Деректі фильмдер түсірілгені жөн

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының пленарлық мәжілісінде Сенатор Жабал Ерғалиев Мәдениет және спорт Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атына депутаттық сауал жолдады.

– Соңғы уақытта Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы ұжымының «Ғасырлар аңсаған азаттық» «Қазақстан жолы. Тәуелсіздік хроникасы» сериясымен деректі киноленталар жасап, қазақстандықтардың назарына ұсына бастағандығы әбден құптарлық игі бір іс болғандығын айтқан ләзім. Бұл Қазақстанда кино индустриясының да бүгінгі күн талабына сай дамуға бет алғандығын айғақтайтын сыңайлы, –
деді Сенатор Жабал Ерғалиев.
Ел тәуелсіздігін алудағы және сол тәуелсіздікті орнықтырудағы, тарихтың аса қысқа мерзімінде Қазақстанды әлемнің дамыған елдерінің қатарына қоса білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі «Мемлекет басшысы» және «Елбасы» атты деректі киноленталарда жан-жақты әрі терең көрініс тауып, жұртшылықтың шынайы ілтипатына ие болды. Сонымен бірге, Шәкен Айманов, Мырзатай Жолдасбеков, Нұрлан Оразалин жайында түсірілген деректі киноленталар да біздің бүгінгі де ертеңгі де тарихымыздың беттері болып қалары анық.
– «Қазақфильмнің» кенжелеу қалып бара жатқан осы бір деректі кино түсіруді қолға алып отырғандығына ризашылығымызды білдіре отырып, 2015 жылы туғандарына 100 жыл толғалы отырған халқымыздың біртуар ұлы перзенті, даңқты панфиловшы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, әдебиет зерттеушісі, педагог, филология ғылымдарының докторы, академик, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин және кезінде ұлттық сананы оятып, қоғамда рухани қозғалыс тудырған, елеулі құбылыс деп танылған «Көшпенділер» тарихи трилогиясының авторы, қазақтың классик жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ілияс Есенберлин жайында деректі кинолар түсіріліп, жұртшылықтың назарына ұсынылуын сұраймын. Бұл осы екі кесек те дара тұлғалардың жүз жылдық мерейтойларына арналған мәнді бір шара болып табылар еді, – деді өз
сауалында Сенатор.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар