Нан-тоқаш өнімдерінің 50 түрін шығаратын «Ақсай-нан»

кәсіпорны өндірісте осы заманғы технологияны қолдана  отырып, елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді

Алматыдағы «Ақсай» тоқаш нан комбинаты» серіктестігінің бұл филиалы Қазақстандағы нан пісіретін алдыңғы қатарлы зауыттардың бірі болып саналады. Қазір мұнда 164 адам еңбек етіп, тұтынушыларын сапалы әрі дәмді нан өнімдерімен қамтамасыз етуде. Кәсіпорын директоры Зайтхан Зиядин бізбен әңгімесінде кәсіпорын ашылған жылдары тоқсан наубайшы жұмыс істегенін, алғашында Айттың жұқа нанын пісіргендерін атап өтті. Кейін кәсіпорын қуатын арттырып, нан өнімдерінің түр-түрін шығара бастаған. Нарық жағдайындағы бәсекелестік пен өнім сапасының талабы кәсіпорынның дамуына оң ықпалын тигізуде. Осы орайда, бос жатқан өндірістік алаңдарда кондитерлік, кептірілген және тоқаш нан цехтары ашылды. Бүгінгі таңда күн сайын 7 тоннаға жуық кондитерлік, кепкен және тоқаш нан сияқты өнімдердің елуден астам түрін шығарады.
 Мамандардың жоғары біліктілігі, сапалы шикізатты қолдану, қазіргі заманғы қондырғыны, классикалық және жаңа технологияны пайдалану кәсіпорынға тұрақты сұранысқа ие сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беруде. Осының арқасында ауызбірлігі жарасқан ұжым жоғары нәтижеге қол жеткізді. Өнімге сұраныс көбейіп, сату көлемі өсті. Кәсіпорынның беделі артып, жаңа жоспарлар жүзеге асты. Сапалы әрі дәмді нан пісіретін наубайшылардың біліктілігіне қалалықтар көз жеткізді. Бүгінгі таңда өнім Көкшетау қаласы мен облыстың аудандарындағы бөлшек сауда жүйесінде сатылады. Біз кәсіпорын директорымен бірге кәсіпорынның төрт цехын аралап көрдік. Мұндағы Сандуғаш Имекенова, Жанар Сатыбаева, Баршагүл Дәрмен, Алаш Рамазанова сияқты өз ісі шеберлерінің қимылы ширақ. Тіпті, цехқа кірген адамдарға да назар аудармайды. Тоқаш пен нан пісіретін цехта бес желі мен электр пештері орнатылған. Өндіріс меңгерушісі Светлана Ланчеваның айтуынша, тәулігіне 20 тонна нан өнімдерін пісіре алатын электр пештері бүгінгі таңда толық қуатымен жұмыс істемейтін көрінеді.
 – Мұнда елуден астам нан өнімдері түнде пісіріледі. Өйткені бұл мезгілде электр қуатының тарифі төмен. Біз ұнды арнайы қондырғыда қапсыз сақтаймыз. Бұл әдіс ұнның ысырап болуына жол бермейді әрі сапасын сақтайды. Қапта тұрған ұнның сапасы төмендейді. Біздің әдіс Ақмола өңірінің кәсіпорындарында пайдаланылмайды. Қапсыз ұн сақтайтын арнайы қондырғы толық автоматтандырылған. Барлық жұмыс үдерісі компьютер жүйесімен басқарылады, – дейді өндіріс меңгерушісі бізбен әңгімесінде. Біз шикізат сақтау қоймасына да бас сұқтық. Мұндағы жұмысшылар ұнды әртүрлі сорттарға бөлуде. Қоймадағы ұнның арнайы техникамен магнит ұстағыш аспабы және елеуіш арқылы өтіп ұн сақтайтын қондырғыға түсіп жатқанын көрдік. Үлкен ыдыстағы ұнның тыныс алуына жағдай жасалған. Жылы жерде тұрған ұн бұзылмайды екен. Қажетті  шикізат компьютер арқылы басқарылып цехтарға беріліп жатты.
– Бұл жүйемен қондырғыдағы ұнның мөлшерін білуге болады. Сөйтіп, шебердің уақыты үнемделеді. Ұнның қамырлығын, ылғалдығын арнайы зертхана анықтайды. Соңғы кезде кейбір диірмендер тартатын ұнның сапасы көңіл көншітпейді. Бұл жағдайда тасымалдаушыға өз уәжімізді айтып, шикізатты өзге кәсіпорыннан алуға тырысамыз. Өйткені, нанның сапасы шикізатқа байланысты. Бұған ерекше назар аударамыз, – дейді кәсіпорын басшысы. Бұдан соң кептірілген нан цехында болып, шығарылатын өнімдердің сапасына назар аудардық. Өндіріс меңгерушісі өз сөзінде өнімге облыс орталығындағы дүкендерден сұраныс жоғары екенін айтып өтті. Батон бір тәулік тұрып, кейін арнайы технология арқылы кептіріледі екен. Ұнның берілуінен бастап, дайын өнім шыққанға дейін технологиялық үрдіс сақталатынын көрдік.
   – Ұн көп тұрмайды. Қамыр илеушілерге беріледі. Цехтағы қондырғылардың бәрі жаңа, – дейді өндіріс меңгерушісі. Торт пен пирог жасалатын кондитерлік цехта да болдық. Мұнда құмшекер, бал қосылған өнімдер жасалады. Тәулігіне 80 келі кондитерлік өнім шығарылады. Мұнда да шикізаттан бастап, дайын өнімге дейін технология үрдісі сақталған. Цех қажетті қондырғылармен жабдықталғанын, сапалы өнім шығару үшін барлық мүмкіндік жасалғанын көрдік.
– Алғашқы жылдары мұнда ұн өлшейтінбіз. Цехты жаңғырттық. Оның алаңын ұлғайту жоспарланған. Мұнда кондитер шебері Наталья Протасованың жетекшілігімен сегіз кондитер ауысымдық мезгілмен жұмыс істейді. Кондитердің біліктілігін арттыру ұдайы назарда. Алтыншы разрядты екі шебер жұмыс істеп, сапалы өнім шығаруға тырысады. Кондитерлік өнімге облыс бойынша сұраныс жоғары. Көршілес Айыртау, Уәлиханов пен Тайынша аудандары да тұтынуда. Нан өнімдері 13 бағыт бойынша Көкшетау, Атбасар, Щучинск, Макинск қалаларына және Тайынша, Кішкенекөл, Саумалкөл селоларына тасымалданады. Күніне 12 автокөлік жолға шығып, Есілбек Жүкенов, Мұрат Кәменов, Равиль Сәдуақасов сияқты өзге де жүргізушілер нан өнімдерін тұтынушыларға жеткізеді, – дейді нан зауытының басшысы. Кәсіпорын 230-ға жуық сауда кәсіпорны мен мемлекеттік мекемелермен іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Күн өткен сайын «Ақсай-нан» сауда маркасына тұтынушылардың сенімі артып, ұжым өз алдына өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа өндіріс құру тәрізді міндеттер қойды. Нан зауыты халықаралық, республикалық және облыстық конкурстарда бірнеше мәрте жүлделі орыннан көрініп,  медальдармен және дипломдармен марапатталды. Мұнда наубайшылардың еңбек етуі үшін демалыс бөлмесі, медициналық пункт, асхана мен дүкен тәрізді өзге де қажетті жағдай жасалған. Ұжымның кәсіподақ комитеті еңбек ардагерлеріне, кәсіпорын еңбеккерлеріне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары мен мектеп оқушыларына материалдық көмек көрсетеді.

Рамазан ТІЛЕУОВ.

Суреттерде: қамыр кесушілер Мақпал Жанабекова мен Айгүл Нығметова; кептірілген нан маманы Надежда Миронюк; дайын нан өнімдері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар