынасының көрсеткіші 1.8/1-ді құрады. Ал, кеңес заманында бұл көрсеткіш 4/1 болатын. Яғни, бір зейнеткердің зейнетақысы 4 жұмыскердің салығынан құралатын.   
Содан, нарық заманының талаптарына сай зейнетақы реформасын жүргізу қажет болды. Сөйтіп, елімізде жаңа бірегей жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізіле бастады. Бұл жерде отандық қаржыгерлер Чили елінің моделін негізге алды. Латын Америкасының бұл елінде аталмыш жүйе сонау 1981 жылы енгізілген болатын.
1997 жылы 20 маусымда жаңа тарихи құжат «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңы қабылданды. Сол жылы 24 қыркүйекте «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» ҚР қаулысы шықты. Ал, 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейтін барша қазақстандықтар жинақтаушы зейнетақы қорындағы өздерінің жеке зейнетақы шотына айлық жалақыларының 10 пайызын міндетті түрде аудара
бастады. Сонымен қатар, олар ерікті түрде зейнетақы аударымдарын жасай алатын болды. Жинақталған қаржы нақты экономика салаларына инвестицияланды. Ал, кеңес заманынан келе жатқан барлық жеңілдетілген зейнетақылар жойылды. Егер жұмыскер басқа зейнетақы қорымен шарт жасамаған болса, жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарналарын Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына
аудара бастады.
1998-2013 жылдар аралығында Қазақстанда 10-нан астам мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары жұмыс істеді. Соңғы жылдары меншікті капиталға деген талаптың күшеюіне байланысты олар біріге бастады. Түптеп келгенде мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларының төмен табыстылығы, салымшылардың инвестициялық саясатқа ықпал ете алмауы зейнетақы жүйесін реформалауды одан әрі жалғастыруды талап етті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтарда «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа Жолдауында зейнетақы реформасын кезең-кезеңмен жетілдіру керектігін баса айтты.
Сөйтіп, Елбасының тапсырмасымен 2013 жылы
2 шілдеде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы Заңы қолданысқа енгізілді. Соның негізінде Қазақстанда зейнетақы жүйесін кезең-кезеңмен жаңғырту шарасы қолға алынды. Зейнетақы активтерінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырлануы зейнетақы жинақтарын сақтауға және оларды тиімді қаржы құралдарына жұмсау арқылы өсімін қамтамасыз етуге тамаша мүмкіндік берді. Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың алғашқы кезеңі аясында 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер зиянды (аса зиянды) жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражатынан жалақының 5 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға міндеттенді. Зиянды (аса зиянды) кәсіптер тізімін ҚР Үкіметі бекітеді. Сонымен қатар, жұмыс істейтін, бірақ, бала күтімімен үйде отырған әйелдерге бір жылға дейін бюджет есебінен міндетті зейнетақы жарналары төлене бастады.
Мінеки, әңгімеміздің басында айтылған тақырыбымызға да келіп жеттік. Зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын сақтау мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде зейнетақы жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышы енгізілмек. Яғни, Қазақстандағы барлық жұмыс берушілер (олардың ішінде зиянды (аса зиянды) жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражатынан жалақының 5 пайызын БЖЗҚ-ға міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы ретінде төлеп келген жұмыс берушілер де бар) еңбек жағдайына қарамастан өз қаражаты есебінен қызметкерлерінің пайдасына жалақының 5 пайызын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы ретінде аударатын болады. Бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында әрбір жұмыскерге арнап өз алдына бөлек шартты зейнетақы шоты ашылады. Бұл шоттағы зейнетақы жинақтары жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Бірақ, бұл жерде мына жайтты ескерген жөн. Егер зейнеткердің өзі жинаған зейнетақы жинақтары (жалақысының 10 пайызы) оған жеке  зейнетақы шотындағы ақшасы таусылғанша төленетін болса, мына шартты зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары оған өмір бойына төленетін болады. Бұл шоттардағы ақша таусылмайды. Қалайша? Себебі, бұл төлемдер сол шартты-жинақтаушы жүйедегі жиналған қаржыны қайта бөлу, тарату арқылы жүзеге асырылып отырады.
Шартты зейнетақы шотына аударылатын жарналар жыл сайын капиталданады және қаржы құралдарына инвестицияланады.
Бұл ретте кіріс инвестициялық қызметтің нәтижелеріне, сондай-ақ, қаржы нарықтарының жай-күйіне байланысты қалыптасады.
Айтпақшы, инфляция деңгейін ескере отырып, жарналардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдіктер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қолданылмайды. Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар 5 жылдан кейін, яғни 2023 жылдан бастап зейнетке шыққан жандарға (58-63/63), сондай-ақ, мүгедектігінің мерзімі жоқ бірінші және екінші топтағы мүгедектерге төлене бастайды. Бұл үшін шартты зейнетақы шотына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары кем дегенде бес жыл тұрақты түрде ай сайын аударылуы керек.
Жыл сайын шартты зейнетақы көлемі БЖЗҚ-ның қаржылық мүмкіндігі және демографиялық көрсеткіштерге сәйкес индекстеледі. Қазіргі таңда елімізде осы шартты-жинақтаушы құрамдауышты енгізу әдістемесі барынша пысықталып жатыр. Бұл жерде Швецияның моделі негізге алынған.
Осылайша қазақстандықтар үшін тағы бір зейнетақы төлемдерін алу тетігі пайда болды. Мамандардың айтуынша, бұл шара адамдарды зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыра түседі.
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемі зейнеткерлік жасқа шыққанда және зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты тағайындалатын болады. Егер қатысу мерзімі жоқ немесе 10 жылға дейін болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайды. 10 жылдан жоғары әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайып отырады, ал 35 жыл және одан көп болатын болса, онда базалық зейнетақының көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемімен тең болады.
Бұдан басқа, қазіргі зейнеткерлер үшін де, сол сияқты 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар үшін де ортақ зейнетақы төлемдері әлі сақталады. Бұл ортақ зейнетақының мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілеп, индекстеледі.
Құрметті оқырман! Ұсынылып отырған өзгерістер тек зейнеткерлер арасында кедейлікті азайтуға ғана емес, сонымен қатар, азаматтардың еңбекке ынтасын күшейтуге және еңбек қатынастарын заңдастыруға, инвестициялық табысты арттыруға  бағытталған. Олар қазіргі зейнеткерлердің де, болашақ зейнеткерлердің де мүдделеріне сай келеді.
Бүгінгі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры аясында салымшылардың инвестициялық табысы арта  түсуде.
2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 6,41 триллион теңгені құрады.
Шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының саны шамамен 10,10 миллион бірлікке жетті.
2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша таза инвестициялық табыс сомасы 393,26 миллиард теңгені құрады.
БЖЗҚ салымшыларының жыл басынан бергі зейнетақы активтері бойынша табыстылығы
6,6 пайызды құрады.
Бұл ұқсас кезеңдегі құнсыздану деңгейінен
(5,4 пайыз) 1,2 пайызға жоғары.

Айбота ЖАППАРБЕРГЕН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар