Гәккулеткен Көкшетау!

Өнер – өміршең, серілік – мұра. Ежелден киелі Көкшетау, аты аңызға айналған Арқа өңірі  сал-серілердің, ән мен жырдың бесігі саналған. Облыстық филармония ұжымының құрылғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» атты өңіраралық фестивалінің де Көкшетауда өтуі заңды. Қазақтың ән өнерін асқақтатқан аталмыш шараға  еліміздің  тоғыз облысынан жиналған жезтаңдай дүлділ әншілер қатысып, Біржан сал мен Ақан серінің, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырайдың әндерін әуелете шырқады, аспан аясында аққу әнді қалықтатып, көңілді серпілтті.
Облыстық филармонияда өнер жарысы өткізілмес бұрын Арқаның әндеріне жастайынан қанығып өскен, өздері де сал-серілік жолмен жүріп, өнеріне елді тәнті еткен өнерпаздардың, сондай-ақ, шежіреші-ғалымдардың, ақын-жазушылардың және әншілердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде Арқаның әндеріне қатысты кейбір кемшіліктер туралы, ән сөздерінің көбінің өзгеріске ұшырап, шатастыру мәселелері, орындаушылардың әндердің тарихына бойламай, түсінбей орындаулары жөнінде сөз болды. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерболат Баят жүргізіп отырды. Кешегі сал серілердің бүгінгі көзі, ақын, әнші  әрі композитор Иран сал Тасқараның айтуынша, өнерге қиянат жасау – қиястық.
– Мысалы, жүз жылдан артық Арқаның аспанында қалықтап жүрген «Балқадиша» әнінің сөзі өзгерген. «Дегенде Балқадиша, Балқадиша, Күйеуің 85-те шал Қадиша» деп айтылып жүр. Бұл кешегі кеңестік солақай саясаттың салқыны. «Шал Қадишаны» әйел теңдігі мәселесі сөз болған тұсқа, қыздарды қорқыту сияқты кері үгіт-насихатқа пайдаланған. Бұдан басқа тағы бір айта кететін жәйт, былайғы жұрт Ақанды Балқадишаға ғашық қылып қояды. Ол дұрыс емес. Бұл жерде Ақанның Балқадишаның үлкенді сыйлай білген ізеттілігіне, инабаттылығына кішілігіне тәнті болып, қарындасына деген ілтипат көңілінен туындаған ән деп түсіну керек, – дейді Иран сал Тасқара. Иран Тасқараның бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп алаңдауы да заңды. Себебі, жаңсақ ой  қоғамдық пікірді қалыптастыратыны бар. Біз осы орайда мектеп бағдарламасы бойынша оқытылып жатқан 3 сыныпқа арналған «Музыка» кітабында Ақан сері туралы жазылған мына мәтінді мысал ретінде беруді жөн санадық. «…Қасына өнерлі жігіттерді ертіп, ел аралап, ән салады. Осындай бір сапарында Ақан сері Ыбырайдың Балқадиша деген қызымен танысады. Ол ақылына көркі сай Балқадишаны ұнатып қалады…». «Балқадиша» әнінің үшінші шумағындағы соңғы екі жол турасында да халық арасында түрлі пікірлер айтылып жүр. «Жігіттер» квартетінің орындауындағы «Балқадиша» әнінде «…талында Жыландының құшақтап қара жерді, еңіреп жылағаным-ау, жан  Қадиша» деп шырқалса, кейбір әншілер «құшақтап құс жастықты жылағаным-ау, жан Қадиша» деп орындайтынын естіп жүрміз. Елдегі көнекөз қариялардың сөзіне жүгінсек, «құшақтап қара жерді» де,  «құшақтап құс жастықты» да емес, «құшақтап қос тіземді» деп айтылғаны дұрыс деседі.
Көкірегі тұнған шежіре, көргені де түйгені көп жыршы Жұмабай Есекеев болса, жер-жерден ат басын тіреген әншілерге Арқаның әншілік өнері толық егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
– Менің ең сүйікті әнім Ақан серінің «Әудем жер» әні. Әнінен Ақан серінің қолтаңбасы көрініп-ақ тұр, онда менің дауым жоқ, ал сөзі – Ақандікі емес. Шолақжер деген жерде атақты шежіреші Молдағали шал тұратын. Сәбит Мұқановтың Шоқан туралы жазған  «Аққан жұлдыз» кітабына тың деректерді берген сол адам.   Атамды жерлегенде сол кісілердің қолдарына су құйып жүріп, көп жайға қанық болдым. Ол кезде жаспын, бірінші курс студентімін. Естіп-білгеннің барлығы көкіректе жатталып қалатын. Біздің елдің адамдары Ақан серіні бәрі де бірауыздан Ақан аға деп атайтын. Солардың бәрі Ақан сері 70 жасқа келіп өлген жоқ, 69 жасында қайтыс болды дейді. Сол шалдар өз әңгімелерінде «Ақан ағам, шіркін белі бүгілмей кетті ғой», – деп отыратын. Ал, енді «Әудем жер» әнінің сөзіне зер салар болсақ:

 

Әудем жер, жүре алмаймын аяғымнан,
Ұстаймын екі қолдап таяғымнан.
Басым бұлбұл аяғым дүлдүл еді,
Кәрілік келіп қалдың қай жағымнан.

Әудем жер жүре алмаймын белім ұйып,
Кім сүйер кәрілікті жаны сүйіп.
Бір тиын біреу берген олжа  көріп,
Жүремін жас күнімдей дүние жиып,–
дейді. Әннің сөзін оқи отырып, «бейшара Ақан қалай қор болғансың» деген ойға қаласың. Бір күні осы жайды ойланып отырғанымда есіме жас кезімдегі бір оқиға сап ете түсті. 1948 жылы Алматыда Нұрғиса Тілендиевпен бірге оқыған Ұлан деген жиен ағам  ауылға келді. Сонда ауылдағы Ементай шал Ұлан екеуіміздің ән айтып беруімізге қолқа салды.  Мен «Әудем жерді» орындадым. Жиналғандардың барлығы әнді тыңдап тәнті болды.  Сол кезде  Ементай шал «Шіркін, Нияз серінің бұл әніне ән жетпейді ғой» деген.  Ән Ақандікі, сөзі Нияз серінікі. Кейінгі жастар осыны ұмытпаса екен дейміз, – дейді Жұмабай аға. «Аңшының әні» туралы да түрлі пікірлер айтылуда. Бәзбіреулер бұл әнді Шыңжаңда туған ән десе, енді бірі Ыбырай Сандыбайұлының әні дегенді айтады. Осы орайда Жұмабай Есекеев  «Аңшының әні» Үкілі Ыбырайдың әні екендігіне ерекше тоқтап, алдағы уақытта орындаушылар осыны жадында ұстаса екен деп тілек білдірді. Сондай-ақ, жыршы Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың тағы басқа бірнеше әндеріне тоқталып, тарихын тебірене жеткізді және  Арқаның ән өнерін асқақтатып жүрген он өнерпаздың екеуіне  өзінің соңғы жылдары жазған кітабын тарту етті. «Арқаның әндерін насихаттап қана қоймай, жеріне жеткізіп, нақышына келтіріп боямасыз күйінде орындап жүргендерің үшін ризамын» деп ағалық алғысын білдірді. Расында да, ән дегеніміз шежіре, ән дегеніміз тұнған тарих екендігі даусыз. Осы орайда жылдар бойы қазақ өнері мен шежіресін зерттеуде талмай еңбек етіп жүрген шежіреші ғалым Мұсатай Ғалым мен филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек  те Арқаның бірнеше әндерін талдап, жалпы ән өнері  туралы көкейтесті мәселелерді қозғап, ортаға өз ойларын тастады.
Қазақтың ән өнерін, оның ішінде Арқаның әндерін асқақтатып жүрген әнші Кенжебай Мұқышевтың айтуынша, орындаушылар көбінесе домбыраны сабалап, әннің ажарын аша алмай, берекесін кетіреді, қадірін қашырады. Әншінің пікірінше,  Ақанның әндері лирикалық бояуға қанық, жүрек қылын шертетін иірімдері нәзік, оны орындағанда құр айғайға салып, домбыраны сабалаудың еш жөні жоқ. Сол себепті де, алдымен әнді жүрекпен айтуды басты мақсат еткен абзал дейді ол.
Ән жүйріктері жиналған кеште ән орындалмай кетсе ағаттық болар еді. Халықаралық байқаулардың лауреаты, Қарағанды облысынан келген әнші Ержан Базарбековтың орындауында Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» әні шырқалды.
Тылсым тыныштық. Жиналғандар ұйып ән тыңдады.
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы-ы-ы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын, –
деп өрілген сұлу саз жан жүректі кәусар сұлулыққа шомылдырып, ән қанатында көңілді әуелетіп әкетті. Ән төгілді. Беу, шіркін, қоңыр домбыра! Бұлақтай сыңғырлап төгілген әуезді әуен күміс көңілдің пернесімен ойнайды. Терезеден қызығып қараған күн көзінің алтын шапағы  біз отырған бөлмені нұрға бөлеп, әуезді ән қанатында қалықтап жүр. Оған ілескен біздегі  көңіл де шарықтай жөнелген…
Қазақ әндерінің сөздеріне зер салсаң, тұңғиық тереңдік, әуенінде әйбат әуез тұнып тұрады. Зерттеушілердің айтуынша әншілік өнер сонау 15 ғасырда Қотан, Сыпыра, Асан қайғы бабаларымыздан бастау алған. Ал, Арқаның әншілік дәстүрі дегенде Біржан салды, Сегіз сері, Нияз сері, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Ғазиз, Естай, Әсет, Шашубай мен Жарылғапбердіні  алдымен тілге тиек етеріміз бар. Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев, Қосымжан Бабақов, Жабай Тоғандықовтар осы дәстүрлі өнерді бұрын болмаған биікке көтерді.
Жиын барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева төл өнерімізді өркендетіп, оның дамуына айтарлықтай үлес қосатын осындай фес-тивальдер алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп отыратындығын айтты. Сондай-ақ, Біржан сал мен Ақан сері, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырайы  бар  Арқа жерінде кейінгі ұрпаққа аманат етер төл өнерімізді насихаттайтын Арқаның ән мектебі қажет екендігі туралы  пікірлер бір арнада тоғысты. Расында да, сал-серілердің киелі бесігі саналған Көкшетаудың киелі жерінде де осы бір атадан қалған құдіретті өнердің жалғастырушысы һәм бүгінгі көзі, тірі шежіресі боп жүрген көнекөз көпті білген көкірегі қазына қарияларымыздың да ортамызда жүргендігі де бір бақыт. Кешегі  Біржан мен Ақан серінің,
Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырайдың заңды  жалғасы іспетті Иран сал Тасқара, Жұмабай Есекеев, Тыныштық Шаменов, Құрмет Сақай,  өзі өмірден өтсе де артында өлмейтін ізі қалған Кәрім Ильясов, Маман Ементаев сияқты қазақтың ән өнеріне барынша үлес қосып ел ықыласына бөленген өнерпаздардың өнерлерін қалай ұмытуға болады. Қазіргі таңда Арқаның әнін нақышына келтіріп орындап қана қоймай әрбір әннің тарихын біліп, зерделеп жүрегімен таразылайтын әншілер қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Ғазиза Жұмекенова, Бисара Мәкенова, «Мәдениет саласының үздігі» Әбсалық Салық, республикалық байқаулардың лауреаттары Қажыбай Жахин, Саян Мұхамедияров, Эльмира Төлеубаева,  Сәрсенбай Хасенов есімді дарабоз жүйріктердің білері де, үйретері де жастарға көп-ақ. Осындай өнерпаздардың өнерін көпшілікке кеңінен насихаттап, сол өнерпаздар арқылы қазақтың ән өнерін асқақтату керек. Шынында да Біржандай бұлбұлы Ақандай дүлділі бар жерде Арқаның әндерін үйрететін бір мектептің өзі сұранып тұрғандай-ақ.
Халықтың әндерін әуелетіп, халық композиторларының шығармаларын
насихаттайтын осындай үлкен шараның біздің қалада өткізілгені әбден дұрыс. Бізді қуантқаны, қатысушылардың арасында кіл жүйріктермен қатар өнер көрсеткен жас өнерпаздардың дәстүрлі өнерге қызығушылықтары зор, оны үйреніп-білмекке талпыныс танытып жүргендерінің өзі ғанибет емес пе?! Осындайды көргенде,  Арқаның ән өнері шарықтап, өрістей берсе екен дейсің. Білуімізше мектептерде дәстүрлі ән сабақтары өтпейді, оны айтасыз, айтулы арнаулы білім беретін өнер ошақтарында дәстүрлі ән сабақтарына уақыт тым аз бөлінген. Тіпті, қалған сабақтардан соң кабинет таба алмай, бос бөлмелерді жағалап жүрген жастарды көргенде жүрегің ауырады. Ән өнері Арқаның маңдайына біткен сарқылмас асыл қазынасы ғой. Біз осы мұрамызды үзіп алмау үшін, дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген өнерпаздарға қолдау-көмек көрсете отырып, олардың кейінгі ұрпаққа өз білімдерін үйретуге барлық жағдай туғызуымыз керек.  Сонда ғана байқауда өнер көрсеткен жас талаптың қатары көбейе түседі және ұлттық өнеріміз кеңге қанат жаяды.    

***
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен облыстық филармонияның 70-ші өнер маусымы «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» атты өңіраралық фестивалімен ашылды.  Аталмыш өнер мерекесіне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан фестивальге қатысушыларға ықылас гүлін тарту етті.
Сәні мен салтанаты жарасқан концерт шымылдығы Түркештің «Көңіл ашар» күйімен ашылды.  Жергілікті композиторлар атап айтсақ, Кәрім Ілиясов, Иран Тасқара, Маман Ементаев, Тыныштық Шаменов, Баянғали Әлімжанов, Құрмет Сақай әндерінен попурри орындаған филармонияның жезтаңдай күміскөмей әншілері, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегерлері Мереке Бекмағамбетов пен Гүлжан Ахметовалардың өнері өнерсүйер қауымның көңілін серпілтіп тастаса, Иран салдың орындауындағы арнау  жыр да көптің көңілінен шығып, халық ықыласына бөленді.          
Өнер кешінде облыстық филармонияның Әбілсерік Қамашев бастаған Қайырбек  Кәрібаев, Саят Бабаев,  Құрмет Сейіт сияқты даулескер домбырашылардың орындау шеберліктері сүйсінтті. Қара домбыра – қазақтың жаны мен жүрегі, демі мен лебі, шаттығы мен қайғысы, мінезі мен жаратылысы емес пе. Он саусағы домбыра сағасында ойнаған күйшінің құдіреті де осыны аңғартқандай.
Аталмыш фестивальді облыстық әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Нұрболат Әлменов жүргізіп отырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш ән мерекесін өткізуге қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкер Мұрат Ыдырысовтың еңбегі айтарлықтай. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Ораз Мұратұлының халық өнерін насихаттайтын осындай дүбірлі додаға қаржылай  үлес қосуы, жомарттық танытуы ұяда көрген тәрбиесінен болар.
Сахнаға қазақтың ән өнерін аспандатып жүрген фестивальге қатысушы  халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Шығыс Қазақстан облысынан келген әнші Қайрат Қабышев  шығып көрермен алдында Біржан салдың «Сырғақты», Абайдың «Сегіз аяқ» әндерін нақышына келтіріп орындады.
Сондай-ақ, бұл кеште дәстүрлі әннің ажарын ашып, мерейін асырып жүрген қарағандылық  әнші халықаралық байқаулардың лауреаты Ержан Базарбеков  өз өнерін ортаға салып, Ақан серінің  «Алтыбасар» әні мен Үкілі Ыбырайдың «Толқын» әнін төгілтіп, жүрекке жеткізіп, құлақтың құрышын қандырды. Ақан серінің «Майда қоңыр» әні Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Саринаның орындауындағы Ақан серінің «Аужары» өте әсерлі шықты.
Салтанатты концертте Шығыс Қазақстан облысынан келген «Мәдениет саласының үздігі» Берік Омаров Біржан салдың «Бурылтай» әнін шырқаса, өңіріміздің маңдайалды әншісі Әбсалық Салық Біржан салдың «Жанбота» әнін тамылжытып, төгілтіп орындады. Республикалық байқаулардың лауреаттары Қажыбай Жахин (Көкшетау),  Ерлан Құжиманов (Астана), Төлеутай Серіков (Алматы), Оразәлі Жаңабаев (Оңтүстік Қазақстан облысы), Біржан Есжанов (Солтүстік Қазақстан облысы), Жасұлан Тәжиев (Шығыс Қазақстан облысы), Эльмира Төлеубаева (Көкшетау), Ақжол Әбдіреев, Талғат Байгереев (Шығыс Қазақстан облысы) әсем әннен шашу шашып, кеш ажарын аша түсті. Айта кету керек, қатысушылардың репертуарлары да киім-киісі, сахнада өзін-өзі ұстауы, ән орындау шеберлігі  тамсандырды. Жоғарыда біз айтып өткен дөңгелек үстел жиынында тілге тиек етілген кейбір кемшіліктер ескеріліп, бұрмаланған әндердің сөзі дұрыс айтылды. Осы концертте «Аңшының әні» Үкілі Ыбырайдың әні деп жарияланып, сахнада Сәрсенбай Хасеновтың орында-уында шырқалды. Енді алдағы уақытта да осылай болып айтылып жүрсе екен деген ой халықтың көкейінде қалды.     
Осылайша Көкшенің өнер көгінде ән қалықтап, күй күмбірлеп, шаттық шалқыды. Өнердің туын биік ұстап, өз дарын-қабілеттерін ортаға салған таланты биік хас шеберлерге  өнерсүйер қауым дән риза болысып, ақжарма тілектерін арнап, тарқасты. Фестивальге қатысушыларға ұйымдастырушылар алқасының атынан Алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді

Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Суреттерде: мерейтойлық шаралардан көріністер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар