Жастар саясаты дегеніміз осы бағыттағы мақсатты жұмыс

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының өңіраралық коммуникациялар қызметінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ринат Галлямовтың мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы брифингі болып өтті.

«Жастар – келешектің негізі ретінде жеке білімділігімен, жасампаз еңбегімен,  күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін иеленуі қажет. Олар ХХІ ғасырда дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі абыройы биік мемлекет – жаңа Қазақстанның қалыптасуын белсенді түрде жалғастырушы буын болуы тиіс» деп атап көрсетілген аталған тұжырымдамада. Бәсекеге қабілетті және отансүйгіш, патриот жастарды тәрбиелеуге бағытталған  мемлекеттік саясаттың әрі қарайғы қадамдарын айқындау – басты мақсат. Тұжырымдамада жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру үшін облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма өз жұмыстарына қатысты басым бағыттарды белгілеп алған. Ондағы бірінші бағыт – жергілікті мемлекеттік және басқа ұйымдармен өзара ведомствоаралық байланысты қалыптастыру. Басқарма басшысының айтуынша, жастар саясатын жүзеге асыру бағытында жүргізілетін жұмыстарға барлық сала бойынша мүдделі органдар тиісінше тартылған. Олар – облыстық білім, денсаулық, ішкі саясат, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары, ішкі істер департаменті  және тағы да басқа ұйымдар.
Келесі басым бағыттардың бірі – облыстағы мемлекеттік жастар саясатының кадрлық әлеуетін, институционалдық құрылымын нығайту. Бүгінде облыста 162 724 жас тұрады, бұл облыс тұрғындарының 22 пайызын жастар құрап отыр деген сөз. Ел болашағы – жастардың қолында. Сондықтан, олардың әлеуетін көтеріп, оларды рухани тұрғыдан тәрбиелеу, мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуына ықпал ету барысында да бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру, оған қажетті қаржы бөлу мәселелері басқарма тарапынан оң жолға қойылған. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 130,8 миллион теңге, ал, қалалық және аудандық бюджеттерден 23,4 миллион теңге қаржы бөлінген.
Бүгінде облыста әкімдіктердің жанынан құрылған жастар ісі жөніндегі 20 кеңес жұмыс істейді, оның біреуі облыстық, қалғандары аудандар мен қалаларға қарасты кеңестер. Басқарманың бастамасымен жастар саясаты саласындағы мамандардың біліктіліктерін арттыру мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Тоқсан сайын мұнда аймақтық жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері мен директорларының қатысуымен жастарды діни экстремистік ағымдардан қорғау, «Жасыл ел» бағдарламасының жайы туралы әлеуметтік желілерде жүргізіліп жатқан ақпараттық-насихат жұмыстарының барысы туралы семинар-кеңестер ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады.
–Биыл ресурстық орталықтардың 6 директоры аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары болып тағайындалғанын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде аудандық, қалалық мәслихаттарда 15 жас депутаттық міндеттерін атқаруда. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,4 пайыз болса, биыл 5 пайызды құрап отыр. Бұл болашақта ел тізгінін қолдарына алатын жастарға деген үлкен сенім, – деп атап өтті өз сөзінде Ринат Галлямов.  
Аталмыш басқарма облыстағы үш университет пен 38 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының жастар комитеттерімен және олармен келісім-шартқа отырған жеті кәсіпорынмен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізілуде.
Жастар ұйымдарымен белсенді жұмыс жасау да басқарма алға қойған басым бағыттардың бірі. Себебі, жастардың азаматтық белсенділігі облыстағы жастар ұйымдарының даму үрдісінің басты көрсеткіші болып табылады. Бүгінгі таңда облыста жалпы саны 100 жастар ұйымы тіркелген. Оның тек қана 56-сы ғана белсенді жұмыстар жүргізуде. Қалған ұйымдардың не бітіріп жүргендігі белгісіз.
Басқарма басшысының айтуынша, жастар ұйымдарының әлеуеті белсенді түрде пайдалануда. Мәселен, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында және жастар бірлестіктерімен бірлескен жоспарларды іске асыру мақсатында 900-ге жуық іс-шара өткізілді. Басқарма тарапынан бұл жұмыстардың басын қайыруға 14 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Жастар саясаты саласындағы мемлекеттік тапсырыстар сонымен қатар Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Еңбекшілдер және Қорғалжын аудандарында да жіті қарастырылып, оларға 2 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Өңірде сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамту мәселесі де басты назарға алынып отыр. Себебі, бос уақыты көп жастар зиянды әдеттерге бой ұрып, қоғамға қайшы әрекеттер жасауға бет бұруы әбден мүмкін. Мұны алдын алу мақсатында да басқарма тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 47 жас маман жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 497 адам уақытша жұмысқа жіберіліп, 210 жас әлеуметтік жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ,  «Дипломмен – ауылға!» жобасымен елді мекендерге жұмысқа орналасқан 273 жас маманға көтерме ақы төленіп, баспана алуға несие беріліпті. Жастарды жұмыспен қамту бағытында еңбек жасақтарын одан әрі дамыту жобасы жүзеге асырылуда.
2011 жылы еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары оқу орындарында білім алып, жақсы оқып жүрген жастарға қолдау көрсету мақсатында облыс әкімінің атынан шәкіртақы тағайындалған болатын. 2015-2016 оқу жылында шәкіртақы тағайындалғандар саны 226 қыз-жігітті  құраған.
Биылғы жылы жалпыұлттық сипаттағы негізгі саяси іс-шаралардың  ең бастысы – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау болып отыр. Бұл ретте, облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен кең көлемді іс-шаралар өткізілген. Олардың ішінде «Үш би» республикалық ділмарлар турнирі, облыстық жастар форумы, асық ату чемпионатын ерекше атап өтуге тұрады.  Бұдан басқа, басқарма мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асыру барысын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында «Ақмола жастары» атты ақпараттық журнал шығарып, «ОК» онлайн-арнасын іске қосқан. Және де Twitter, Вконтакте, Мой мир, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде аккаунттары бар.  
Брифинг мемлекеттік жастар саясатына қатысты болса да, мемлекеттік тілде бірде-бір сөз айтылмағаны  қатты қынжылтты. Бұрын осындай алқа жиналыстарына, баспасөз мәслихаттарына барған кезде тым құрығанда модераторлар амандасу рәсімін мемлекеттік тілде бастап, кейін ресми тілде жиындарын жүргізе беретін. Қазір бұл үрдіс те арман болып бара ма?. «Ел ертеңі – жастардың қолында», «кемел болашақтың кепілі – жастар» деп ұрандатып жатамыз, ал сол жастар мәселелеріне тікелей қатысты басқарманың мемлекеттік тілде бір ауыз тіл қатпауынан не күтуге болады?!.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар