Қысқа ғұмырдың мәңгілігі

«Достар» мәдениет сарайында өткен «Мәншүктің жарқын бейнесі» атты еске алу кешінде мәдениет саласына елеулі еңбек сіңіріп, өзінің іскерлігі арқасында көпшіліктің жүрегінде сақталып қалған Мәншүк Сайдалинаның өмір жолы туралы сыр шертілді.

  Еңбек жолын Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық  ғылыми-әмбебап кітапханасында қатардағы кітапханашы болып бастаған Мәншүк Нөгербекқызының өмір жолын, адамгершілік қасиеттері мен жарқын бейнесін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған шараны облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов жүргізіп отырды. Кеш барысында қызметіне адал, еңбекқор Мәншүктің Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесіне енгізген жаңалықтары, басшы ретіндегі қамқорлығы мен біліктілігі  кеңінен сөз болды.
– Биыл аяулы жерлесіміздің бұл өмірден өткеніне бес жыл толып отыр. Өмірі қысқа болса да, жарқын бейнесі әрқайсымыздың жүрегімізде мәңгі сақталып қалды. Оның өмірге деген құштарлығы мен жоғары мәдениеті, еңбекқорлығы, достыққа адалдығы, алдына қойған мақсатына ұмтылуы, бәрі-бәрі көз алдымызда, – дей келе, Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Баубекқызы жастарға марқұмның өмірінен үлгі-өнеге болатын деректер келтірді. Сол сияқты, одан тәлім-тәрбие алып, кітапхана жүйесінде бірге қызметтес болған, облыстық ішкі істер департаменті музейінің меңгерушісі Амантай Ысқақова да аға әріптесі туралы жылы сөз өрбітті.  
Үнемі ізденіс үстінде жүретін білікті басшы қалалық кітапхана жүйесінің бөлімдеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, кітап қорын көбейтуге, кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін заман талабына сай жетілдіріп отыруға елеулі үлес қосып, республикалық автоматтандырылған кітапханалар жүйесі бағдарламасын енгізген. Осы салада қолға алынған жобаларды іске асыру барысында белсенділігімен көзге түскен.
Іс-шараға сондай-ақ, М.Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек қатысып, Мәншүк Нөгербекқызына арналған «Қайсар кітапханашы» кітабымен таныстырып, оның мән-маңызы, жастарға беретін тағылымы туралы баяндады. Сондай-ақ, кеште жас ақындар Мәншүк Сайдалинаға арнаған  өлең-жырларын оқыды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар