Тәуір ойын

Премьер-Лиганың отызыншы турында Көкшетаудың «Оқжетпесі» қонақта «Ақтөбе» клубымен кездесті. Бұған дейін қатарынан бірнеше ойында жеңіліс тапқан жерлестеріміз үшін бұл ойын да оңай соқпады.

Өйткені, оқу-жаттығу жиындарына немқұрайлы қарады деген себеппен командадан төрт ойыншының шығарылғаны белгілі. Олар негізгі құрамда өнер көрсетіп, команданы кәдімгідей  өрге сүйреп келген Әлібек Бөлешев, Марат Хайруллин, ұлттық құрама командасының мүшесі Александр Кислицин сияқты ойыншылар. Өткен турда «Астана» командасымен болған матчта оқжетпестіктерге осы футболшыларсыз өздерінің ойын мәнерін құру қиын соғып, соның салдарынан 3:0 есебімен  ойсырай ұтылып қалғандары есте. Бұл жолы да осыдан барып, алаңға бұрын қосалқы құрамда отырған жас футболшыларды шығаруға мәжбүр болған бас бапкер  Владимир Мухановқа бұл кездесу де оңай соқпағаны аян. Команда осы жолы тағы жер қапса, жанкүйерлердің мұны кешірмейтіні айдан анық еді.
Бірақ, абырой болғанда, «Оқжетпес» жасыл алаңда барын салып бақты. Кейде ойын өрнегі келіспей жатса да, жерлестеріміздің бүкіл команда болып  жинақы ойнауы екі жақтың футболшылары алаңнан 2:2 есебімен тең тарқасуына мүмкіндік берді. Бұл ретте, қарсыластар қақпасына екі бірдей әдемі гол соққан Серж Бандоның табандылығын ерекше атап өткен жөн. Осылайша психологиялық тұрғыдан аса ауыр ойында бір ұпай олжалаған оқжетпестіктер аяқталуға таяған биылғы ел біріншілігіндегі соңғы ойындарын ширақ өткізеді деген сенімдеміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар