Іңкәр мен Ілияс «екі жұлдыз» жеңімпазы

«Достар» мәдениет сарайында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында және кітапханашылардың кәсіби мерекелеріне орай, Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Екі жұлдыз» шоу-бағдарламасы болып өтті.

Кітапханашылық көнеден келе жатқан мамандық. Ол алғашқы қолжазбалық кітаптармен бірге пайда болған. Кітапханалар ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы, оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беріп, ұлттық құндылықтарды оқырманға ұсынатын, рухани азықты алдарына жайып салатын кітапханашылар болмақ.
Қазіргі заманның кітапханашылары тек кітаптарды үйлестіріп, тарату, оқырманға тауып беру сияқты жұмыстармен шектелмейді, олар әртүрлі дыбыс, бейне материалдармен, әртүрлі ақпарат көздерімен, электрондық каталогтармен де жұмыс істейді. Сонымен қатар, заманауи техникалық құралдарды пайдаланып, түрлі шаралар ұйымдастырады. Міне, осындай мамандық иелері «Екі жұлдыз» шоу-бағдарламасына белсене қатысып, ән шырқап, өздерінің тағы бір қырларын ашып, сахнада бақтарын сынады.
Байқауға қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары мен танымал кәсіби әншілерден құралған тоғыз жұп қатысты. Шоу-бағдарламаны қалалық ақпараттық-кітапханалар жүйесінің библиографы Фируза Әбішева мен танымал жас әнші Қайырлы Әшім «Астана» әнімен, шағын театрландырылған қойылыммен ашып, сәтті орындап көрерменді өздеріне бірден баурап алды. Одан соң өнер көрсеткен қалалық ақпараттық-кітапханалар жүйесінің ардагер кітапханашысы Бақытжан Дусатова мен «Көкше» мәдениет үйінің әншісі Мейрамбек Мұхит «Ана» әнін орындап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сол сияқты өздерінің ерекшеліктерімен, әнді орындау шеберліктерімен, сахнадағы әртістік қабілеттерімен ерекшеленген кітапханашылар қатарында Айымай Сызкен,  Ботагөз Шаймерденова, Қорлығайын Накешова мен Іңкәр Ысқақоваларды атап өтуге болады.
Қазылар алқасының шешімімен  байқауға белсене қатысқан Фируза Әбішева мен Қайырлы Әшім «Креативті жұп» номинациясын жеңіп алды. Сондай ерекше өнер көрсеткен Айымай Сызкен мен Әділ Балтабаев «Көрермендер көзайымы» номинациясына ие болды.  Жүлделі үшінші орынды қалалық Застанционный кітапханасының меңгерушісі Қорлығайын Накешова мен Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәкен Біржанов, қалалық қазақ кітапханасының кітапханашысы Гүлнәр Баймағамбетова мен «Көкше» мәдениет үйінің әншісі Нұрболат Мырзақұл, қалалық Бірлік ықшам ауданы кітапханасының кітапханашысы Ботагөз Шаймерденова мен «Достар» мәдениет сарайының әншісі Сұлтан Балтабековтердің жұптары өзара бөлісті. Екінші орынға қалалық ақпараттық-кітапханалар жүйесінің ардагер кітапханашысы Бақытжан Дусатова мен «Көкше» мәдениет үйінің әншісі Мейрамбек Мұхит және орталық қалалық кітапханасының балалар бөлімінің кітапханашысы Айнагүл Омарова мен «Достар» мәдениет үйінің әншісі Дархан Дакупов лайық деп танылды. Бірінші орынды қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің кадрлар бөлімінің инспекторы Мәдина Жолдыбаева мен «Достар» мәдениет сарайының әншісі Нұрлан Рақымжановтардың жұбы жеңіп алды. Ал, бас жүлде  қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің әдістемелік-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Іңкәр Ысқақова мен құрылымдық ішкі істер бөлімінің қызметкері Ілияс Тасмағамбетовтің жұбына берілді.
Дегенмен, орындардың осылай бөлінгеніне көрермен қауымның көңілі онша толмаған тәрізді. Себебі, кейбір жүлделі орындар әншілер мен кітапханашылардың деңгейіне сай берілмеді. Оның бір себебі, тамыр-таныстыққа бүйрегі бұратын әділетсіздіктен бе деген ой келеді. Орындаушылық шеберліктері әншілермен деңгейлес, тіпті дауыс-тары кәсіби әншілерді басып кетіп, бұрыннан бері осы кәсіппен айналысып жүргендей әнді жоғары деңгейде орындаған кітапханашылар да болды. Бірақ, олардың кейінгі орындарға лайықты деп танылғанына жалғыз мен емес, көрермен де таң қалды. Қазылар алқасының неліктен мұндай шешім қабылдағаны  белгісіз?
Жалпы, шоу-бағдарлама жақсы ұйымдастырылған. Бірақ та, сахнадан бөлек бөлмеде әншілер мен кітапханашыларды қарсы алып, сахнада әнді орындағаннан кейінгі көңіл-күйлерін біліп, әңгімеге тартып отырған «Достар» мәдениет сарайының қызметкері өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқара алмаған сияқты. Жарты сөзін қазақша, жарты сөзін орысша айтып, екі тілді бірдей шұбарлай сөйлеген оның сөздері көпшілік көңілінен шықпады.  
Сондай-ақ, сүйемелденген би қойылымдарын орындаушылардың киімдеріне де алдағы уақытта жете көңіл бөлген жөн дер едім. Себебі, жартылай жалаңаштанып шыққан қыздарды көріп, ұялғандарынан залдан шығып кеткен ақсақалдар да болды.  Ұйымдастырушылар алдағы уақытта осы жайларды ескерсе жөн болар еді.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар